Ескі архив · 26.12.2011 02:15

+1, періштелермен жұмыс істеушілер немесе қызымның атын кім қойдым?

Айы-күні жетіп, толғағы піскен ару ананың аманшылықпен жеңілденуін тектен-тек тілемейді екен ғой. Адамнан адамның шығуы физиологиялық тұрғыда қаншалықты қиын құбылыс болса, соншалықты жеңіл, үлпілдек дүние сияқты. Елордадағы «Ұлттық ана мен бала орталығы» қызымыздың туылған құтты ордасы болды. Үш триместрдегі қарап-бақылау да, нәрестенің дүниеге келуі де, бір сөзбен – тұтас цикл осы орталықта өрбіді. Тәубә, бәрі ойдағыдай өтті. Күтімі де, мейірімі де тәнті етті акушер-гинекологтардың. Келіншегіме психологиялық түрде демеу, медеу болайын деп басы-қасында болдым. Әкенің шақалақтың туылу процесіне араласпауы туралы қанша айтылса да, екеуіміз үшеу болғалы тұрғанда шет қалғым келмеді. Оның үстіне, бізге бекітілген күтім жасаушы апайлар да қолқа салды. Әлбетте, әрбір кірерде аяққа бахилл киіледі, қолды стерилизациялайсың… Сол жердің заңына мойынсұнасың, ойда-қырда. Қазіргі заман медицинасының бір жақсы жері – халықаралық контекстте тәжірибе алмасу ісі дұрыс жолға қойылып келе жатыр ма деймін. Барыс-келіс көп, семинар-еминары тағы бар. Босандырып алушылар бізге жақсы ақыл-кеңестерін айтып отырды. Көмектесуден әсте аянбады. Жан қиналғанда кәсіби маманның біліктілігіне зәрусің ғой, айт-айтпа. Бұл ретте міндетсініп алмай, регламент бойынша, кодекс куманикус бойынша қалай болуы керек – солай жасады. Кондоминимумнан асып түсті дер едім. Бұның бәрін егжей-тегжейіне дейін айтып отыруымның себебі сол, алдымен Алла, сосын сол кісілердің арқасында үшеу болдық. Іргеміз бүтінделді. Төбедегі келді. Қызым туылғандағы ең алғашқы «іңгәсін» естігенде тұла бойды әдемі сезімдер билей жөнелді. Қуаныш кернеді. Келіншегім батыр екен, бастан-аяқ өзін жақсы ұстады. Қазір бала туылғасын шешесінің жанынан оқшауламайды екен. Біраз уақыт жатады да, уызын ішкізеді. Туған ана да сол бір сәттерде ерекше жібіп-жіпсіп, оған дейінгі бар қиналғаны естен шығып кетеді ме деп қалдым. Ондай әдемілікті көру керек… Балажанмын. Үйдің кенжесі болғасын ағамның, қос әпкемнің кішкентайларына көп қарадым. Ағамда үшеу, әпкелерімде төртеуден. Қазірше бақандай он бірдің көкесімін. Ол да жауапкершілік. Ұрыспаймын, бетінен қақпаймын. Бірақ қорқа ма, сондай бір нәрсе. Ренжіткісі келмейтін болар. Бәлкім сыйлайтын шығар. Әйтеуір, бала бағудың машақаты көп дегенге сене бермеймін. «Жаман бала болмайды, тек баланың жүрегіне жол таба білу керек» деуші ме еді педагогтар. Сол сарын ғой. Бізді перзентханадан шығарып жатқан сәтте ризашылығымызды білдірдік. Біздің «кіндік шешеміз» Жұлдыз «әр босанған анамен бірге толғатамыз, сәби дүниеге келгенде ата-анасынан кем қуанбаймыз» деп ағынан жарылды. Жасанды емес, әділ айтылды. «Біз періштелермен жұмыс істейміз ғой» деді сосын. Сол сөзі жүрекке жылы тиді. Қызымның аты Қызымның атын өзім қойдым. Туылуы туралы куәлігін алмаққа ХҚКО-ға барып едім, белгіленген тәртіптегі бланк берілді. Әділет ведомствосы бұдан былайғыда фамилияға «ова», «еваларды» жалғатпайды екен. Басылымдардан оқығанымда бұл кеңес қана деп ұққандай едім. ХҚКО клеркі «овалатсам» бланкінің кері қайтарылатынын білдірді. Сөйтіп, Нұрғисаның қызының фамилиясы Асылбек болды. Бұған дейін аты туралы бірнеше мәрте сұралғанын көрдім. Қызық көрушілерге атының кім қойылғанын өздері тауып алуын ұсынамын. Қарапайым ғана басқатырғыштың жай-жапсары келесідей: omarbirat құрдастың бір таңдаулы тақырыбы бар. Сол тақырып авторының профайлында ол азамат тіркелген блогтардың тізімін байқайсыз. Сол тізімдегі 43-ші әріп сәбиіме тиесілі есімнің төртінші қарпін түзеді. «Керекинфоны» қолдаушылар тобы бар. Сол парақшаны табасыз. Ол бетте «Керекинфо» сайтының хостингіне және техникалық қосымшаларына қолдау көрсетуге бей-жай қарамағандардың тізімі берілген. Сол тізімдегі никнеймдерді тауып алыңыз. Реттік саны бойынша 140-шы қаріп – қыздың атының екінші әрпі. dark_nazgul желтоқсанның бірінде бір пост жариялап еді. Сол посттың 51 әрпі қызымның азан шақырып қойылған есімінің алғашқы әрпі. «ТОП» тақырыптардың ішінен «соңғы уақыттағысын» іріктеп аламыз. Соның ішінде топ боп тұрған, 94 мәрте лайықталған, лайыкталған тақырыпта сағат 15:10-да жазылған бір пікір бар. Сол пікірдің алғаш қарпі қызымның есіміндегі жетпей тұрған қаріп. Жаратқан Ием бәрімізге ұл-қызына өнеге берер ата-ана болуға жазсын деп тілеймін. Лайым, жақсылықтарымыз көп болғай, нигі жақсы ағайын.
Авторы:
Nurgisa

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту