Саша Барон Коэн "Оскарда" Ким Чен Ирдің "күлін" төгіп алды
Вадия республикасының басшысы генерал Алладиннің кейпінде келген Саша Барон Коэн «Оскар 2012» салтанатының біраз танымал қонақтарын шаң қаптырып кетті.
Ақ шаңқан «Роллс-Ройстан» екі әдемі оққағарымен түскен генерал Алладиннің қолында КХДР-дың қайтыс болған басшысы Ким Чен Ирдің суреті бар жерлеу күл сауыты болған.
Е! басылымының журналистіне сұхбат беріп тұрып ол шараға «осы жерді көруді арман қылған досын әрі бауырын Холли Берридің көкірегіне төгу үшін» алып келгенін айтты. Алайда, сұхбат кезінде генерал күлді «байқамай» журналистің үстіне төгіп алады.
Шараның күзетшілері генерал Алладинді сыпайылап алып кетіп, қызыл кілеммен жолын жалғастыруды сұраған.
Бұған дейін Киноакадемия әкімшілігі генералды салтанатты шараға жібермейміз деп мәлімдеген болатын. Алайда, Алладиннің рөлін сомдаушы комик ультиматум қойған соң, ұйымдастырушылар бастапқы ойынан бас тартты.
Генерал Алладиннің рөлін актер, комик Саша Барон Коэн ойнады. Ойдан шығарылған Вадия республикасының басшысы туралы «Диктатор» комедиясы 2012 жылдың 11 мамырында прокатқа шығады деп жоспарлануда.
Киностан
