Ескі архив · 26.03.2012 14:40

Блогкемп па, құрылтай ма?

Кіріспе дегенге кіріспей жүрмеңдер Блогкемп өтті. КЕРЕМЕТ!!! Басқалай айтуға құқым да, құлқым да жоқ. Біріншісін көрмегесін, осынау жиынның менің көңілімнен шыққаны рас. Тәтті дәмнен ауыз тигендей, таңдайдан кетер емес деп тамсанып қояйын. Хош, сонымен не керек, ойдағы жайттарға келейік. Жалпы, осы құрылтай бізге не берді? Нендей артықшылықтар жасадық? Қателігіміз қай жерде? Міне, осы сұрақтар төңірегінде ой бөлісе отырайық. Өйткені блогкемп болған сәт тарихтың қойнауына қарай алыстаған сайын, салқынқандылықпен таразылаған жөн болар. Ұйымдастыру мәселелері Әлқисса, көзқарастары әртүрлі, әр қилы мінезді, өзінің мені қалыптасқан албырт жастардың басын қосып ризашылықпен аттандыру оңай шаруа емес. Алдымен препатиді халал мейрамханада жасағанды жөн көрген үйлестірушілер көрегенділік жасаған. Өйткені көп жандар түсінбейтін осы жиында «Ой, еріккен жастар, бір мейманханаға топтасып, ішуде екен» деген жел сөздің алдын орады. Республикалық телеарналардың назарын аударған жиынды таза бастауы сәтті әрекет. Сонан соң бас қаладағы қаптаған ЖОО да емес, тап қазір ел назарын аударып тұрған НУ-да өткізгені блогкемп имиджіне ықпал етері сөзсіз. Келесі құрылтайға демеушілердің алдына именбей тосар қадам. Осы құптарлық әрекеттер үлкен еңбекті қажет етіп, іске асса да, кішкене мәселелер естен шығып қалған секілді. Өзгелер айтып жатқан жайттарды айтпай, басқаларын тиек етейік. Мысалы, презентация уақытының тиімді пайдаланбауы. Өйткені берілген уақыттың көбін автордың өзі алуына байланысты, талқылауға уақыт жетпеді. Ал, ол жасалған презентацияның өзектілігі, қажеттілігі қандай деген сауалдың аяқасты болуына әсерін тигізді. Содан соң, бейресмиліктің шектен тыс болу секілді. Дипломдар табыс етуде табыс етушінің қолының ұшымен бере салуы, арнайы фотограф белгіленбеуі, т.б. Тағы айта кететін мәселе, блогкемпке арналған сайттың жөнді жұмыс жасамауы. Басталғанға дейін қарқынды әрекет еткен сайт блогкемп тұсында үні өшті десе де болғандай. Ол сайт тікелей трансляция жасағанда, немесе сауалнамалар жүргізілгенде блогкемптің әрін аша түсер ме еді. Себебі, құрылтай блогшыларға, интернетшілерге арналып отыр ғой. Ұйымдастырушылар ма, үйлестірушілер ме? Ия, осы ұғымдардың басын ашып алу керек секілді. Өйткені Астаналықтар басынан бастап, «Біз үйлестірушіміз, ұйымдастырушылар-блоггерлердің өздері» деп айтып келді. Алайда іс жүзінде басқаша болды. Өйткені келген блогшылар өздерін қонаққа лайық ұстады. Ешкім былай істейік, бүйтсек қайтеді дегендей пікір білдірген емес. Мүмкін оған Астаналықтар да себеп болған шығар. Өйткені, олар құрылтайдың егелеріндей шауып жүрді. Оның үстіне құрылтай соңында жақсы презентация жасағандарға диплом табыс еткенде, үйлестірушілер өздері шешті. Себебі, келгендер таң қалып, кейбірі реніштерін де білдіргендерін естіп отырмыз. Ал оның орнына сайт арқылы сауалнама жүргізіп, "Қандай презентация ұнады?" десе, өзге жақтан келгендер өздерін ұйымдастырушы ретінде сезінер ме еді. Ал жаңағыдай жағдайда қонақтардың өзін қонақ сезінбеске амалы жоқтай көрінеді. Демек, "Қарақыз аудиторияларды жалғыз өзі жинаса, оған көмектеспеді" деп ренжудің қажеті жоқ секілді. Сондықтан Altygradus тың жүз градусқа қайнап бұрқылдауына еш негіз жоқ (әзіл). Блогкемп пе, құрылтай ма? Жалпы, осы мәселені де майшаммен қараған жөн сықылды. Өйткені бұл екі атау бір ұғымды білдірмесе керек. Блогкемпті мен блогшылардың бас қосуы, тәжірибе алмасуы деп түсінемін. Ал, құрылтай дегеніміз белгілі бір мүдделес тұлғалардың басқосуы. Құрылтай барысында келелі мәселелер шешіліп, соңында қарар қабылданады. Ал біздің құрылтайдың нәтижесін көрсететін белгілі бір қаулы қарар болған емес. Дегенмен біздің жиын блогкемптен де үлкен көлемде, тек блогшылар емес, интернетшілердің жиыны. Бұл жағынан құрылтайға ұқсас. Сондықтан ойлануды керек ететін мәселе шаш етектен. Мен блогкемп соңында блогшылар қауымдастығын құруды ұсынған болатынмын. Бұл өте өзекті мәселе екені даусыз. Мұны Атыраудан шықпас бұрын ойға алып жүрген болатынмын. Осыны қайта қайта айтсам да, қолдау табу тиіс деген сертпен шыққам. Алайда блогшылар қажеттігін айтқанмен, мәселе қылып шешпеді. Меніңше, мұны құрмасақ келешекке қиын болатын түрі бар. Ал, қарар қабылдап, осыны шешер болсақ, нағыз құрылтай болар еді. Қорытынды Осылайша Блогкемпті өткіздік. Мен үшін өмірімдегі ең айтулы шара болды десем қателеспеспін. Қаншама дос таптым, қаншама адамдардың жақсылығын көрдім. Оны алда айта жатармын. Әзірше блогкемптің артықшылығы мен кемшілігін айтқым келді. Тек кемшілігін көріпсің десеңдер, келешекте блогкемпті өткізуге үмітті болғасын, тізіп жатқаным ғой. Блогкемпті қай қалада, кімдер өткізсе де, жақсы өтуі әрқайсымыз үшін мерей екені естен шықпағаны ләзім.
Авторы:
kokbori

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту