-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік
Қазақ тіліндегі сөз тудырушы осы бір жұрнақтарды қаншалықты дұрыс қолданып жүрміз?
Бұл сұрақ редактор ретінде мені үнемі мазалайды, бүгін мына мақала осы постты жазуға түрткі болды.
«Косметикалық дүкен» дейді мақала авторлары. Дұрысы «Косметика дүкені».
Оның алдындағы қара көйлек туралы бір мақаласында «коктейльді көйлек» депті. Енді қараңдар. Құрамында коктейлі бар көйлек бола ма?
Орыс тілінің "-ский, -ный" деген жалғауы жалғанған сөздерді аударғанда осындай қателіктерге көп бой алдырып жатамыз, өйткені аудармашыларда автоматизм басым.
Бірнеше мысал келтіре кетейін.
Этникалық, тропикалық, фалликалық (Гаста, сәлем) деген сөздерді алсақ та. Неге біз орыс тілінің жалғауы жалғанып, түрленген нұсқасын аламыз, неге түбір сөздің өзін іздемейміз?
«Этнический» деген сөздің түбірі «этнос», демек жұрнақ сол этносқа жалғануы керек.
«Тропический» — тропика емес, тропик, демек «тропиктік» болуы керек.
«Фаллический» — фаллос, фаллостық.
«Полярный» — «полярлық» дейді, түбірі «полюс» екенін ескермей. Яғни, қазақ тілінде «полюстық» болуы тиіс.
"-лық, лік" жұрнақтары мен "-лы,-лі" жұрнақтарының қолданылуын шатастырып жататынымыз өз алдына бөлек әңгіме. Яғни, жоғарыда аталған бір мысалда «коктейльді көйлек» емес, әрі кеткенде «коктейльдік көйлек» болуы керек еді, ал ең дұрысы — «коктейльге киетін көйлек».
Кімде қандай мысалдар бар? Ортаға сала отырыңдар.
----
