Блог жазу – мода ма, әлде қажеттілік па?
Блог жазу – біртіндеп тенденцияға айналуда. Қазіргі уақытта тек журналисттер ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер, шоу- бизнес өкілдері, кәсіпкерлер, әртүрлі мамандық иелері блог жазады. Кейде медиа — ортада танымал блогерлерді журналистер сияқты әртүрлі іс-шараларға шақырып та жатады.
Бүгінде мыңдаған адам өз онлайн күнделіктерін жүргізіп, болг жазады, олардың саны әлі де артуда. Көптеген авторлар алғашқы бірнеше мақаласын жазған соң, ыстық –cуығы басылып, блогтарын интернет кеңістігінің бір қоқысы ретінде қалдырып, жазуды қойып кетеді. Осылай блоггер легінің алғашқы қарқыны басылып, көпшілігі белсенділігін басқа арнаға бұрады.
Расында, блоггер болу оңай нәрсе емес, ол үшін сізге күн тәртібіңізіге біршама өзгерістер енгізуге тура келеді. Өзіңіздің негізігі жұмысыңыздан бос уақытыңызды блогқа арнап, үнемі мақала жазып тұру қажет (кемінде аптасына 2-3 рет), оқырмандар коменттеріне белсенді жауап беріп, пікір таластыру (н/е пікірталасты ынталандыру) жекеге келген хаттарға жауап жазу, сонымен қатар, жаңа блог үшін, кейде коменттерге жауап жазу үшін жан- жақты іздену қажет болады. Блог үнемі ойыңыздың да бір бөлігін алып тұрады(тәуелділікті айтпағанда). Ал, енді осының бәрі не үшін керек? Сонша күш, уақыт, тіпті, ақша жұмсау не үшін?
Бұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Біреу үшін бұл кәсібімен байланысты, мыс., оқу орнының басшысы өткізілетін іс- шаралар жайлы студенттер мен оқытушыларды хабардар етіп отыру үшін, әртүрлі мәліметтерді жеткізіп отыру мақсатында блог жүргізуі мүмкін. Сондай –ақ белгілі кәсіпорындарың PR қызметкері, мемлекеттік органдар, БАҚ ресми блог жүргізеді. Біреу адамдармен араласуға деген құштарлықтан, не өзін толғандырған мәселені айту үшін жазады. Кейбіреулер үшін блог – араласу, ой, эмоция бөлісу құралы. Бренд үшін, ақша табу үшін де жазатындар да бар екен. Кім қандай мақсатпен жазса да, ең бастысы блог — қызықты, түсінікті, пайдалы болу керек, сонда оқушыларының саны арта бермек. Ал, сіз не үшін блог жазасыз?
