Таныс болыңыздар: dark_nazgul
КерекИнфоның жаңа форматының ашылғанына 1 жыл толады 1 айдан кейін. Осы ай ішінде КерекИнфоның белсенді мүшелерімен жақын таныс болу мақсатында жаңа эстафета бастап отырмын. Қолданушы туралы қысқаша ақпараттан кейін стандарт сұрақтарымды қоямын. Сосын басқа қолданушылар өз сұрақтарын қоюларына болады. Сонымен алғашқы қонағымыз dark_nazgul
Қожабекова Назгүл. 1982, Алматы қаласында туған. ҚазҰУ филология факультетінің магистратурасын тәмамдаған. Қазір «Интерньюс Қазақстанда» штаттан тыс редактор болып істейді.
— КерекИнфоға қалай келдің?
— Керекинфо туралы наурыз айында, Блогқұрылтай қарсаңында білдім. Сол кезде құрылтай барысында сюжеттер сериясын әзірлеуге дайындалып, материал жинап жүргенде тіркелдім. Бастапқы кезде көп кірмейтін едім, жазба мүлде жазбайтынмын. Қазір жиі кіремін. Біраздан бері жаза бастадым. Бірақ, өзіме жеке блог ашуды қажет деп санамаймын. Жазбаларымды Керекинфода және «Матрицаның» сайтындағы блогта жариялап жүрмін.
— Күніне неше рет кіресің?
— Күніне кем дегенде екі рет.
— Қандай тақырыптардағы жазбалар ұнайды?
— Жаңалықтар, әлемдегі қызықтар, аллегорияға толы әңгімелер (өте аз), приколдар, салмақты әңгімелер.
— Кімдердің пікірлері ұнайды?
— Сатыбалдының пікірлері ұнайды. Қыңыр болса да, білімді адам екені көрініп тұр. Бальзаминканың сабырлы пікірлерін оқимын. Әйгерім өте сауатты жазады.
— Жақындарың, таныстарың оқи ма пікірлеріңді, жазбаларыңды?
— Жақындарым менің интернеттегі тірлігімді онша құптамайды. Тіпті менің блогтарымды да оқымайды. Ал таныстарымнан бір курстас жігіт оқиды. Бірақ пікірін өзіме ғана айтады.
— Егер админ болсаң сайтта қандай өзгерістер енгізер едің?
— Әзірше сайтта мен үшін бәрі ыңғайлы.
