Ескі архив · 22.09.2011 15:56

Линза туралы бірер сөз

Маған көзілдіріктен гөрі линза таққан ыңғайлы. Линзамен «дос» болғаныма 6 жылдан асыпты, бастапқыда 3 айлықты алатынмын, қазір бір айлыққа ауыстырдым. Кез келген нәрсенің артықшылықтары мен кемшіліктері болатыны сияқты линзаның да өзіндік ерекшеліктері бар. Кемшіліктері: — денсаулыққа: сапасыз линза көру қабілетін нашарлатуы мүмкін, кей жағдайда аллергия туындатады, ал кейде микроб түсуінен қабынулар болуы мүмкін. — қаражатқа: яғни бір алған көзілдірікті ұқыпты кисең кемінде 1-2 жыл пайдаланасың, ал линзаны мерзіне байланысты үнемі жаңадан сатып алып отыру керек, оған қоса растворына, желді не ыстық күндерде қолданылатын растворларға тағы да ақша жұмсайсың. — уақытқа: көзілдірік кию уақытыңды алмайды әрі көзіңді тынықтырғың келсе шешіп қоя саласың, ал линзаны тағу біраз машақат тудырады. Көзге тікелей жанасатындықтан мұқият тазалықты талап ететін линза тағу процедурасы уақытыңды алады. Артықшылығы: — линза дұрыс таңдалған (ылғалдылығына зор мән беру керек) әрі тазалықпен киілген болса, оның көзіңде бар-жоғы тіпті білінбейді! — күн салқында көзілдірік буланып әбден мазаңды алады, шақырайған күн сәулесі болса көз жанарын «сорып» тастайды, ал линза тақсаң күннен қорғайтын көзілдірікті киіп ал да жүре бер! — жаңбыр жауса да, қар жауса да линзамен еш ыңғайсыздық туындамайды! — спортпен айналысқанда линза өте ыңғайлы, ал көзілдірікті шешіп қоюға тура келер еді. — ұзақ уақыт кигенде көзілдіріктің іздері бәрі-бір байқалып тұрады, ал линзада ондай жоқ) — қазіргі уақытта линзаның ұзақ уақыт тағуға болатын (ұйықтағанда шешіп қоюды қажет етпейтін) нағыз «жалқауларға» арналған түрлері де бар) — түрлі түсті линзаны тағу арқылы көз түсін де өзгерту қолыңызда! Ескерту: линзаны көз дәрігерінің тағайындауымен ғана таққан жөн және бір маркаға тәуелділік пайда болмас үшін оны алмастырып отырған дұрыс.
Авторы:
Lyaila

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту