Интернетсіз өткен бір апта
Тұп-тура он алтысы күні менің Ваймакстағы ақшам бітіп қалды. Шын мәнінде он бірінде бітуі керек еді, бірақ Диджитал ТВ өздері байқамай, маған төрт күнді тегіннен тегін сыйлай салды. өзім де, шын айтса, осыдан құтылып, басқа провайдердің боданы болуды аңсап жүргем.
Содан он жетісінде Билайнға барып сымды интернетке тапсырыс беріп қойдым да, жиырмасы қашан болар екен деп, интернетсіз тіршілікті бастап кеттім.
Ең алдымен, үйіме шырша құрдым. Кім не десе, о десін, жаңа жылды қарсы аламын. Кәдімгідей. Шырша құрып, балаларыма сыйлық алып, далаға шығып салют атып, шампан ішіп, ата анамды телефонмен құттықтап. Мен үшін бұл мейрамның ешқандай саяси да, ұлттық та астары жоқ. Қазақтыкі емес, тойламау керек, Наурызда жаңа жыл дейтіндерге жауабым: «жаңа жылды да қарсы аламын, Наурызда да көже пісіремін».
Былтыр біраз әлейім-тәлейім болып, балаларым мейрамның дәмін тата алмай қалып еді. Биыл соның есесін қайтарғым келді. Ең алдымен, қызыма әдемі көйлек алдым)))
arbuz.kz сайтынан мынандай шырша мен ойыншыққа тапсырыс беріп қойғам, соны алдырдым.
ойыншықтарын алдымен chocolife.me сайтынан елу пайыз жеңілдікпен алып қойғанмын, бәрін бірге әкеліп берді.
Сонымен, жиырмасы болды. Билайнның монтажниктері келді де, КСК дейтін бәленің тегеурініне төтеп бере алмай, түк тындырмай кетті. Ертесіне тағы келді. Сымдарын тартып, обжимать етіп, енді қосайын деп отырғанда, кенеттен, бүкіл ауданда Билайнның интернеті өшіп қалды. Соңғы кезде тапсырыс көп болып, серверлары "құлап" қалыпты. Содан, ол сервері құрғыр бүгін түстен кейін ғана орнынан тұрып, сағат алты жарымда көзім ашылып, тегін Вайфай роутерға компьютерімді қосып, қарық болып отырған түрім бар. Шынымен қарық болып отырмын, Ваймакстың тасбақаша ілбіген интернетіне шыдай алмай, жылап жібере жаздаушы едім, ал мына жарықтық ұшып тұр ғой, шіркін.
Ал оған дейін… кеше баламның мектебінде "Әліппемен қоштасу" кеші болды.
Мынадай торт жасатыпты, ата аналар комитетіндегілер. Ұнамады. Әліппені тілгілеп, жеп қойғанын балалар ұқпай қалған шығар)))
Сахнада жұрттың баласы тақпақ айтып, ән салып жатса, менің балам қолын қалтасына салып алып, концерт қарап тұр.
Соңында балалар қазір мода болған "Қара жорғаны" биледі.
Видеоны монтаждауға мүмкіндігім болмай отыр. Флип камераның бағдарламасы қуып кетті. Не ашылмайды, не өшірілмейді, қайтадан орнатайын десем. жалпы, компьютердің операционкасын қайта орнату керек болып жүр.
Мектепке барғалы алған алғашқы марапат қағазымыз. Жай формальность, өйткені барлық балаға берді, бірақ ұлымның үйдегі мәртебесі көтеріліп қалды.
Сөйтіп, интернетсіз де өмір сүруге болады екен. Тіпті өмір қызықтырақ па деп қалдым. Кішкентайым «Бір баланың» әуенін айнытпай келтіретін жағдайға жетті. Ал кеше бір көрші келіншек: «Сіздің үйден ән естіліп тұрады, әдемі айтады екенсіз» дейді)) Кішкентай екеуміз қосылып айтқан «Бір бала» ұнап қалған ау, сірә)))
Бірақ, жұмыс тұрып қалды, әттең… Керектегі бәйгеге де көңіл бөле алмай қалдым. Енді бәрін жылдамдатып бітіру керек))))
