"Керекинфо" сорпасы. Арнайы бойдақтарға және уақытша әйелсіздерге.
Ең тез және оңай жасалатын тамақтар сериясынан «Керекинфо» деп аталатын сорпа. Бұл аз бюджетті тағам бойдақтар немесе уақытша әйелсіз қалған еркектерге арналады.
Қолданылып қоқысқа тасталатын нәрселер:
1 Maggi дайын сорпасы, 2-3 картоп, 1 помидор, 1 жұмыртқа.
Дайындалуы:
Алдымен бір литрден көптеу суды қайнатып аламыз. Сосын Магги пакетін соның ішіне босатып, асықпай араластырамыз. Аршылған картопты ұсақ кубик қылып турап, сорпаның ішіне салып жібереміз. Помидордың суын қысып, ауызбен сорып аламыз да етін турап, сорпаға салып жібереміз. Қақпағын жауып, отын орташа қылып қойып қоямыз. Уақыт жоғалтпай жұмыртқаны бір ыдысқа салып, асықпай араластырамыз. Босқа ыдыс құртпас үшін тамақ ішетін тарелкаңызға сала салыңыз да қасықпен араластыра беріңіз, кейін жуылатын ыдыс санын көбейтпей. Картобы пісті ау деген кезде жұмыртқаны сорпаға қосып, араластырып жібереміз. Шамалы уақыт араласып, пісуін күтеміз. Болды, тамақ дайын.
Жуа (пияз), сарымсақ қосып жеген дұрыс. Шәй қоюға ерінсеңіз сокпен итеріп жіберуге әбден болады.
Енді неге «Керекинфо» деп аталатынына келейік. Бұл тамақ та біздің сайт сияқты. Мысалы ана Маггиді суға қайнатып іше салуға болады. Бірақ, Керекинфодағыдай жәй ғана бір ақпаратты әдемілеп жеткізгендей тамақты да солай әдемілеп жасауға болады. Мына тамақты біздің посттарға ұқсаттым. Аздап пафос, аздап қарапайымдылық, аздап цинизм, аздап эстетика. Қосымша фишкалар арқылы қарапайым постты қалай шедевр жасауға болса, тамақты да солай жасауға болады. Тойымды болады.
Посттарыңыз дәмді болсын керекшілер!
