Граунд-хоппинг - саяхаттың бір түрі
Биыл Қарағандыға футболға барғанымда 2 неміс жігітімен таныстық. Өздері келіп танысты. Ертеңіне Астанада кездесетін болып келістік. Граундд-хопперлер екен.
Граунд-хоппер деген кімдер?
Граунд-хоппинг (ground-hopping) — ағылшын тілінен тіке аударғанда «алаңнан алаңға секіру» деген сөз, яғни стадионнан стадионға. Бұл жігіттер әр түрлі елдерге барып, футбол қарайды. Сол елдің фанаттар мәдениетімен танысады және сол елдерді де аралар, тұрмыс-тіршіліктерімен танысады.
Мен танысқан жігіттер Арне мен Торбен — неміс жігіттері, Германияның төменгі лигаларындағы Ульм (SSV ULM) командасының ультрас құрамындағы жігіттер. Біздермен танысуларының да себебі сол еді, ультрас бағытты ұстанатындығымыз.
УЕФА-ға мүше 52 елдің 51-інде болыпты, Голландияға ғана бармаған. Ол елді жақтырмайтын болғандықтан бармаймыз дейді. Қазақстанға дейін Ресейден Тәжікстанға ұшып, сосын Өзбекстанға өтіп, сосын бізге келген. Астанадан Алматыға 1-лига матчына барып, сосын елге қайтамыз деді. Граунд-хопперлер барлық ақпаратқа ие. Қай елде қай күні матч болатынын алдын ала біліп, саяхаттарын соған қарап жоспарлайды, тіпті төменгі лигаларға шейін біледі.
Сондай-ақ арзан әуе жолы билеттерін де қадағалап жүреді. Қонақүйлердің де арзандарын таңдайды. Астанада вокзал маңынан бір номер алған екен, ұйықтап жатса бір жезөкше оятыпты, қасында клиенті бар екен. Мына бөлме менікі деп қуып шығыпты. Басқа сәл қымбаттау қонақүй таңдауға мәжбүр болдық дейді.
«Астана Вегас сияқты әдемі қала екен, көрініп тұр елдерің бай екені» дейді немістер. Қарағандының құйылмалы сырасын да мақтады, біздің сыралардан кем емес дейді. Торбен көптен темекі шекпей кеткен екен, «Германияда заң қатты, еш жерде темекі тарта алмайсың, тіпті далада да тартуға рұқсат жоқ. Тек Октоберфест кезінде технично тартуға болады» дейді мен ұсынған Кент4-ті сораптап тұрып. Ал Арне болса мәмбеттер құсап, отыра қалып аузына насыбайды лақтырды. Тәжіктерден үйрендім деп күледі.
Бір футбол барында отырып, олар бізден интервью алды, Германияда өздері шығаратын Blickfang Ultra журналы үшін. Қазақстандағы ультрас мәдениеті туралы әңгімелеп бердік.
Мен оларға өзімдегі Ресейде шығатын Ultraslife журналының бір номерін сыйладым. Сол номерде Қазақстандағы ультрас туралы мақалалар бар еді және 2008-де Ақтөбеге келген басқа бір неміс граунд-хоппер Бастианмен интервью бар еді. Дрездендік Бастианды олар сырттай таниды екен. Ол өте танымал ғой дейді. Иә, Бастиан бірнеше тіл біледі және әлемнің 70-тен астам елінде 2000-нан астам матчқа барған.
