Неге болса да, ие болайық
«Жәннатқа кірер тағы бір жол – екі жақпен, екі бұттың ортасындағығы ие болу»,-делінген екен хадисте. Оқып отырып, ойланып қалыппын. Бүгінгі таңда кім қай жеріне қаншалықты ие болып жүр? Сұрағым тым ерсілеу көрінгенімен, нені болсын төтесінен «топ» еткізген дұрыс сияқты. Қазір мәймөңкелеп тұратын мезгіл емес.
Сондықтан болар, өткен-кеткенді қозғап, орағытудың орнына, мәселенің мәнісіне (марқұм ұстазым Мартбек Тоқмырза айтпақшы) бірден көшкенді жөн көрдім. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші...Әсем мейрамхана. Үстел толған тәтті-дәмді, иін тірескен халық, арқа-жарқа әңгіме, ағынан жарылған ақ тілектер, аузы — аузына жұқпай сөйлеп жатқан асаба, әуен, би… кете береді. Ортада қос аққудай жұптасқан екі жас. Тербетіле билеп жүр. Жүздері бал-бұл жанып… Тек...((((
Тек… бүтін бір әулеттің босағасын оң аяғымен ол «ЕКЕУ» болып аттады...Қыз емес, болашақ ана болып. Қазір бұл жаға ұстап, талып түсерлік жайт емес ешкімге. Анасы да, әкесіне де, туған-туысына да. Еттері үйреніп кетті ме әлде кінәні заманға арта салғанды жөн көре ме...«екеуі бақытты болса болды ғой» деп отыра береді. Отыра ма, жата ма, жүре ме білмеймін, бірақ әкесінің мылтық алып, қырам-жоям дегенін, анасының бетін тырнап, шашын жұлып, қарабет болдық деп зар илеп жатқанды көрмеппін өз басым. Мүмкін болатын шығар ондай жағдай салт-дәстүрді мықты ұстаған өңірлерде.
Осындай жағдайдан шығудың жолы былай, біз өйтпеуміз керек, бүйтпеуміз керек деудің өзі артық қазір. Өйткені оны ешкім тыңдамайды, оқымайды да. «Заманның озығы бар, тозығы бар»… Азаматтық некеде тұруды да біреулер жөн десе, екіншілер еріккендердің ермегі, жауапкершіліктен қашу дейді. Қызық...қазір үйлену тойы ойыншық сияқты болып кетті ғой, ойыншық болмаса да, оның мән-маңызын жете түсініп, үлкен жауапкершілік екенін сезінбей жатып-ақ, «мама, мен үйленем», «мама, мен күйеуге шығам» деп қиғылыққа салады. Оған ата-анасы: «Ооо, баламыздың ер жеткені осы болар» деп мақтанады. Асылында, қызық үшін,… т.б. үшін екенін ұға бермейді. Енді қараңыз. Қарызданып, кредит алып, миллионды шашып той жасайды ата-ана. Көп ұзамай, кешегі «бір-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз» деген ғашықтар дәм-тұздары жараспай екі жаққа кетіп жатады. Үлкендер кредитін төлеп әлі әлек((( Баласы болса, әлдеқашан басқа қызбен "әмпей" болып жүр. Кім кінәлі???
p.s.«Пәленшенің баласы үйленіпті»,-десе "құтты болсыннан" бұрын, «залет па?» деп сұрайтын халге жеттік. Бұрын шымылдықтың ар жағында келін жалғыз тұрушы еді, қазір асаба бірден үш адамның (қыз бен жігіт, іштегі сәби) бетін ашатын болды. Оны қойшы, ертең қастарына қарадомалақтарын жетектеп, улап-шулап шымылдықтың ар жағында тұрған жас отбасыны да көретін заманға жетерміз. Түріміз жаман… Кім білсін?!
