Ескі архив · 07.03.2012 08:49

Суперкубок – «Ордабасыда», «Шахтер» қалды егіліп...

«Шахтер» қақпасы маңындағы қауіпті сәттердің бірі (Суреттер kff.kz сайтынан алынды) Күні кеше «Астана аренада» еліміздің қос майталман дружинасы – «Ордабасы» мен «Шахтер» суперкубокты сарапқа салды. Жыл сайынғы дәстүрлі бұл дүбірлі дода ел біріншілігінің шымылдығын ашушы футбол спектаклі екені әмбеге аян. Шымкенттіктер сақадай сай еді. Оңтүстіктен командасының шын жанкүйерлері жолдың қашықтығына қарамастан, ат терлетіп жеткен. Көмірлі алқап та қарап қалмапты, он бес шақты автобус салонына бекзат өнердің тамашалаушыларын тиеп, елорданы бетке алған. Суперкубок үшін бәсекені тамашалауға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та арнайы келіп еді. Ол туралы стадионға жиналған көпшілік қауым диктордың хабарлауынан білді. Матчтың белгіленген 19.00-ден он минут кешігіп басталғанын көбісі байқаған да жоқ. Бірінші қырықбесминуттықта аса сақтықпен қимыл-қозғалуға иек артқан қос дружина аса көп қауіпті соққы жасай алмады. Тек екінші таймда ғана командалар допты шірене теуіп, оңтайлы сәттердің бірінде «Ордабасы» капитаны Қайрат Әшірбеков «Тангоны»* Мокин қорғаған қақпаға дәл дарытты. Осылайша еліміздің оңтүстігінен келген дарабоздардың мерейі үстем болды. Суперкубокты жеңімпаз команданың капитаны, матчтың тағдырын шешкен жалғыз голдың иесі Қайратқа Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі табыстады. Салтанатты шара ұлан-асыр шат-шадыман шаттыққа ұласты. _________________________________________________ *Танго – биылғы чемпионатта тебілетін допқа берілген ресми ат.
Авторы:
Nurgisa

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту