"Блогқұрылтай – 2011" ұйымдастырылу схемасы
ЕСКЕРТУ: Төмендегі жазбаны толық оқу үшін шамамен 5-10 минут уақытыңыз кетуі мүмкін.
Алдағы богшылар құрылтайының жақсы өтуіне үлес қосқысы келетіндер баршылық. Бұны блогқұрылтайға қатысты жазбаларға қалдырылған пікірлерден байқап отырмын. Осы орайда «Блогқұрылтай – 2011» шарасы қалай ұйымдастырылғаны туралы кейбір ойларыммен бөліскім келіп отыр. Жазба сонымен қатар осы тектес жобаларды жүзеге асырғысы келетіндер үшін де пайдалы болады деп ойлаймын.
Мақсатты айқындау
Кез келген көпшілік жиналған жерден түйінді бір нәтиже шығуы үшін мақсат ортақ болуы тиіс. Мақсат ортақ болуы үшін қатысушылардың барлығында «Мен мында не үшін келдім?» деген сұраққа айқын жауабы болып, өзгелердің жауаптарымен үндескені жөн. Алматыдағы алғашқы құрылтайда алдымызға төмендегідей мақсаттарды қойдық:
• интернеттегі белсенді блогшылардың басын қосып, ынтымақтастығын арттыру;
• интернет арқылы қазақ қоғамындағы мәселелердің шешуіне үлес қосу;
• наурызды жаңаша тойлау, әрі шетелдегі қазақ жастарымен байланыс орнату;
Өтетін орын
Мақсат айқындалып, ниеттес жандардың легі көрінген соң, өтетін орынды қарастыру керек. Өтетін орынды төмендегідей параметрлер бойынша іздедік:
1. Өтетін орынды ұсынушылар біздің негізгі мақсатымызға кедергі келтірмеуі керек.
2. Тегін болуы керек
3. Интернеті болуы керек
4. Шамамен 200-ге жуық адамның басын қосатын залы, проектор мен компьютерлері болуы керек
KIMEP-тің мұндай шаралар өткізуде тәжірибесі болғандықтан батыстық үлгідегі оқу орнына Блогқұрылтайдың не екенін бірден түсінді. Бірақ рұқсат алудың ресми бөлігі біраз жүйкені жұқартты. Сабыр сақтаса бәрі де (әрбір залға қанша орындық, қанша микрофон, разетка, удлинитель, охрана, техничка, WiFi қосу т.с.с) өз ретімен шешіледі екен.
Негізгі үйлестірушілер
Ең қиыны — адамдардың басын қосып, ортақ іске жұмылдыру. Үйлестірушілер өзара бір-біріне сенім білдіріп, әрі бір сөзге тоқтаса жақсы. Алматыдағы блогшылардың дені бірін-бірі өте жақсы түсінетіндіктен (себебі блогқұрылтай алдында миниқұрылтайлар көп өткізілді. Бұл бір-бірімізді блогосферадан бөлек кәсіби қырларымызды тануға жақсы көмектесті) арамызда аса бір қатты түсінбестіктер болған жоқ. Тортпен шай ішіп, аптасын бір рет кездесіп тұрдық. Әрбір кездесуде негізгі мақсатымыз пысықталып отырды. Барлық жұмысты үйлестіру үшін жоспар құрастырып, әрбірімен және оның еріктілер тобымен жеке-жеке кездесу ұйымдастырдық.
Осы жазбаны оқып отырған, былтырғы үйлестірушілер «Блогқұрылтайды ұйымдастыру барысындағы есте қалған 10 жағдай» деп қиындығы мен қызықтарын қатар сипаттаса жақсы болар еді.
Негізгі үйлестірушелірдің жауапкершіліктері былай жүктелді:
Негізгі үйлестіруші. Барлығының жұмысын қадағалап, көмектесіп отырады. Орын табу, демеуші табу, негізгі бағыттан ауытқымау, жаңа бір идеялар ұсынылса, соны жүзеге асыру жолдарын қарастыру, жобаның күллі рисктерін алдын ала бағдарлау, алдын алу.
Еріктілер:
a) іс шараны ұйымдастыратындар (таймкипер, кофебрейк, регистрация, журналистермен, кешкі іс шаралар)
б) Блогқұрылтай сайтына жауаптылар (сайтқа ақпарат салу, жаңартып отыру, интернетте блогқұрылтай туралы жалған ақпараттарға назар аудару, адамдардың пікірлеріне реакция т.с.с.)
в) координаторлар (қатысушыларды вокзал, әуежайдан күтіп алу, жататын орын іздеу, олармен байланыста болу, шетел қазақтарына виза жасау, әр өңірден бір координатор табу т.с.с.)
Негізгі үйлестіруші әрбір қатысушыға жауапкершілікті бөліп бергені жөн. Сосын бұның бәрі тегін істелетін жұмыс болғандықтан өз ісін тиянақты атқара алатынан сенімді адамды тура табу керек немесе үнемі көмектесіп отыру керек. Бір адамның мүлт кетуі күллі мақсаттың ойдағыдай орындалмауына әсер етеді. Ойламаған жерден өзгерістер болып қалатынын естен шығармай оларға да бейімделудің жолын қарастыру керек.
Программа
Негізі программаның қаралай нұсқасы мақсат айқындалған кезде жасалғаны жөн. Сосын барып ресми нұсқасы жазылады. Себебі ресми нұсқа жобаны реттестіруге, әрі демеушілермен сөйлескенге керек. Өзге қатысушылардың барлығына түсіндіруде көмектеседі. Программаны үш күнге, сағат бойынша (минут бойынша болса, тіпті жақсы) жазып қойған кезде, әрбір волонтердің не істейтіні, қай сағатта қай минутта қай жерде болуы керектігі, қанша машина, литр бензин керек, қанша зат сатып алу керек, қай кафеде жиналамыз, оның менюіндегі бағасы т.с.с жайшылықта көрінбей қалатын жайттарды анықтауға көмектеседі. Нәтижесінде жобаны атқаруға кететін шығынның сомасын жобалауға болады.
Демеушілер
Судың да сұрауы бар. Әлдебір ұйымның берген ақшасының артындау сұрауы болатыны аян. Сондықтан демеушіні іздегенде өз мақсатыңнан ауытқымайтыныңа сенімді болып, олардың да коммерциялық мүдделеріне қайшы келмейтініне нық сенімді болу керек. Өйтпеген жағдайда, демеушілер алға қойып отырған мақсатыңа түбегейлі өзгерістер енгізіп, күллі жобаны өзгертеді. Біз хабарласқан демеушілермен бұған дейін жақсы қарым-қатынаста болғандықтан олар жобамызға шүбә келтірмеді. Тек арада олармен коммерциялық келісім-шарт жасасу керек болды. Бұл орайда заңгердің және бухгалтердің де кеңесіне жүгінген артықтық етпейді. Себебі әрбір жұмсалған тиын үшін кейін есеп беру керек (Құжаттардың барлығының көшірмесін сақтағанның айыбы жоқ). Демеушілер өз компаниясының өркендеуіне мүдделі. Сондықтан біздің алға қойып отырған мақсатымыз бен олардың мақсаттарының арасынан ұқсастық табылса, демеушіні көндіруге болады. Ол үшін мақсатың, жолдап отырған жобаң түсінікті, әрі сенімді болуы шарт. Бізге көмектескен GSM/Kazakhstan, "Қазақтелеком", HP, Nokia тәрізді коммерциялық ұйымдар және жекелеген адамдар болды. Әрі компаниялар жекелеген тұлғалармен емес, ұйымдармен келісім-шарт жасайтын болғандықтан «Мінбер», «Медианет» тәрізді өздерімізбен байланысы бар үкіметтік емес ұйымдардың реквизиттерін, беделдерін пайдаландық.
Ешқайсымыз да Блогқұрылтайда ұйымдастырғанда айлық алған жоқпыз. Бұл да маңызды. Себебі әлдекім бұл жұмыс үшін ақша алатын болса, онда волонтерлік болмай қалады. Әрі ақша жүрген жерден даудың туындауы оп-оңай. Біз бар болғаны бір-бірімізбен сөйлесу үшін негізгі волонтерларға телефонға еденица алдық. Соның өзі үлкен көмек болды. Себебі әрбір еріктілермен күн сайын бірнеше реттен хабарласып отыру керек. Жеке өз басыма кейін демеушілерге қаржылық есепті өткізу қиын болды. Себебі демеуші есебінен құрылтайға келгендердің құжаттарын жинау, чектерді түгендеу т.с.с. жұмыстардың маңызын қатысушылар жете түсінбеген соң, кешіктіргендер көп болды. Бұл алдағы уақытта демеушілермен арадағы қарым-қатынасқа да өз салқынын тигізуі мүмкін екенін ескерсек деймін.
Қатысушылар
Бірден айтайын, Блогқұрылтайды ұйымдастырғанда арандатушылар да, қорқытып-үркітушілер де, демеу білдіргендер де кездесті. Бұл әсіресе, бастапқы кезде блогқұрылтай өтеді деген ақпарат естіліп, ол туралы нақтылы бір ресми сайт немесе ұйым мәлімдемесе, гу-гу ақпарат желдей есіп кетеді. Бұл PR-ға жақсы болғанымен, ұйымдастырушылар үшін үлкен соққы. Демеушілер, орын ұсынушылар келісімдерінен бас тартуы мүмкін. Ондай жағдайлар кез келген жоба барысында бастан өтеді деп ойлаймын. Сондықтан қатысушылардың барлығы Блогқұрылтай мақсатын түсініп отырса, оған үлес қосуға дайын болып тұрса, қауіптенудің қажеті жоқ. Тек қатысушыларға өздеріне қажеттісін алуға жәрдемдесу керек. Бірақ жалпы мақсаттан алыс кетіп қалмау керек.
Қатысушыларға ақпараттарды дер кезінде ұғынықты беріп отыру керек.
Өткізу
«Болар іс болды, бояуы сіңді» деп соңында қарап отыруға болмайды. Былтырғы Блогқұрылтай президенттің сайлаумен қатар келгендіктен, өзінің сайлау алды тұғырнамасын айтқысы келгендер, радикалды бағыттағы ұлттық мәселені ту етіп көтергісі келгендер, өз идеологиясын насихаттағысы келгендер де кездесті. Әрі мұндай оқыс жайттар дәл болатын күні күтпеген жерден болып қалады. Сондықтан ондайға дайын болып, көпшілік қарсылығын танытуы керек. Себебі бұндай жайттар біздің мақсатымызға қайшы келді. Өткізген кезде позитивке көп көңілген бөлген жөн. Барлығы да ойлағаныңдай болмауы мүмкін, бірақ соған жетеқабыл деңгейде өтсе, соның өзі алдағы жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі.
P.S. Кейбір жайттар түсініксіздеу болса, пікір ретінде сұрарсыңдар. Бұл жазбаны бір есептен қазір Блогқұрылтайды былай өткізейік, былай істейік деп идея айтушылардың көптігін көрген соң жазып отырмын. Себебі қазір ойларымен бөліскен кезде бірден жүзеге асыру жолдарын, әрі өзінің үлесі қандай болатынын қоса жазса жақсы болар еді. Әрі ортақ мақсатқа қаншалықты үндесетінін де ескерсе деймін.
