Гауһартас
Дәл қазір "Қазақстаннан" «Гауһартасты» көрсетіп жатыр. Кеңестік тәп тәуір дубляжы бар киноны өздері қайтадан дубляж жасапты, орысшасы астынан естіліп тұр. Осының себебін түсіндіріп беретін жан бар ма екен?! Біріншіден, осыған текке ресурс кетті, екіншіден, бәрібір бұрынғы дубляж сапалырақ!
Осымен негатив бітті. Негізі, «Гауһартас» мен үшін үздік фильмдердің қатарында.
Біріншіден, Жанна Қуанышеваның рөлді сомдауы, табиғи сұлулығы ұнады. Өмірде бұл актриса қазақшаға шорқақ, орысша өскен қыздың әсерін қалдырады. Ал кинода нағыз қазақы келін! Өзіне қарай бергің келеді, әлпеті қарапайым қазақ қызынікі, бірақ өзінде бір тартымдылық бар.
Екіншіден, Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Гауһартас» әні. Ноу комментс, тыңдап көру керек! Өкінішке орай, фильмнен үзінді не тіпті жай Бибігүл Төлегенованың орындауындағы видеосын еш жерден таппадым, есесіне Софи Закир атты әншінің орындауында бар екен.
Үшіншіден, мүмкін ең бастысы осы шығар. Кино авторларының шеберлігі. Сценариі, қойылымы, актерлер ойыны (Әмина Өмірзақова, Досқан Жолжақсынов сияқты) бәрі бәрі қарапайым сюжетпен оқиғадағы көңіл күйді керемет бере алған.
Киноға негіз болған Дулат Исабековтің шығармасын оқымадым. Оқысам да, кинодағыдай әсер ала алмайтын сияқтымын.
Сөз соңында керектік ханымдарды өткен мерекелерімен құттықтаймын! Салтанат секілді идеал қазақ келіні болыңыздар!
