Ескі архив · 17.02.2012 05:01

Бодибилдермен сұхбат. Дәурен Жансеитов: "Табиғатымнан арықпын"

Еліміздің ең үздік сомдалушыларының (бодибилдерлерінің) бірі Дәурен Жансеитов жайлы бұрыннан көбірек білгім келетін. Тек атлет ретінде ғана емес, жалпы тұлға ретінде де қандай екені маған қызық болатын. Өзімен танысып, әңгімелесіп, сұрақтарымның барлығына дерлік жауап алудың сәті жуырда ғана түсті. Уәде еткенімдей, жеті бетке созылған сұхбатымыздың қысқартылған версиясын назарларыңа ұсынамын. *** *** *** *** Сәлем, Дәурен, ресмилікті аттап өтіп, бірден іске көшсем деп едім, қысқасы, сұхбатымызды анкета түрінде емес, әңгіме ағымымен өрбітіп жіберсек, уақытың бар ма? Д.Ж.: Сәлем! Әрине, қарсы емеспін. Бодибилдингпен ұзағынан айналысатыныңды қашан түсініп едің, содан бастайық. Д.Ж.: Мен әрқашан тән сұлулығына ұмтылатынмын. Тіпті жеңіл атлетикамен айналысып жүріп, жаттығу соңында турникке бірнеше рет тартылып, бір ауық штангамен шынығатынмын… Біртіндеп, менің күшім мен бұлшық еттерім басқалардан жылдамырақ өсетінін байқадым. Әрекеттерімнің нәтижелі болғанына күннен күнге қуана түстім. Ақыры досым екеуміз жаттығу залына тұрақты қатыса бастадық. Алғаш жазылған күніміз 2001 жылдың 15 қарашасы екен. Айтпақшы, жақында ғана жаттығу залына барып жүргеніме 10 жыл толғанын тойладым! Алдымен, жеңіл атлетика мен жаттығу залын бірге алып жүрдім. Бірақ бұл мен үшін адам сенгісіз қиын шаруа болды. Ақыры, жүгіруден гөрі штангадан көбірек нәтиже шығаратынымды білген соң, жаттығу залына түбегейлі көштім. Мерейтойың құтты болсын! Онжылдықты қалай тойлағаның қызық. Сигара шегіп, пицца жедің бе «Шварц» сияқты, әлде елу грам денсаулық үшін протеин «тартжівердің» бе? Д.Ж.: Он жылдықта жаттығу залындағы жігіттерді тренер кабинетіне жинадым. Сол жерде екі тортты «жазаға тарттық». Әрине, алкогольсіз. Он жыл бұрын зал есігін ашқанда, «бодибилдингтен сайыстарға қатысам» деген мақсат қойып па едің? Д.Ж.: Негізі о баста отырып тұру, жатып сығымдау, түрегеп тартудан жақсы нәтиже көрсете бастағанмын. Бір жылдай тұрақты айналысқан соң, облыс біріншілігіне қатысып, пауерлифтингтен (жатып, отырып, тұрып зілтемір көтеруден күш сайысы) Спорт Шеберіне Үміткер атансам, екі жылдан кейін Қазақстан чемпионатына қатысып, Спорт Шеберінің нормативін орындадым. Жатып штанга сығымдаудан еліміздің екі рекордын жаңарттым. Бұл рекорд біздің атақты спортшы Алексей Сивоконьге тиесілі еді және маған дейін жаңартылмағанына 13 жыл боп еді. Оның юниорлық рекорды 135 келі болды, мен 135,5 келіні сығымдап көтердім, ал екінші әрекетімде 138 келіні бағындырдым. Өзім 60 келі салмақ дәрежесінде сайысқан едім. Керемет бастама! Олай болса, күштік үшсайыстан бодибилдингке неге көштің? Әлде жарақат алдың ба? Д.Ж.: Жо-жоқ. Ол ғана емес. Менің бұрыннан бодибилдингпен айналысатын достарым бар — Марина және Олег Настретдиновтар. Солар үнемі мені бодиге шақыратын. 2005-ші жылы бодибилдингтен ҚР кубогы мен пауерлифтингтен ҚР кубоктарының арасы бір ғана күн болды. Тап сол күні бодиден алғаш шығуға бел будым. Алдымен пауерлифтинг болды, 67,5 кг салмақ дәрежесінде сайыстым… Таразыға тартылу таңертең, ал сайыс түсте өтетін болды. Салмағым 67 кг екен. Шықтым да жеңіп алдым. Кешке ертеңгі бодибилдингтен өтетін сайысқа салмағымды өлшеттім. Сөйтіп, кешкі таразыға мінгенде 65 келі болуым үшін біраз тер төгуге тура келді. Сол салмақ дәрежесіне әзер көшкен мен, келесі күні ҚР бодибилдингтен кубогын да ұтып алдым. Бұндай жағдай Қазақстанның спорт тарихында бұрын соңды болмаған еді. Содан мен бодиге толығымен көшпек болдым. Маған бодибилдинг сайыстарында залда орнайтын жайлылық пен ілтипат атмосферасы ұнады. Сахнаға шыққан ұнады. Сахна демекші, сахнада алған жүлде-сыйлықтарыңның қайсысы өзіңе ерекше қымбат? Д.Ж.: Меніңше, әр қайсысының орны бөлек. Әр жүлдемді жатқа білемін. Әр медаль жаныма қымбат естелік. «Көпшілік алдына әуретіңді бір жапырақ шүберекпен жауып сахнаға шығу, айнаның алдында керіліп тұру ерге ерсілік етеді» деген пікірлер бар. Сенің бұл әуестігіңе қарапайым «өлімділер» қалай қарайды? Көбіне тамсана ма, жоқ сынаушылар көп пе? Өзің ел арасындағы «моралисттерге» қалай қарайсың? Д.Ж.: Енді спортшылардың арасында ондай пікірді көп кездестірмеппін, әзіл ретінде «тағы да айнаның алдында сыбанып тұрсың ба?» дейтіні болмаса. Ал спортқа қатысы жоқтарда ондай пікірлер айтылып тұрады. Бірақ, ол көбіне қызғаныштан туған әңгіме. Егер олардың денесі тап осындай болса, олар да айнадағы кейіпінен шошымай, ұзақ қараудан жалықпас еді. Жалпы, менің спортымда дұрыс тұрып, қозғала білу, өзіңді дүйім жұртқа ұтымды қырларыңнан ұсына білу сахнада өте маңызды. Сондықтан, бұл жерде ұтымды қырларыңды тану, ол үшін айнаның алдында әрбір позаны шыңдау да — біздің жаттығу барысымыздың ажырамас бөлігі. Ал айналамдағылар бұл әуестігімді негізінде оң бағалайды. Сондықтан, боди жөнінде хабары аз, біліктілігі төмендердің айтқандарын құлағыма қыстырмаймын. Ежелгі грек атлеттерінің тырдай жалаңаш сайысатынын еске түсіріп, бір күліп едік жақында… :-)) Д.Ж.:Қой? Ондайын естімеппін. Бірақ менің бір ингуш шәкіртім бар еді. Ол юниорлар арасында ойланбастан сайысқа қатыса алар еді. Жалғыз іш киіммен шығатындықтан әкесі жібермей қойды! Ал сенің спорттық жетістіктерің, не дене бітімің басқа тіршілік салаларында көмектесе ме? Шоу бизнеске, мысалы, шақырғандары болды ма? Д.Ж.: Біздің кішкентай қалашығымызда қайбір шоу бизнес дейсің. Концерттерге жиі шақырып тұрады енді. Барлығы ерікті түрде бірақ, тегін. Бір-екі рет түнгі клубта сахнаға шыққам, әйелім өте-мөте қарсы болып, одан бас тартуға мәжбүр болдым.))) Көшу жағын ешкім ұсынбады ма? Астана жақын емес пе? Д.Ж.: Әлі ешкім «міне» деп ұсынбады, бірақ шақырып тұрады. Әсіресе, таныс спортшылар «бізге сен сияқтылар керек» дейді. Бірақ мен өз қалашығымнан кеткім келмейді. Оның үстіне, жақында ғана үйімді соғып бітірдім. Кішкентай ғана, бірақ өзімдікі. Екі жыл салдым өз қолыммен. Енді ол маған өте қымбат. Арманым сол еді бұрыннан. Кедей отбасынан едім ғой. Әйелім екеуміз бес жыл бойы жалдамалы пәтер жағалап едік. Енді екеумізге де жақсы болды))) Жаныңның үйін де, тәніңнің үйін де өз қолыңмен соғыпсың, спорттан біраз табыс көрген шығарсың? Д.Ж.: Қазақстанда «темір спортпен» байып кетуің неғайбыл. Тәулігіне 5-6 рет ханзадаша тамақтану, арнайы азық-түліктер, спорттық қоспалар, жаттығу залына абонемент төлеу, мұның бәрін қосса — аз ақша емес қой! Олай болса, өзің бұндай өмір салтын қалай үзбей ұстанасың? Д.Ж.: Әттең, сонда боп тұр ғой бар мәселе! Дайындық кезінде қаржы тапшылығы қатты қысады. Тек жақсы генетикалық багаж бен білімнің арқасында жеңіп жүрмін. Бұл енді Қазақстан ішінде ғой. Ал халықаралық деңгейге мен мына табысыммен ешқашан шыға алмаспын. Дайындық кезінде мен бәріне үнемдеймін. Жылдап жаңа киім алмаймын, қыдырыс-кафеге ақша жаратпаймын, т.б. Бар ойым — өзімді құнарлы азық-түлікпен қамтамасыз ету. Сосын, әрине, ақшаны көбірек табуға тырысамын. Сапарларыма спорткомитеті ақша бөліп тұрады, кейде кішігірім сыйақы беріп тұрады. Ал дайындық тұтастай отбасымның бюджетіне қарасты. Адам ретінде «темір» сені қалай өзгертті? Д.Ж.: Ең алдымен өзіме деген сенімділік пайда болды. Әсіресе, нәзік жандыларға келгенде. Әрине, ерік күшім мен жігерім қатайды. Сайысқа дайындықтың нәтижесін көбіне осы қасиеттер анықтайды. Өмірдегі өз мақсаттарыма жетуге де көбіне сол ерік күші көмектеседі. Бодибилдингте елеулі нәтиже шығарудан қай жастан бастап үміт үзуге болады? Д.Ж.: Ешқашан үзбеген дұрыс. Бодибилдингпен үзбей айналысса, дене өзінің шыңына 35 жасында жетеді. «Қу-шандыр» оқырмандарыңа не айтасың? Д.Ж.: Штангамен отырып тұру, түрегеп тартуды ұмытпасын деймін. Осы жаттығулардың арқасында, адам ағзасы суперкомпенсацияны іске қосады, бұлшық етті қалпына келтіретін көптеген гормондарды бөле бастайды – содан денедегі барлық бұлшық еттің массасы өседі. «Томпақтарға» ше? Д.Ж.: Бұнда енді тек диета, басқасы көмектеспейді, аэробиканы көбейту керек. Бірақ,өйтсең, бұлшық ет дұрыс өспейді. Массаны өсіру керек, бірақ тәттіні мейілінше қысқарту керек, майлыны да кешкі астан құрту керек. Жақсы. Антропометриялық өлшемдерің қандай? Мысалға, менің бойым 172см, салмақ 85 келі, иық 127см, кеуде 113см, бел 91см, сан 58см, қолым (бицепс) 40см. Д.Ж.: Бойым 168см, салмақ 88кг, кеуде 120см, иық 127см, бел 88см, бөксе 100, сан 69, қолдарым 46см. Мәссаған! Бұл қазіргісі ме әлде сайыстағы өлшемдер ме? Д.Ж.: Қазіргісі. Сайыстарда аздау болады. Негізі мен табиғатымнан арықпын ғой. Сүйектерім жіңішке. Жаттығуды қойсам болды, арып кетем. Үй соғам деп үш айда 70 келі боп азып кеткем. Сайыстарда шамамамен өлшемдерім мынадай: белім 80см, қолдарым 43см, сандарым 65см. Өзім бастағанда шамамен 63 кг еді салмағым. Д.Ж.: Ал мен 56 келі боп бастадым.:-))) Үмітсіз — шайтан дегендей, болашақта қанша салмаққа тартқың келеді?? Д.Ж.: Бір күні 100 келі салмақ дәрежесінде сахнаға шықсам деймін. Ол үшін маусымаралық кезеңде 115-120 келі болу керек. Не дейд құрысын, «моторың» отырып қалмай ма бір центнерлік тұла бойға қан айдап? Д.Ж.: Салмағыңды біртіндеп өсірсең, мәселен жылына 3-4 келіден қосып отырсаң, жүрекке жүк түспейді. Жасым 35-ке келгенше солай 100 келіге жетуіме болады. Олай болса, сәттілік тіледім саған, амиго! Барлық салада жеңіске жетуіңе тілектеспін! Д.Ж.: Сау бол! Саған да сәттілік! (Суреттер және сұхбат мәтіні кейіпкердің жазба түрдегі рұқсатымен орысшадан аударылып салынып отыр) Әңгімелескен Асқар Ахметулла ұлы
Авторы:
Gastarbaiter

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту