Ақпаратты тексеріп отырыңдар журналистер!
Журналист қателері және кемшіліктері туралы бұрыннан жазып жүрміз. Әсіресе олардың ізденбейтіндіктері туралы, ақпараттың бұрыс-дұрысын тексермейтіндіктері туралы. Осындай оқиғалардың бірі жақында республикалық бір газетте болыпты. Бұл туралы бізге konvict хабарлады. Бұл ақпаратты газетке кім шығарғанын біліп отырғасын, қай газет екенін жариялап ұялтпай-ақ қояйын. Тек осы жазбам оған және басқа журналистерге сабақ болсын.
Қысқасы былай болған:
Менде керемет бір сюжет бар қауымдастығында қоғамды және журналистерді әжуа қылып, жазып жүрген Rafaello атты қолданушының жазбаларының бірін журналист шын қабылдап қалған. Сосын осы ақпаратты оқырман сұрағына жауап ретінде газетке берген. Көпшілігіңізге белгілі оқырманның аты-жөні мен қаласы ойдан құрастырыла салады да оған сосын жауап жазылады. konvict те солай көріп қалған ау деймін, өйткені қасындағы сұрақта оның аты-жөні және қаласы жазылып кеткен. Ол сұрақты дайындаған журналист Абай Асанкелдіұлы Отардың да журналист екенін және интернетте көп жүретінін білмесе керек.
Rafaello -ның Барселона туралы жазған қалжыңын шын қабылдап қалған журналист оны еш жерден тексермей солайымен бере салған.
Жарайды адам әзілді түсінбеуі мүмкін, жазушының профилін қарамауы мүмкін. Бірақ, ақпаратты жібермес бұрын басқа ресурстардан да қарап тексеріп көрген дұрыс.
Бұл әлі тек басы деп ойлаймын. Әлі талай комедия болатын сияқты. Күлкіге айналмау үшін ақпараттарыңды тексеріп отырыңдар журналист ханымдар мен мырзалар.
