Ескі архив · 12.01.2012 12:20

Блиц-сұхбат: qisyq

1. Сынды қалай қабылдайсың? Қанша түсіністікпен қабылдадым дегеннің өзінде, іштей «Лібәд, жеген екенсің» дегендей қарсы ойлар мазаламай ма? Сынды әртүрлі қабылдаймын. Баж-баж етіп, түкірігі шашырап, қалшылдап-селкілдеп айтылған негізсіз сынды сабырлы кейіппен, түсіністік көзқарасымен тыңдаған күннің өзінде, іштей сол «Лібәд, жеген екенсіңнің» маңында жүретінім бар. Эгоистігім мен нарцистігім асқынған кезде, тіпті де қыстыра алмаймын. Алайда, күнәһар жанымды жұбататын жалғыз дүние — конструктивті сынды толықтай қабылдай алатыным. Кемшілігімді шұқыған адамнан оны (кемшілік мәселесін) шешу жолдарын да мүмкіндігінше көрсетіп кеткенін өтінер едім. Әйтпеген жағдайда, құр қыршып алған адамды а) әшейін бақастық мақсатында тістеп қалғысы келген жанмен, ә) "Ұлт/тіл/дін/дәстүр құрып барады! Өлдік! Қырды! Жойды!" деп байбаламдаған, алайда «Ал, енді осыдан шығар жолды көрсетіп жіберіңіз» десең, булығып, қызарып, «Опасыз, сатқын, kein Patriot, Hündchen!!!» деп шыға келетін псевдоұлтшылмен салыстыруға болады. Жалпы алғанда, орнымен айтылған сынды жеңіл қабылдаймын (мля, әншілердің сұхбатынан алғандай болдым-ау, ә, соңғы сөйлемді). 2. Полицейлерді кім деп есептейсің: Адамның малға айналған түрі ма, әлде малдың адамның деңгейіне жете алмай, дамымай қалып қойған түрі ма? Неліктен? Хмм… Шынымды айтайын, бұл сұраққа жауап бере алмаймын, себебі құқыққорғау органдары өкілдерімен өмірімде сирек ұшырасыппын, тіпті, кезікккен күннің өзінде тікелей емес, жанама сипатта (мысалы, үйімнің жанында Жетісу аудандық ІІБ орналасқан). Сондықтан, олардың қандай екеніне объективті баға бере алмаймын. 3. Болашаққа жоспар құрасың ба, әлде өмірдің ағымымен «Болуы тиіс нәрсе өздігінен болады» деген ұстаныммен жүресің ба? Көп қазақ секілді мен де бұл тұрғыда парадоксалды өмір кешудемін: жоспар құрамын, бірақ, «Адамның айтқаны болмайды, Алланың айтқаны болады» принципін ұстанамын. Жоспар құрайын десем, талай рет ойластырып қойған ісім іс болмай ісіп-кеуіп өлгені бар, құрмайын десем, құр қиялдың соңында ауыздың бір бұрышынан сілекей ағызып еріп те жүре беруге болмайды. Мүмкіндігінше, жағдайға қарап бейімделуге тырысамын. 4. Киностанның алдағы 5 жылдық ішіндегі болашағын қалай елестетесің? Ал, бірге елестетейік. Жүз шаршы метрды құрайтын офис. Бөлменің төбе шамдары өшіп тұр, тек сырылдаған проектордың қабырғаға түсірген сәулесі ғана жарық береді. Экранда прокатқа шығып үлгермеген отандық фильм жүріп жатыр. Фильмнің түсіру тобының өкілдері бізге, то бишь Киностанның редакциясына жалтақ-жалтақ қарайды (оң баға күтіп отыр ғой, алда, айналайындар-ай, қайтсін енді). Офистың бір керегесінде «Kinostan-100» тізіміне кіретін фильмдер бар сөрелер, ал екінші керегесінде ресурстың алған дипломдары, бәйгелері, сертификаттары… М-м-м-махм-муахм, өзім қызығып кеттім ғой… Күлмеңдер, осыған жете, я өте дамитын сайт боламыз. 5. Сүйіп тыңдайтын ән-клиптеріңнің бірімен бөліс. Көп қой олар, қайсібірін айтайын… Жарайды, мынау бір Yanni тобының концертінен үзінді көре кетіңдер, менің сүйсініп тыңдайтын композицияларымның бірі.
Авторы:
patick

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту