Ескі архив · 26.02.2012 13:41

Сауатсыз, ұры әрі ұятсыз журналистер де болады

Кейбір журналистердің негативті қасиеттері туралы жазып, олардың жүйкелерін жұқартқан шығармын Ондай журиктермен күресе беру керек. Кейбір журналистің бойында журналистке тән қасиеттер болмаса да газет-журналдарда істеп, шайлығын тауып жүреді. Олардың сауатсыздығын мақала жаза алмауларынан, сауатты аударма жасай алмаларынан білуге болады. Ал ұры-қарылық қасиеттерін басқа автордың мақаласын заңдарға қайшы әрекеттер арқылы көшіріп, зияткерлік меншікті ұрлауы арқылы көрсетіп қалады. Ең қызығы үшінші қасиет болғалы тұр. Мақала ұрлаған журналистке немесе баспаның редакторына телефон соғып, олардың сізге тиесілі мақаланы ұрлағандығын айтсаңыз, алғашында «Кешірім өтінеміз, әдейі істемедік. Халық оқысын, білсін деп көшірдік. Заңға қайшы екенін білмей қалдық» дейді. Осылайша өздерінің сауатсыздықтарын, заңды білмейтіндіктерін айтып береді. Егер сіз оларды кешірмейтіндей болып, олардың айыптарын беттеріне басуды доғармасаңыз, жағымсыз сөздер естіп қалуыңыз мүмкін. Мақаланың авторы ұры журналистті кешірмесе, сауатсыз әрі ұры журналист өзінің үшінші бір қасиетін көрсетеді. Ол қасиеті: ұятсыздығы. «Не, сонда сендер басқа біреуден мақала ұрламайсыңдар ма? Сендер де ұрлап жазасыңдар. Орыстардың сайттарын қарап, солардан аударып аласыңдар. Ал сендерден көшірсек, сотқа беремін деп шығасыңдар» деп, өзіңізге қарсы бажылдайды. Қайтсін енді. Малды бауыздап жатқан кезде денесінен жаны шыққанша аяқтарын бір сермеп қалады ғой. Ұры журналистер де өздерінің ұятсыздығын көрсетіп, тілдерімен бір «сермеп» қалады. Мақала ұрлайтын ұятсыздар авторлық құқық туралы заң бойынша, аударма жасаған адамның жаңадан пайда болған туындының авторлық құқығына ие болатындығын білмейді. Сөйте тұра тіл мен жаққа сүйеніп, сөз жарыстырады. Кей журналистер сауатсыз болғандықтан ұрлық жасайды. Ұрлық жасап тұрып авторлық құқық иесіне қарсы шығып, авторды кінәлайды. Қарап отырсам, аталған үш қасиет журиктің қасіреті екен. Бірақ ұятсыздығы ол қасіретті толықтай мойындатпайды. Бетімен кетіп, біреудің еңбегі арқылы ақша табуға құныққан журиктерді жаңа заң бойынша құрықтап, жұмысқа жегудің мүмкіндігі туа қояр ма екен? деген сауал мазалап жүр мені. Өйткені авторлық құқықты бұзған адамдарды Азаматтық, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстер арқылы жазалау қарастырылған.
Авторы:
Zako

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту