Эмоциялық тәуелділік жайлы ойлар
… бір адамның екінші адамға эмоциялық тәуелділігі туралы жазуыңызды сұраймын. Мен үшін маңызды тақырып.
©Gulzhanat
Эмоциялық тәуелділік кесірінен жастар әлімсақтан суицид жайлы жиі жазады. Соған қарағанда байланып қалу мәселесі бір мәңгі мәселе боп тұр.
Жауап іздеп, архивті ақтаруға мәжбүр болдым, себебі бұл мәселеге көзқарасым осыдан 4-5 жыл бұрын бекіген еді.
Содан бері ойым қатты өзгере қоймады.
Ондай ойымның түзілуіне әлдебір дарвинист психологтардың эксперименттері және өзімнің жеке тәжірибем, бірталай таныстарымның баяндаған хикаялары, интернеттегі жылап-сықтаған мойындаулар негіз болды.
Эмоционалды тәуелділік — міндетті түрде махаббат емес, және басты ерекшелігі, ол бір адамның басқа адамның қасында болуынсыз, қолдауынсыз екінші адамның бұрыңғыдай бейқам өмір сүруге, қуануға, бақытты сезінуге қабілетсіздігінде.
Ғашықтық жағдайында, мысалы, жастарда көбіне сюжет төмендегідей өрбиді:
… сен кісіге оның жанында отырып ғашық болмайсың. Ол адам кеткесін, алдымен егер жақсы әсер қалдырса, соны есіңе алып отырасың, сосын ойыңда сол адамның образын елестетіп, бір жақсы қасиетін бүкіл адманың бойына жайып, ол сондай, ол ондай, деп жалған қаситеттер таға бастайсың, сонан соң оның атын бір жерге жазып отырғаныңды байқайсың, немесе ішіңнен міңгірлеп бір-екі рет қайталайсың. Ал тіпті жын соқса, онда оның атын айқайлап айтқың келеді.
Бір жерде жүрсең қайта қайта сол адам есіңе түсіп кете-береді.
Ойламайын деген сайын, ойлай бересің.
Көрші үйден шыққан ән, телевизордағы кино, барлыы саған соны есіңе түсіргісі келгендей, сенің қазіргі көңіл күйіңді қолдап тұрғандай болады.
Сөйтіп сен, шыдамай бір СМС-ті жігітке жібересің, мысалы — Темірлан, қалайсың?
Енді жаныңды шүберекке түйіп, жауабын күтесің… Жауабы жылы болса, қызарып жымиясың, жүрегіңнің дүрсілі үдей түседі. Сөйтіп кездесуге бел байлайсыңдар. Содан кездесуге дейін, сен оған ұнамай қалмаймын ба? Не кисем екен? Не туралы әңгіме айтамыз? Ол мені қайда апармақшы деп ойлайсың.
Осы ойларыңның бәріне біраз уақыт керек. Бір күннен бір аптаға дейін, сонда ол жігітті мүлде көрмейсің. Бірақ өз басыңды өзің айналдырып, ғашық боласың да қаласың.
Сонда, саған ешкім ештеңе жасамайды. Өзіңе өзің жасаған ісің бұл. Сатып алған ауруың.
Бұл процесс, сенің «сүйіктіңнің» тікелей қатысынсыз жүзеге асады. /2008 жыл- massagan.com/
Шарттары
Неғұрлым көп және қарқынды эмоция тудыра алатын адамның (көбіне позитив эмоциялар, бірақ онымен шектелмейді) басқа адамдарда қысқа уақыт ішінде қатты эмоционалдық тәуелдік тудыруына мүмкіндігі мол. Әрине басқа да тереңде жатқан әсер етуші механизмдер бар.
Мәселен, сіздің эмоциялық маятнигіңізді неғұрлым қатты шайқалуы да сіздің сенгіштігіңізге, тап сол мезеттегі көңіл күйіңіз бен естелік-тәжірибе, құндылықтарыңызға субьектінің әрекеті, сөздері мен келбеті дөп тиюіне байланысты.
Микробтар тек өзіне жайлы ортада ғана көбееді. Эмоционалды тәуелділікке сіздің санаңыз барынша дайын болса ғана ұшырайсыз.
Ертегіге сенгісі кеп, ханзада іздеп жүрген қыздар ондай жігітті дереу таба алмаса, өз қиялындағыны біреуге таңып ала салуға бейім болады. Арманындағы қасиеттерді әлгі символикалық субьектіге көшіреді, соған байланып қалады. Онсыз өмір дәмсіз, сұр көрінеді.
Оның берген эмоциясын үдетіп, ойша еселеп қабылдайды. Сонда сыртта, яғни объективті әлемде болып жатқан құбылыс бөлек, ал "іште" мүлде басқа шындық қалыптасады.
Бұдан басқа тәуелділік түрлері кейде бірге ұзақ тұрған жұптарда кездеседі, баласы мен анасының, әкесі мен баласының араларында, және ағайындылардың (әсіресе егіз-сыңарларда мықты білінеді). Емі міндетті түрде «экстрим» болуы шарт емес. Бірақ дерт асқынып кеткенде субьектіден айырылу әрі қарай өмір сүруге кедергі болса, бөтен біреуді қасыңа алып, шетел аралап, түрлі қызық оқиғаларға түсіп, басқа эмоцияларға «аңшылық» жариялауға болады.
Жалпы ғаламторда бұл тақырыптан көп қозғалған тақырып жоқ.Әсіресе әңгіме жынысаралық қатынасқа келгенде беті қайтқанның бәрі келіп, интернетке оракулдың алдына келген бейбақ секілді көзі мөлдіреп, "Өлгім келед", «махаббат», «сүйгенімді қалай қайтарам», «осымен бітті ма не?» деген жолдарды теріп отырады.
Болмысы қарапайымдау көпшілік, әсіресе, "ішкі дүнием сұмдық бай" синдромына аса шалдықпаған жас өкілдер "өлгеннің соңынан өлмек жоқ" екенін жақсы түсінеді және «эмоциялық тәуелдік», қарым-қатынас үйлесімділігі" деген қыртым-сыртым ұғымдармен басын қатырып, аса қатты қайғырмастан, рухани тепетеңдікті реттеудің басқа амалдарын қарастырады.
Бұған "*ігіскім келеді", «арзан жәлеп», секс, «жыныстық қатынас», «порно» деген сөздердің гугл-іздеуінің топ ондығынан түспей жүргені дәлел.
