Қисық сөздер. Екінші сөз. Ақыл махаббаты
Ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол.
Абай
И любить и быть мудрым невозможно.
Ф. Бэкон
Екінші сөзді қай арнамен жіберерімді, қалай бағыттарымды білмей біраз ойландым. Әрине, біздің ойдан елге келіп-кетер дүние шамалы.
Әуелгі жазбағым ұлт мәдениетінің кейбір аспектілеріне қатысты болған-ды, алайда ол туралы өмірден көргенім көп, түйгенім аз, оқығаным жетерлік, қорытқаным шамалы екен. Қой дедім. Кейінге қалдырдым. Одан да өзім білетін, басымды ұрған, бауырыма қысқан жағдайға қатысты тәжірибеммен бөлісейін деген шешімге келдім.
Итжеккенге айдалған, «қайран да біздің» wordpress-тағы блогымда «Айконаның сұрағына жауап» деген жазба бар еді. Сезім балансына арналған болатын. Сол материалда журналист емес, блогшы Өркен Кенжебек «Қисықтың тапқан термині» деп таңып кеткен, бірақ ешкімнің есінде қалмаған түсінік бар. Өзім оны өмірде жиі қолданамын. Ол – ақыл махаббаты.
Алып-ұшқан сезімді, алабұртқан көңілді, ағыл-тегіл көз жасын, айдан жылға, жылдан жырға ұласқан махаббатты түсінбейтін адамдардың бірімін (бір аптаға, ары кетсе бір айға созылған құмарлық саналмайды). Өз-өзімді қорғау инстинкты жақсы дамығаннан ба, әйтеуір, басымнан айрылған емеспін. Біреулер «нағыз махаббат азабын сезінбесең — бақытсызсың» деп жатады, кім біледі, бәлкім солай да шығар, бірақ маған осылай ыңғайлы. Маған керегі — ақыл махаббаты.
Себебі, жүрек — тұрақсыз, тиянақсыз дүние. Тұрлауы жоқ, сезімді ары толқытатын, бері толқытатын тынымсыз орган. Оған еркектік полигамдық факторды қоссаңыз, қай дінде болмасын қысым мен қудалауға ұшырайтын қадамдарға алып келетін қасиетті шығарып аласыз.
Қисынға салатын болсақ, «бір еркек-бір әйел» принципі — өте күшті потенциал, себебі екі уникалды тұлғаның сипаттамаларының араласуынан өте мықты одақ пайда бола алады, әрі олар өздерінің ұрпағына мықты перспектива жасай алады. Алайда, осы бір утопиялық жоспардың іске асуына сол бір құрғыр жүрек кесірін тигізеді.
Себебі, сіздің сырнай-керней тарттырып алған сүйіктіңізден бөлек өзге де қарсы жыныс иелері бар және олар белгілі бір кездері көзге тәтті, көңілге ыстық болып кетуі бек мүмкін. Саналы түрде сарапталып, сараланып қойылған қанша отбасылық жоспар аяқ асты пайда болған сезім толқынының астында қалып, қирады. Тамақтан алып, қылқындырып, буындырып, қысып бара жатқан жүректің бір сәттік ауруының өтпелі екенін түсіне тұрып, түсіне алмай үйінен безгендердің де саны біршама. Осының бәрі ақыл махаббатының жоқтығынан деп білемін.
Жеке өзіме көп септігін тигізген осы түсінік болды. Жолдасымды сүюде жүрекке емес, миға басымдық бергенім, көп қысылтаяңнан алып шықты. Ойланбай істеген қадамды ушықтырмауға жәрдем болды.
Сезім — алдамшы құбылыс. Бір күндік, я апталық сезіміңнің оянғаны ақ-адал ғашықтық пайда болды деген сөз емес. Қазақтың «Ойнас — оттан ыстық, қала берсе боқтан сасық» дейтіні осыдан.
Жүрекке әмір жүреді көп жағдайда. Қолынан келгенше бар қымбатын саған аманат етіп тапсырған адамның қадіріне жете білсең неге жүрмесін. Басқаға бағыттаған бар ықыласыңды бауырыңдағы «екі жарты, бір бүтініңе» арнасаң сол әлдеқайда берекелі, сол әлдеқайда сауапты, сол әлдеқайда болашағы бар іс бола ма деймін. Ал басыңды екеу қылған жанға қатысты жүрек махаббатын «жүктеу»/"қайта жүктеу" процесі — ол басқа жазбаның жүгі.
Түптеп келгенде, бұл менің ойым, менің тұжырымым. Әлдебір дәл сол сәтте аса аяулы, асқақ болып көрінген адамға ауырлық салмас бұрын, артты ойлап алған ең дұрыс шешім екеніне өмір көз жеткізіп отыр.
