Таныс болыңыздар: Zhan
Жансая Сыдықбай — Zhan
4 желтоқсан 1980 жылғы, ОҚО, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында туған. Қазір Астана қаласында «Сарбаз» әскери-патриоттық газетінің тілшісі.
– «КерекИнфоға» қалай келдің?
– Жалпы, «Керекинфоға» Журналистер мерекесі қарсаңында 23 маусым күні тіркеліппін. Шынымды айтсам, бұған дейін осы еркін блог жүйесін де, блог, блогшылар деген қауым барын білмеппін. Биыл наурыз айында блог ашқан соң, көп нәрсеге басқаша қарай бастадым. Ол үшін Асхат Еркімбай мен өзіңе көп алғысымды айта кетсем, артық болмас. Бірде «Жансезім» атты алғашқы блогыма Фейсбуктан сен сілтеме жасаған «Орташа есеппен қазақ журналисі» деген жазбаңды көшіріп салдым (авторын сақтап әрине :) ). Себебі, онда айтылған мәселелер өте өзекті, көптен бері менің де ойымда жүрген нәрселер болатын. Бір қызығы, соны осы «Керектен» алып тұрып, «Керекинфо» екенін аңғармаппын. Кейін 24-25 маусымда Назарбаев университетінде өткен «БАҚ-қа жаңа медиа технологияларын енгізу» атты семинардан кейін мән-жайға қаныға түстім. «Керекке» келу тарихымның қысқаша мәні осы. Сосын бір айта кетерлігі, алғашында тосырқап үйрене алмай жүрдім. Өйткені, кілең «мәдениетті» сөздер өріп жүр екен. Қазір үйреніп кеткенім соншалық, әсер етуден қалыпты :)
– Күніне неше рет кіресің?
— Аптаның бес күнінде сағат 9-дан кешкі 6-7-ге дейін отырамын. Тек сенбі, жексенбі күндері ғана кірмеймін. Егер үйде де Интернетім болса, онда күндіз-түні «Керекте» отыратын шығармын. Мен кірмей қаламын, тек редакцияның шаруаларымен бір жаққа кеткен кезде ғана.
– Қандай тақырыптардағы жазбалар ұнайды?
— Суретті репортаждар бен сауалнама ұнайды. Мәселен, супермаркет, төсектер туралы, шетелдегі әйелдер түрмесі, ыдыс-аяқтар т.б. Одан басқа, Нұрберген Мақым, Гаста, Сатыбалды, Бальзам, Әбіләкімнің жазбалары ұнайды. Ойлары неординарный, болмашы жерден қызықты тақырып таба біледі, идеялары да, сөздері де тірі. Және ең ұтымдысы эмоцияны сол күйінде еш өзгеріссіз жеткізе алатындықтарында.
– Кімдердің пікірлері ұнайды?
– Бұл көштің басында Асаубота деген мырза, Сатыбалды, Гаста, Қилызаман, Теріскей, Бальзам, АКҮ, Айжантабын т.б. деп кете береді ғой. Жалпы, ешқайсысы осал емес. Бұл менің жалпақшешейлігім емес, расында «Керектің» аудиториясында интеллектуалды жастар шоғыры жиналған. Негізі табиғатымнан тез жалыққыш адаммын. Осы уақытқа дейін қазақ тілді басылым, телеарналардан жалығып жүретінмін. Мені қазір «Керек» қана жалықтырмайды. Себебі, күн сайын өлді дегенде мен білмейтін су жаңа 2-3 ақпарат алып отырамын. Бұл бір. Екіншіден, пікірлерден де сен бір өзің емес екеніңді, жазған-сызғаныңа кері байланыстың тез болатындығы қызық. Ал газет, журналға шыққан мақалаңа, пікіріңе осындағы сияқты жауапты жылдам ала алмайсың.
— Жақындарың, таныстарың оқи ма пікірлеріңді, жазбаларыңды?
— Шынымды айтайын, әулетімде журналистика, БАҚ деген нәрсеге менен басқа ешкім қызықпайды. Демек, бәрі оқиды деп айта алмаймын, бірен-саран ғана. Құрбыларымның біразы біледі. Әсіресе Рима деген әріптесім оқиды. Ол қазір менен бұрын «Керекке» кіріп алып, жұмыстан қолым тимей жатса қызықтыратынды шығарды :)
– Егер админ болсаң сайтта қандай өзгерістер енгізер едің?
– Өзгеріс? Мм, осындай қысқа мини-сұхбат ұйымдастырып тұрсаң. «Керектегілерден» бастадың ғой, ендеше алдағы уақытта да Үкіметтің, партияның, саясатта жүрген әсіре, айқайшыл патриотшылдарды сұхбатқа тартып көру керек сияқты. Қазір Мәжіліске сайлауға талас жүріп жатыр. Осыны «Керекте» де тамырын басып көрсе болар еді. Қашанғы жастар өзімен өзі бір шетте отыра бермек. Осындай блог арқылы оларға запроспен шығу керек сияқты. Бұл енді менің ұсынысым. Қабыл аласың ба, жоқ па, ол жағы сенің еркіңде ғой.
