Creative Commons және Мәліметтер.орг
Қазақ блогшыларының алғашқы құрылтайында Қазақстан Пираттар партиясының төрағасы Марат ағамыздың өтініші бойынша Creative Commons лицензиялары туралы және олар арқылы авторлық құқықты қорғау туралы презентация жасаған болатынмын. Ол уақытта "Ана мен бала" сайты мен "Мәліметтер.орг" сайтына қатысты авторлық құқықтың өрескел бұзылулары тіркелмеген еді. Алғашқы сайттың ашылғанына 3 апта болып еді.
Блогшыларға Creative Commons лицензиялары арқылы блогтарындағы контентті қорғаудың жолдарын түсіндірдім. Презентация жасау қиын болмады. Себебй ол тақырыпты құрылтайға дейін де қызығушылықпен талдап жүрген болатынмын. Презентация басқа да презентациялармен бір уақытта өткендіктен көп адам болмады. Егер Creative Commons лицензиялары туралы білемін десеңіз мына жерден қарай қойыңыз.
"Мәліметтер.орг" сайтындағы контентті CC BY-NC-SA лицензиясы (ақпарат көзінің көрсетілуі — коммерциялық емес мақсатта пайдалану — өңдеуге, түзетуге болады) аясында пайдалануға толыққанды құқық беретіндей етуді көздедім. Бірақ уақыт өте келе жүзеден аса мақаланың ұрланып, басқа Интернет-ресурста жарияланғанын көріп, CC BY-NC-SA лицензиясының тиімсіз екендігін түсіндім. Неге десеңіз, біреу сайт ашады да келіп біздің сайттағыы контентті толықтай көшіріп алады, ақпарат көзі ретінде біздің сайтты көрсетеді, жасап отырған әрекеттері коммерциялық мақсатта емес дейді. Нәтижесінде контентті жасаушы сайттың оқырмандары мен танымалдылығы азяды. Біздің бір жылда жеткен жетістігімізге біреулер 2-3 аптада көшіру арқылы жетеді. Әділетсіздік пе? Әділетсіздік.
Интернет-ресурстардан мақала ұрлаумен күнкөріп (нәпақасын айырып) келе жатқан ұры газеттер сіздің қойған лицензияңызға қарамайды, одан қалса, СС лицензиялары ҚР заңдарымен бекітілмеген. Сотта Газет редакциясы тарапынан СС лицензиялары бұзылды деген айып тағылмайды.
Қазақша Уикипедия үшін «Мәліметтер.орг» СС лицензиясына өту керек екен. Бұл ұстанымды жоғарыда айтып кеткен Марат ағамыз айтты. Оған салсақ, Уикипедиядан басқа энциклопедиялық сайттардың барлығы Уикипедияға жұмыс жасап, соның контентін молайту керек болады. Мынадай болмайтын әңгімені 20 маусым күні Алматыда өткен, қазақшасы шала және қазақша түк қақпайтын Қазақстан Интернет Ассоциациясы белсенділері ұйымдастырған «Интернеттегі қазақ тілін дамыту» атты тіктөртбұрыш үстелде естідім.
Қазақстанның нөмірі бірінші пиратына «Мәліметтер.орг» ешқашан Уикипедия үшін тегін контент дайындап бермейді және оның қолжаулығы болмайды. Неге біз Уикипедия үшін жұмыс жасау керекпіз? Оның өз адамдары мен қолдаушылары бар. Қазақстанда қазақша Уикипедиядан басқа, оған бәсекелес бола алатын Интернет-ресурстар болмау керек пе?" дедім. Ол «Сендер „Мәліметтер.орг“ сайтын тегін Wordpress CMS арқылы жасадыңдар, сондықтан халық та сендердің мақалаларыңды тегін пайдалану керек, қоғамдық игілікке жұмыс жасау керек» дейді. Мұндай сөзді айтатын адам алдымен қандай сайт туралы айтып жатқанын біліп алу керек еді. Ары қарай әңгіме жалғасын таппады. Себебі ортақ тіл табысу мүмкін емес еді.
