Ескі архив · 17.11.2011 00:19

Бүгін -- Халықаралық студенттер күні

Студенттер қауымын бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Жалпы, олар жайлы көп нәрсені айтудың қажеті жоқ та шығар :) Бірақ бұл күннің аталу себебін де біле жүрсек.Дереккөздер былай дейді: Халықаралық Студенттер Күні 1946 жылы Чехияның астанасы Прага қаласында өткен 1939 жылғы 17-қарашада фашистік неміс басқыншылары атып өлтірген чех патриот студенттерін еске алуға арналған дүниежүзілік студенттер конгресінде 17-қарашаны патриот чех студенттерінің құрметіне “халықаралық студенттер күні” деп атау бекітілді. Студенттер күні алғаш рет 1941 жылы 17-қарашада Лондон қаласында өткен. Студенттер күні романтика мен жастық албырт шақпен астасып жатқанымен, атаулы күннің тарихы екінші дүниежүзілік соғыстағы (ЕДС) Чехословакия студент жастарының қасіретімен тығыз байланысты. Тарихқа көз салсақ, 1918 жылы 28-қазанда Чехословакия мемлекеті құрылған болатын. ЕДС кезінде неміс басқыншыларының қарамағына өткен елде 1939 жылы 28-қазанда Прага қаласының студенттері мен олардың оқытушылары мемлекеттерінің құрылғанына 21 жыл толуына орай демонстрацияға шықты. Алайда басқыншылар демонстранттарды тарқатып, арасынан біреуін атып өлтіреді. Өлген студенттің есімі – Ян Оплетал (Jan Opletal). Оны жерлеу рәсімі 15-қараша күні болып, артынша қарсыласушы патриот жастардың шерулері қайта басталды. Нәтижесінде оншақты жас тұтқындалады. 17-қараша күні таңертеңгісін гестапошылар (КГБ секілді арнайы полиция) мен фашистердің қарауыл отрядтары студенттер қоныстанған жатақханаларды жан-жағынан қоршап алды. Қатыгез операцияның салдарынан 1 200 адам тұтқындалып, Заксенхаузен канцлагеріне айдалды. Тоғызға тарта студентпен жастар белсенділерін соттаймай-ақ Праганың Рузине ауданында түрме қабырғасында айуандықпен өлтірді. Қарашаның он жетісінде фашистер чехиялық университеттерді жауып тастады. Студенттер күні алғаш рет 1941 жылы 17-қарашада Лондон қаласында өткен. Чех студенттер мен оқытушыларының қасіретінен кейін екі жыл өткенда Лондонда фашистерден қуғын көрген студенттер жиналып, студенттер күнін атап өткен. Міне, бүгінгі атаулы күннің астарында осындай қайғылы оқиға жатыр. Енді көңіл-күй түспесін деп, студенттердің сөздіктерін оқысақ: Студенттік өмір – соғыс пен бейбітшілік Куратор – студенттің өгей шешесі Ректор – күн құдайы Декан – жан құзыры Пар – ұзақ уақыт қаңтарылу Аудитория – ұйықтайтын орын Зачет – ұйықтамай өтілетін түн Емтиханда отырған студент – жанталаса қаруланған мемлекет Емтихан тапсыру – табада тірідей шыжғырылу Сессия – қияметтің қыл көпірі немесе қатерлі кезең Курстық жұмыс – жан беріп жан алмасу Сәлемдеме – аңқылдап жеткен ақ жарма Шпаргалка – жедел жәрдем Оқу орны – жастардың сән үйі Лекция – отты жылдар шежіресі Үзіліс – бармысың бауырым іздеудегі жан құрбым Кітапхана – білім кафесі Оқу залы – тапқаныңды кеміру Абаномент – білім бюросы, немесе ломбард. Қоңырау – сүйкімді симфония Сокурсник – Ұяластар Стипендия – аштық арашасы Диплом – тіршілік тірегі немесе өмірлік наның Осыған ұқсас бірақ көркем әдебиеттердің атауы берілгендерді де көк жәшіктен көрген едім, сондай қызықты болатын. Іздестіріп отырып, мынаны таптым: Студент «анықтамалығы» Университет – «Өмір мектебі» Декан – «Менің Әуезовім» Замдекан – «Оң қол» Ұстаз – «Ағалардың алақаны» Дәріс – «Өліара» Сабақтан қайтқанда – «Тойдан қайтқан қазақтар» Студенттік шақ – «Дүние-думан» Танысу – «Менің атым Қожа» 1-курс – «Әңгүдік» 2-курс – «Пысық болдым, мінеки» 3-курс – «Асуда» 4-курс – «Қош бол, менің ертегім» Магистрант – «Мәңгілік бала бейнесі» Аспирант – «Жоқ іздеген жігітпін» Семестр – «Біздің жақта қыс ұзақ» Староста – «Жау тылындағы бала» Емтихан – «Қан мен тер» Емтихан тапсырғанда – «Сергелдең болған серілер» Сессия соңы – «Аласапыран» Диплом жұмысы – «Соңғы парыз» Жатақхана – «Ақын. Періште. Махаббат» Бөлме – «Жетінші палата» Демалыс – «Сағыныш» Комендант – «Аспандағы әпке» Вахта – «Қорқыттың көрі» Вахтерша – «Бандыны қуған Хамит» СМС – «Жүректегі жазулар» Қалыңдық – «Ең әдемі келіншек» Үйленгеннен соң – «Ол көктем оралмайды»
Авторы:
araika

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту