Сопылардың бәрі сотталып кетті
Кеше Алматының мамандандырылған ауданаралық сотында қазақ сопыларының жетекшілері саналған тоғыз адамға үкім шығарылды. Оларға экстремизмді, конфессияаралық алауыздықты қоздырды деген айып тағылды. Бір жылға созылған тергеу ісінен кейін жабық жағдайда өткен сотта судья Қасым Қалмағанбетов ешкімді де аямады. Адвокаттар сотталғандардың барлығының дерлік айыптары дәлелденген жоқ деп шыр-пыр етеді.
Сонымен, сопылардың мақсымы Исматулла Әблдіғаппар – 14 жылға, Саят Ибраев – 12 жылға, Ербол Исабеков – 9 жылға, Ербол Рахимбаев – 8 жылға, Думан Берікбосынов – 8 жылға, Сайпулла Моллақанағатұлы – 8 жылға, Жадыра Сүлейменова – 6 жылға, Арнұр Куникин – 5 жылға бас бостандығынан айырылып, Әлия Әшірқұлова – екі жылға шартты түрде сотталды.
14 жылға сотталған Исматулла Әбдіғаппардың жасы жетпістен асқан. Оған берілген мерзім өлім жазасымен тең деуге боалды. Әсіресе, бір баласы әлі екіге толмаған, бір баласы төрт айлық Жадыра Сүлейменоваға аяушылық танытылмауы сот ісінің тапсырыспен өткенін айғақтап тұрғандай дейді адвокаттар.
Сонымен, қоғамды елеңдетіп, айтыс-тартыстың өзегіне айналған сопылар ісіне сот үкім шығарды. Енді билік осымен тоқтап қала ма, әлде Қожа Ахмет Яссауи ілімін ұстанған сопыларды жақтап жүрген өзге де зиялыларға қатысты амалдар қолдана ма, ол жағын дөп басып айту қиын. Діни ағымның көсемдеріне аса қатал қараған билік қолдаушыларға да бей-жай қарамайтын секілді.
Қалай дегенмен де, істің артын насырға шаппасын делік. Кейбір сарапшылар «билік өзіне көр қазып жатыр, дін туралы жаңа заңды орынды-орынсыз құрал етіп діншілдерге қысым көрсету жақсы емес. Елдегі діни ахуалдың ушығып ктеуіне әу бастан сектаның бәріне елдің есігін айқара ашып тастаған биліктің өзі кінәлі боатын. Сотталушылар биліктің сол қателігінің құрбандары» деген пікірде.
http://www.masa.kz/article/view/id/2470
