Ескі архив · 07.02.2012 00:34

КВН-шілердің құлқы қандай? (Алдекең жазбасындағы пікірден кейін)

Жаңа Алдекеңнің жазбасын, соңындағы пікірлерді оқи отырып, ойға қалдым. Мынау төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылған орекеңдерден импортталған ойынды қазіргі таңда жастардың қызыға тамашалайтыны белгілі (әрине, кейбірі ұнатпас, бәлкім). Алайда, не күнкөрістің қамымен тоңып секірген, не қарынның тоқтығынан тойып секірген жасөспірімдерді мәдениетке қарай, өнерге қарай икемдейтін қасиеті КВН-ге деген құрметті арттырып тұр. Мектепте көрінгенмен төбелесіп, болмаса темекі шегіп, арақ ішуді жөн санаған жандардан, ел аралап, халыққа күлкі сыйлаған жастардың бағасы қашанда биік екені даусыз. Ендеше, бұл да бір өнердің түрі деп түйіп қойыңыз. Десек те… Десек те осынау ойынның жасөспірімнің мінез құлқына келтіретін залалы да жоқ емес. Менің аздаған сыншылдығыма Алдекең, Марколар (т.б. квнсүйер қауым) ренжімесін. Алайда КВН-мен айналыса бастаған жастар ұнамсыз қылықтарға бой ұратын секілді. Мысалы, Жұлдыз ауруы. Әрине, мектептегі қарапайым қай баланың тілбезерден тіл безеп сөйлегені қанаттандырмай қоймас деймісіз?! Алайда, от боп тұратын кезінде сол қасиет айналдырған жас квншік айналасындағыларды менсінбей, кейін достарымен арада түсініспеушілікке соқтыруы ғажап емес. Содан соң күлдіргіштік. Ия, күлдіргіштіктің зияны көп. Өзгені күлдіргеніне мәз болып, күлдіре алмаса бет аузын қисаңдатып, соған күлгенге малданған кiбiнiшi сайқымазаққа айналады. Ең аяғы күлдірем деп күлкіге қалады. КВН-нің тағы бір жамайтын қасиеті — білімсіздік. КВНшілердің көбі білімсіз екенін байқатып алады. Республиканы, облысты, немесе аудан орталығын қаламен шатыстырып, масқара болғанын көзімен көрдім, т.с.с. Осылайша, КВН-нің жақсы жағы мен жаман жағын жөпелдемеде ойға түскенімен саралап шықтым. Бұл ойынға байланысты ойым осындай болды. Ал реті келсе, күлкі туралы, әзіл сықақ отаулары туралы кеңірек толғағым келеді. Оны бұйырған уақытта көрерміз.
Авторы:
kokbori

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту