Таныс болыңыздар: serjan
serjan — Қасен Сержан Қасенұлы, 1982 жылы 18-маусым, ҚХР Үрімжі ауданы Еренқабырға тауының баурайындағы бір ауылда дүниеге келіпті. Мектепті сол ауылда бітіріп, Қазақстанға 2001 жылдың 15 қазанында аяқ басты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің биология факультетін бітірді. 2009 жылдың қыркүйек айынан Алматы облысы, Көксу ауданы, Қызылтоған ауылындағы мектепте мұғалім.
— КерекИнфоға қалай келдің?
— Жалпы Аршат туралы бұрыннан білетінмін оның «Өзімнің блогым» атты сайтын анда-санда қарап жүретінмін, Ал керекинфоға блогкамптың алдында давай болып тұрғанда блогкамп туралы толығырақ білу үшін күнде кіретін болдым.
— Күніне неше рет кіресің?
— Қазір интернетке отырсам бірінші почтамды ашам сосын Керекинфо.
— Қандай тақырыптардағы жазбалар ұнайды?
— Ең ұнайтын тақырыптар ІТ саласына қатысты тақырыптар, Қазақстандағы соңғы жаңалықтар, саяси тақырыптар.
— Кімдердің пікірлері ұнайды?
— Сатыбалдының пікірлері адамды шын мәніндегі шыншылдыққа тәрбиелейді екен, Гастаның пікірлерінен шешен жігіт екендігі көрініп тұр, Админның пікірлерінен биіктік пен білімділік байқалады. Қарасақалдың мен Әбілакім де өзінше ерекше, қыздардан Мадленнің пікірі бүкпесіз, таза шығатын сияқты, тағы кім қалды, жалпы керекшілерді басқалармен салыстырмас едім, керекинфоның тартымдылығы осы қолданушыларына тікелей байланысты деп ойлаймын.
— Жақындарың, таныстарың оқи ма пікірлеріңді, жазбаларыңды?
— Жақындарымнан ешкім бұл сайтқа кірмейді.
— Егер админ болсаң сайтта қандай өзгерістер енгізер едің?
— Техникалық тұрғыдан ұсыныс айтуға білім-білігім жетпес, бірақ осы сайттың баспа нұсқасы шығып жатса журнал түрінде, Қазақстандағы ең тамаша қазақша журнал болар ма еді, деп ойлаймын, күніне 10-15 мақаладан жарияланады, бір айда 400-500, осылардың ішінен 20 мақала таңдап алынса айлық журнал болар еді деген ой ғой.
