Бәрі де өткінші
Нан-шайына ақшаны әрең айыратындай кедейленіп те өмір сүрдік. Азын_аулақ ақшамыз болғанымен нан алу үшін талон керек болатын. Таңертең тұрған ұзын да сонар кезекте кезегіміз келіп, нан алып үйге келгенде түскі ас уақыты болып қалатын. Бүкіл ауыл тұрғындарының таңғы астары осылай өтетін. Ол уақытта өтті. Құдайға шүкір, қазір елімізде астығымыз бар, нан дайындайтын зауыттар мен кішігірім наубайханалар бар. Бұрынғыдай жаппай қысылтаяң кез жоқ.
Ақшадан қысылдық. киім, аяқкиім алатын ақша болмады. Жұмыссыздық жайлады. Әкеміздің жалақысының орнына жүздеген дана пышақ берді. Сол пышақтардың сатылғанына қарай тамақ алдық. Пышақтан басқа кәсіп ретінде түсті темір-терсек жинап, соны өткізіп ақша қылдық. Табысы бірде бар, бірде жоқ. Болса да бірнеше жүз теңгені құрайтын.
Ақша болмағандықтан үйде аяғымызға киетін, мектепке киіп баратын аяқкиімдеріміз болмады. Жыртық аяқкиімге бола мектепке бармай қалатынбыз. Бар аяқкиімді ініміз екеуіміз ауыстырып кидік. Мен таңертең, ол түсқайта мектепке баратын. Аяқкиімді мектептің артында ауыстыратынбыз.
Қыстың суық күндерінде мектепке киетін аяқкиімім болмағанда әкемнің қарындасының етігін де киген кезім болған. Ол үшін сыныптастарымнан қатты ұялатынмын. Сабақ аяқтала салысымен үйге қарай зулайтын едім. Ондай қиын кездер де өтті.
Қаладан 60-70 км қашықтықтағы бөлемнің ауылынан қымыз тасып, қаланың маңындағы ауылымызда сататынбыз. Сондағысы бірге-бір пайда болды. Қанша пайда түссе де теңгемен есептегенде мың теңгеге де жетпейтін еді. Аз да болса кіріс болсын деп таңғы алтыда оянып, қымыз құйылған месті ұстап, Рафикке (бұрынғының Газелі) мініп қалаға әкелетінбіз. Ол кез де өтті. Есейдік.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген сөз бар. Сол кездері біз тек картопты суға қайнатып, піскенде қабығын ашып, помидордан жасалған консервілермен қосып жейтінбіз.
Осынау материалдық жағынан аздап қиындық тудырған күндер біздің басымыздан өтіп кеткеніміз, қазір басқа біреулердің басында бар. Дүние кезегімен. Қиын күндерден жарқын күндерге өткенде өткен қиын күндерімізді ұмытып, айналамыздағы қиналғандарға қол ұшын созуды ұмытпайық. Өйткені бүгін болмаса ертең сіздің ұл қыздарыңыздың басында сондай қиын жағдайдың болуы мүмкін.
Қазір бай емесіпіз, бірақ, қанағатшылмыз. Қанағат — қарын тойғызады. Құдайға шүкір, қарнымыз тоқ, армандарымыздың біразы орындалды. Көппен бірге өмір сүрудеміз.
суреттің алынған жері: mojojho.blogspot.com
