Ескі архив · 07.12.2011 12:17

ҚЫЗЫНАН ҚАЛЫҢ МАЛ ҚАДІРЛІ МЕ? (Арманжанның жазбаларынан...)

Мына жазба осындағы қолданушы барлығыңызға таныс Armanjan деген жігіттікі… Қабыл алыңыздар! Дүниеқорлық — адамды жегідей жейтін құрт тәріздес. Байлықты бақыт деп түсінетіндер өз пайдасы үшін бәрін де құрбандыққа шалып жіберуге бар. Бірде қызын ұзатқан ата-ананың қалыңмал бермедің деп, той үстінде құдаларының жағасына жармасқанын көріп, көзім тас төбеме шыққаны бар. Мектепте біраз жыл бірге оқыған танысым үйленіп, тойына көппен бірге тілек айтуға бардым. Қуаныш иелері дастарқан басына жайғасып, екі жақтың ата-аналары ортаға шақырылды. Бір таңқаларлығы, төстерін түйістіріп, мың жылдық құда болуға серт байласпаққа ниеттеніп шыққандардың арасында қыздың әке-шешесінің жүздері бір түрлі жабыраңқы екен. Бірден байқалып қалды. Әсіресе, ернін шиедей етіп бояп алған бет-жүзі домалақ апай сазарып, құдды бір тойға емес, дауға дайындалып тұрған жандай көрінді. Жігіттің әке-шешесін сөйлетіп, енді құдалар жаққа бұрылған асаба: «Құдағи-ау, секрет болмаса айтыңызшы, 18 жыл мәпелеп өсірген қызыңыздың қалыңмалына қанша алдыңыз?», деп қалжыңдамасы бар ма. Сол-ақ екен, сыздауықша сыздап тұрған құдағи осы жерде жарылды-ау… Бақсақ, күйеу жігіттің ата-анасы қалыңмал бермек түгілі, «өлі-тірі» салтын да жасамапты… Қалыңдық жақ бұл туралы басынан-ақ айтқанымен, «ескі жөн-жоралғыны қоялықшы осы, қалыңмал бермеймін» деп жігіттің әкесі шорт кескен көрінеді. Қыз да өз әке-шешесіне басу айтқан соң, олар іштерінен үнсіз қалысқан. Бұл мәселе тойға дейін жабулы күйінде қала берген екен. Енді асаба осы жараның аузын тырнағандай болды… Қызы мен күйеу баласына әлемдегі бар жақсылықты тілеп, аналық өсиетін айтып тұрған апай аяқ астынан өзгеріп, қалың мал әңгімесін қайта қоздатқанымен қоймай, құдасы мен құдағиының «адресіне» намысқа тиетін ауыр сөздерді жолдап жіберді. Мына жақта шыдай алмаған той иелері ашуға бассын. Сол-ақ екен, қыздың әкесі құдасының жағасына жармасты. Жақын дегенде жүрегімізді жұлып беретін халықпыз ғой, туысқанының көйлегі жыртылғанын көрген екі жақтың ағайындары бір-бірімен шартпа-шұрт болды да кетті. Жұдырығы жуандары ортаға шығып, еліріп тұр, әлі жетпегендері сөзбен сойылдауда. Еркектермен бірге әйелдері де төбелеске кірісіп кеткен. Қой деп араша болғандары таяқ жеп жатқандарын көріп, басқа жұрт та өз орындарынан тапжылмады… Бәрінен де масқарасы, мына сұмдықты көрген төрдегі бозарып отырған қалыңдық шыдай алмады білем, атып тұрып, жылап кетіп қалды. Оның артынан жігіт жүгірді. Асаба деген жайына қалды. Ортада ақсақалдардың араласуымен әупірімдеп жүріп біраздан соң төбелес те басылды. Көпшілік болып жұбайларды төрдегі орнына әкеп отырғыздық. Жүрек орнына түскенімен, мұндай оқыс оқиғадан соң, екі жақтың той үстіндегі көңілдері жараспай-ақ қойды. Асабаның да кінәсі бар, дегенмен, ол байғұс та екі жақты табыстырмақ ниетте тырысып бақты. «Көңіл-көңілден су ішеді» деген, көкейде жатқан реніш тойдың басынан аяғына дейін сүреңсіз болып өтуіне салдар болды. «Қалыңмал беру» – қалыңдықты сатып алу, немесе, сату деген ниеттен аулақ жатқан киелі ұғым. Осыны дұрыс ұғынбаған екі жақ та екі жастың келешек өміріне сызат түсіргендерін байқамады-ау деп ойладым, той тарқап, үйге кетіп бара жатқан жолда. Қалыңмал – бабамыз қазақтың, о бастан, әбден зерттеп, зерделеп, құдайы тәртіп, құрани қағидалармен астастыра, керек десе, құдандасқан екі әулетті ғана емес, тұтас екі елді отандастыруға қуаты жететін ұлттық бояу, ұлттық реңдегі халықтық рәсім. Демек, оның мәні мен мағынасы бір-бірін ұнатысып, бас қосысқан екі жастың ата-ана, жегжат-жұрағаттарының бір-бірімен өзара араласып жүруі үшін ғана жасалған шарадан әлде қайда жоғары жатыр. Бұл оқиғаға екі жақ та кінәлі. Бірі – қалыңмал беру дәстүрін өнегесі жоқ деп өзеуреп, ата-баба салтына тас атқысы келген жігіт ата-анасы болса, екіншісі – қызының бақытын қалың малдан түсетін дүниемен өлшеген қайын жұрт. Дегенмен, жанұя құру қызығын әлі көріп үлгермеген жастардың арасын алшақтататын ұрыс-керіс жағдайды қуаныш үстінде жасамаған жөн еді. Әңгімені кейін қозғаса да болатын. Балаларына бақыт тілеудің орнына, дүниеқоңыздыққа басқаны, қай сасқаны? Ересектеріміз осындай ұстамсыз қылық танытып, көпшілік алдында бет жыртысуы жастарға қандай үлгі-өнеге береді?
Авторы:
madlen

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту