Блогқұрылтай - 2012: Кім және неге қатысқысы келеді?
ЕСКЕРТУ: 20.01.2012 жазба толықтырылды
Сауалнама арқылы шамамен Блогқұрылтайға «Кімдер қатысады?» «Не үшін қатысқысы келеді?» деген сұрақтарға жауап алуға тырыстым. Бұл нәтижелер бірінші кезекте Блогқұрылтай форматын анықтауға жәрдемдеседі деп ойлаймын.
Бір апта көлеміндегі уақыт ішінде сауалнамаға жауап берген 90 адамға алғысымды білдіремін.
Өзім үшін ашқан бірінші жаңалық: Астанадағы блогқұрылтайға қатысқысы келетіндердің ішінде Блогқұрылтай дегеннің не екенін, оған не үшін қатысу керектігін нақты түсініп отырғандар азшылық.
Біріншіден, жауап бергендердің көпшілігі Алматыдағы Блогқұрылтайға қатыспаған екен. Екіншіден, Астанадағы Блогқұрылтайға қатысқысы келетін адамның мақсаты былай суреттеліп отыр:
5 мың теңге жұмсап, Астанадағы бір кафеде интернеттен тапқан достарыммен кездесу. Бейресми түрде өтетін шараға жай ғана қатысушы ретінде келіп, ақша туралы тақырыптағы презентацияны тыңдау.
Бірақ қорытынды жасауға асықпайық. Интернетшілердің бас қосып, емін-еркін жағдайда бір-бірімен жақыннан танысуында тұрған ештеңе жоқ. Мені қуантқаны шараға қатысушылардың дені кем дегенде 5 мың теңгені демеушілік ретінде бере алады екен. Яғни, егер есеп-шот ашып ақша жинар болсақ, бұл қаржыны Блогқұрылтай аясындағы сәтті стартапқа тағайындасақ болады деген сөз.
Сонымен қатар шараға қатысуға ниет білдіріп отырғандар қазақ интернетінде қазақша контент көбеюі керек деп санайды. Әрі көпшілігі өзінің болашақ кәсібін осы интернетпен байланыстырады. Блогқұрылтайда Интернетте бизнес жобаларды бастауға көмектесетін презентациялар болып, мейлінше Интернет және бизнес деген сипатта ұйымдастырылса, пайдалы болатын сияқты.
Дәл қазір арамызда «Блогқұрылтайға қатысқаннан жеке өз басыма қадай пайда?» деген сауалға нақты жауап таппағандар бар. Бұлай болуы заңдылық. Себебі әркімнің өмірлік құндылығы, болашаққа бағдары әртүрлі. Ондайларға өзімнің түсігімдегі Блогқұрылтайдың не екенідігімен бөліскім келеді:
1. Блогқұрылтай қазақ интернетін дамытсам деген ниеттес жандардың кездесуі
2. Осы кездесудің жақсы өтуі үшін ешкімге міндетсімей қолынан келген бар көмегін аямай үлес қосуы
3. Өзінің білгенімен өзгемен бөлісуі, үйретуі, көрсетуі.
Блогқұрылтайдың былтыр маңызды ережесі бар еді:
Бұл шараға ешкім шақырылмайды. Әрі ұйымдастырушы деге ұғым болмайды. Бастамашыл топ үйлестіріп отырады. Қалғанын келгендердің өздері ұйымдастыруы керек деген. Соны әрбір адам өзінің санасында зерделесе деймін. Себебі бұл — той емес. Ресми конференция да емес.
Қазірдің өзінде былтырғы құрылтайға қатысқандар «Біз мына нәрсені өз мойнымызға алайық», «Менің қолымнан мына нәрсе келеді. Уже істеп қойдым. Қарап көріңдер» деп көмектерін ұсынып жатқандар бар. Осындай мәліметтер әрі қарай үйлестіру жұмысына атсалысуға жігер береді.
Сауалнама бәріміздің ортақ мақсатымыз бар екенін көрсетті. Қазақ интернетінде контентті көбейту. Себебі ертеңгі күніміз сонымен байланысты. Ендеше, осы бір ортақ мақсатқа жетуіміз үшін бір-бірімізге көмектесейік!
Қазір Астанада өтетін Блогқұрылтай жұмысына Талғат бас-көз болып, үйлестіріп жатқанынан хабардарсың. Сондықтан Талғатқа қолдау білдіріп, демеу білдіре отырайық. Әсіресе, астаналық блогшылар әрнәрсені бір сылтау қылмай Талғат айтқан сенбілік кездесулерден қалмай қатысып отырса деймін.
Алдағы жазбаларымда сауалнамадағы басқа да жауаптарға тоқталмақпын. Бұл презентация тақырыптарына, әрі ұйымдастырушылар мен қатысушыларға айтқан пікірлерге байланысты болмақ.
Пы.сы. Игі бір істі қолға алынғанда кесірін тигізбей, үндемей қалу да кейде үлкен көмек болатынын ұмытпайық Сондықтан сауалнамаға қатыспай, жауап бермегендерге де үлкен рахмет!
