Ескі архив · 02.03.2012 21:47

Ұстаз, оқушы, ата-ана

Кеше баламды мектепке алып барып, әншейінде істемейтінді істеп, сыныбына дейін апарып, кіргізіп жібердім. Сонда мынадай көріністің үстінен түстім. Тура сынып есігінің алдында бір ата-ана практикант қыздың жер-жебіріне жетіп ұрсып жатыр. Мәселенің төркіні неде екен деп, құлақ түрдім (ұяттымын). Сөйтсем, практикант қыз баланың бағасын төмендетіп қойған сыңайлы. Үш қойды ма екен, сондай бірдемесі бар. Себебін былай түсіндірді: «балаңыз сабақ айт дегенде орнынан тұрмай, қырсығып, бедірейіп алды» дейді. Соған әлгі мамаша: «сонда сен, баланың тәртібіне қарап, оның бағасын төмендеттің бе?» деп таңқалып тұр. Қой, өсек бітті, енді істің мәнісіне көшейік. Өзім «мектеп ата-анасы» болғаным кеше ғана ғой. Бірақ, ес білгелі бауырларымның ата-аналар жиналысына мен баратынмын. Сол кезде көрген, түйгенім бар, аға-жеңгелерімнің өз балаларына қатысты әрекеттерінен түйгенім бар, өзім үшін біраз ереже жасап алғанмын. Мектептегі мұғалім бала үшін «непререкаемый» авторитет болуы тиіс. Біріншіден. Мұғалімнің қойған бағасы талқыланбайды. Ешқашан да балаға «ой, ол неге саған төмен баға қойды? мен ертең барып сөйлесе қояйын» деп айтуға болмайды. «Төмен баға алдың ба, демек дайындалмай барғансың. Ертең жақсылап оқып барып, бағаңды түзейсің» деу керек. Тіпті, балаңыздың бағалары төмендеп кеткенін байқасаңыз, балаңызға білдірмей барып мұғаліммен сөйлесіңіз. Бірақ, сөйлескенде де, «неге менің балама төмен баға қоясыз?» деп бас салмай, «баламның сабағы қалай болып жүр өзі? үлгерімі қалай?» деп сұрасаңыз, мұғалімнің де сізге айтар назы бар екенін ұғасыз. Өйткені, баланың үлгерімі тек мұғалімге ғана емес, ата-анаға да байланысты. Екіншіден. Ешқашан баланың көзінше мектепте жиналатын ақша туралы әңгіме қозғамаңыз. Бала үшін мектеп білім ордасы болып қалуы керек. Ақша жинауға қатысты дауларыңызды директордың кабинетінде шешуге тырысыңыз. Ол жаққа балалар кіре бермейді. Әрине, баланы өмір бойы мектеп бір тиын алмай оқытып жатыр деп алдай алмайсыз, бірақ тым құрыса бастауышты алаңсыз бітірткізуге тырысыңыз. Үшіншіден. Көп ата-ананың қатесі, жақсы бағаны ақшаға сатып алуға болады деп ойлайды. Яғни, баласы мұғалім төмен баға қойғанып, ал екінші бір балаға керісінше, жоғары баға қойғанын айтып шағымданғанда оны қолдай кетеді. Мысалы: «маған екі қойды, ал ана Алмаға, менен жаман біліп тұрса да, бес қойды, өйткені оның мамасы мұғалімге сегізінші мартқа сыйлық алып келді» деген баланың әңгімесін бірден тиып тастау керек. Өйткені, ең алдымен, мұғалім өзі біледі, кімге қандай баға қоятынын. Содан соң, әу бастан балаңызды өмірде бәрін ақша шешетініне бағдарлаудың қажеті бар деп санайсыз ба? Мен олай деп ойламаймын. Келесі жолы балаңыз жақсы баға алу үшін мұғалімге сыйлық жасау жеткілікті деп сеніп алып, сабаққа салғырт қарап кетсе, өзіңізден басқа ешкімді кінәлай алмайсыз. Бір жағынан, балада «мен бәрін білем, тек лайықты баға алмай жүрмін» деген жалған түсінік қалыптасу қаупі бар екенін де естен шығармаңыз. Төртіншіден. Әрине, жаңа жыл, ұстаздар күні, сегізінші наурызда мұғалімдерге сыйлық жасау салт болған. Бірақ, меніңше, бағалы сыйлық балаларға білдіртпей жасалуы тиіс. Тіпті білдірген жағдайда да, ол сыйлықтың бағасы, құны баланың көзінше әңгіме болмауы керек. Керісінше, балаға ұстазды өз қолымен жасаған ашықхатпен де қуантуға болатынын үйреткен абзал. Бесіншіден. Мұғалімнің балаларға деген қарым-қатынасынан шикілік байқасаңыз, оны жылы жауып қоя салудың қажеті жоқ. Мысалы, менің баламның ұзартылған күн мұғалімінің балаларға деген қарым-қатынасы маған ұнамайды. қашан барсам, "әй, үй" деп айқайлайды да отырады. Ол мәселенің екі шешімі бар: не бір күні балам жоқта апаймен сөйлесемін, мұғалімдік этиканың оқушыларға айқайлағанды қойып, «сіз» деп сөйлеуді талап ететінін есіне саламын, не бірден директорына барып, үстінен шағым түсіремін. Бірақ, баламның көзінше, «сіз неге балаларға айқайлайсыз» деп бет жыртыспаймын. Баланың көзінше мұғалімге «наезд жасау» ол мұғалімнің қадірін бес тиын қылу деген сөз. Ол артық. Әзірше осы. Алып-қосарларыңыз бар ма?
Авторы:
dark_nazgul

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту