Таңқалмаңыз...
Таңқалмаңыз деп Ченнайдың медициналық қызмет көрсетуі жайлы жазғым келіп отыр
Осында келгелі дантистке тұрақты бармасам да, бір кісідей барып тұрамын. Дантист бір досың болсын деген, досым болмаса да, жақсы консультантым бар .
Артықшылығы:
— әрқашан күлімдеп қарсы алып, күлімдеп шығарып салады;
— Сіздің ауруыңыз Сіздің ғана проблемаңыз емес, сондай-ақ, біздің де деген саясаттары;
— бағасының қолжетімділігі;
— емдеп қана қоймай, Сізге аурудың шығу салдары, оны жою жолдары жөнінде егжей-тегжейлі айтып береді;
— емдеу барысында әрбір қадамына сипаттама беріп отырады;
— озық технологиямен жабдықталған;
— жұмыстарында интернетті қолданады
Соңғы уақытта басым ауырып жүр деп жазған едім ғой, естеріңізде болар, көзіме қатысты екен Окулистке де тексерілдім, несін сұрайсыз Жүз рупиймен барлық тексеруден өтіп, консультация да алдым десем мақтап отыр демеңіз. Енді сол туралы бірер сөз.
Артықшылығы:
— әрбір кабинет соңғы технологиялармен жабдықталған;
— құрал-саймандарының түгелдігі таңқалдырды;
— персоналдың кішіпейілдігі;
— бағасының арзандығы;
— шешімді тез қабылдайды
Байқасаңыз, екі орталықтың кемшіліктерін жазбадым. Ұзақ ойлансам да есіме жеке өздеріне тән кемшілігін таппай отырғаным. Сондықтан, ортақ кемшіліктері мен артықшылықтарын бірге көрсеткенді жөн көріп отырмын
Жолға қойылған сервистерінің арқасында жүйкеңізді құртпайсыз. Кезектің соңы кім, қай дәрігерге баруым керек деп еш алаңдамай соңымнан еріңіз, болмаса күтіп отыра тұрыңыз деген персоналдың айтқанын істесеңіз болғаны. Сол күтіп отырғанда Сізге қалауыңыз бойынша кофе, шәй, су әкеліп береді, Сіз тек күте біліңіз . Бір жағынан алып қарағанда, бұл да дұрыс. Сау адам дәрігерге келмейді десек, аурудың жүйкесі тыныш болсын деген ойлары болар. Алайда, мұндай сервисті өз басым өмірге қыры жоқ кісілердің қолы деп таптым. Дайын асқа тік қасық, біреу Сіз үшін шешіп қойды, Сізден бар болғаны бас шұлғып соңынан ере беруіңіз сұралады. Өз басым әрбір қадамды біліп отырғанды қалайды екенмін. Не үшін? Неге? Қалай? деген сияқты сұрақтардың жауабы болса құба-құп . Өмірге икемсіз кісілерді жақтырмағандығымнан ғой деймін.
Сөз аяғында, еліміздегі медициналық қызмет көрсету бұл жақтан да жоғары болса өте керемет болар еді деп қорытындылағым келіп отыр жазбамды. Назарыңызға рахмет, Сізге деген құрметпен, Бальзаминка
