Ескі архив · 10.02.2012 13:38

Сатып алғым келетін көліктер

Футбол маусымы саябырсыған уақытта зейінім көлік атаулыға ауды. Ауғаны бар болсын, шатырым кетіп жүр. Көлік жүргізудегі өтілім үш жылға енді тақады. Қазіргі көлігіме дейін екі басқа модификациясы мінілді. Сондағы көзім жеткені – жапониялық «камрюхаларға» симпатиямның шексіздігі сияқты. Капотты ашпайтындарданмын. Айдайтыным – автоматика. Механиканы құнттамадым сол бойы. Арман құрдастың жүргізушілікке баулып, қыр-сырына қанықтырып жүргендегі қамқорлығына бір риза болған жерім – мәселе біліктілікті практикада шыңдауға келгенде Шымкенттің анау-мынау емес, Тәуке-хан даңғылына* тартқанымыз еді. Әлі есімде, қолбырап, дірілдеп, небір алабөтен сезімдер астан-кестен боп еді. Сосын Астанаға жүйткіп жеттік екеулеп. Онымыз немістердікінен айдап келген ағайынды екі орыс жігіттен сатып алған 91 жылғы Мерседес-Бенц еді. 2.6. Бір жақсысы, трассада жүрісі сенімді, жылдамдықты қиналмай үдететіні еді. Бірақ рулі аздап ауырлау екен. Онысын Тойотаның американдық үлгідегі отыз бесінші «камриіне» отырғанда кәдімгідей сездім. Ойыншық сияқты боп қалады екен. Жеп-жеңіл, маневрлерде икемді, майды аз жейді. Моторында ақауы шыққасын, сатылды ол да. Қазіргім Lexus RX300. Екі жылдың көлемі болады биыл. Астананың суығына төзімді болмаса да қиын. Техникалық сипаттамаларындағы өзгешеліктерді маман деңгейінде тәптіштей алмасам да, сезем. Сезгіштік пайда бола ма деймін әр жүргізушіде уақыт өте. Машинаңды сезесің, иесі мінгенде сәйгүлігің кәдімгідей жадырап сала береді. Көлігіңде отырып, «сатамын-ау», «ауыстырамын-ау» десең, сол уақыттан көп ұзамай кейде бұртиып, қисайып алатыны бар. Сондай бір тылсым. Ренжітпеуге тырысасың. Қазір енді қайтадан «камриге» ауысқым кеп жүр. Сағынып кеттім. Реті келіп жатса, мына көліктердің біреуіне айырбастауға, сатып, үстінен ақша қосып сатып алуға кетәрі емен (приоритеттік тізім, бірінші келтірілгені – «бірінші» талғам): «Елуінші» Camry Кеше жұмыстың гаражындағы осы елуіншілердің біреуі ап кетіп еді. Салонына көп мән беріпті жапондар. Жаңасы конвейерлік өндірісте мықтап қолға алына қоймады ма, қызығып, сұрастырып қарап едім ресми дилерлер тапсырысты қабылдаған күннен бастап 2-3 ай көлемінде ғана жеткізілетінін білдірді. «Комфорт» санатындағы линейкадағы бірінші түрі 37.400 долларға бағаланыпты. Бұл құнға жеткізу шығындары да жатады. Одан кейін Элеганс, Престиж боп санаты жоғарылай береді. Тиісінше, құны да комплектациясына қарай ауысып отырады. Nissan Teana Презентабелді экстрерьерімен тәнті етпей қоймайтын интерьері жарасымды жұптасады. Қара түсті нұсқасына ауды аңсар. Сырт пішіні «камриге» келіңкірейді, бір қарағанда. Elegance, Elegance+, Luxury, Luxury+, Premium сияқты түрлі комплектациядағы линейкадан таңдауға болады бірін. Бағасы 34.700 доллардан басталады. Mitsubishi Pajero IV Жанұялық көлік деуге келеді. Сыйымды. 3 куб. Бағасы 6 858 900 теңгеден (46.343 доллар шамасында) басталады екен. Қазір банктердің көбісі жылжымайтын мүлікке қоса, автокөлікке де несие беріп жатыр. Жалақыңызды алатын банк арқылы сұрастырған қаржылай тиімді: сізге түсінікті себептермен жеңілдіктер ұсынылады. Көп ретте, бастапқы төлем ретінде көз тіккен көлігіңіздің жалпы құнының 10, 20 не 30 пайызын сіз көтеруіңіз керек. Қалған бөлігін банк несиелендіреді. Әдетте, жаңа көліктерге несие 7 жылға дейін беріледі. Мысалы, Тойота камридің 20% бастапқы төлемін беріп, қалған бөлігін жеті жыл ішінде қайтаруыңызға болады. Ай сайынғы өтемақы шамамен 585 долларды құрайтын болады. Жаңа автокөліктің бір жақсы жері, зауыттан шыққан темір тұлпарға ең алғаш иелік ететін өзіңіз боласыз. «Екінші» қолдан әжептеуір арзандау алуға kolesa.kz ұсынған опция аз емес. Қолданыста болғандарға да банк қарасады. Бәрі де біз үшін, айдаушылар… *Тәуке хан даңғылы Шымкенттегі көлік қатынасы ең көп шоғырланған жер, Атыраудың «Сәтпаев» не «Азаттығы», Астананың «Республика» не «Сарыарқасы» сияқты. P.S. Суреттер toyota.kz, www.aster-nissan.kz, www.mitsubishi-motors.kz сайттарынан алынды
Авторы:
Nurgisa

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту