Ислам әлемі: ащы ақиқат
Дүниежүзінде 1,5-2 миллиард мұсылман бар деп болжануда. Демек, мұсылмандар әлемдегі жан санының 25 пайызын (1/4) құрайды. Бұл өте үлкен көрсеткіш, мұсылмандар христиандардан кейін екінші орында.
Әлемде 57 мұсылман мемлекеті бар, бұлар Ислам Конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер. Демек, әлемдегі барлық мемлекеттердің 30 пайызы (1/3) мұсылмандардікі. Бұл да үлкен көрсеткіш. Дүниежүзіндегі минералды ресурстардың, энергия көздерінің айтарлықтай бөлігі мұсылман елдерінің еншісінде екенін назарға алайық.
Енді осы мәліметтер негізінде мына деректерге көңіл бөліңіз:
Надандық: Әлемдегі мұсылмандардың тең жартысы сауатсыз. Бұл 1,5-2 миллиард адамға шаққанда сұмдық үрейлі көрсеткіш, масқара. Кейбір елдердегі сауатсыздық деңгейі таңдай қақтырады: мәселен, 2008 жылғы деректер бойынша әйелдердің Алжирде 34%-ы, Бангладеште 52%-ы, Мысырда 40%-ы, Мароккода 58%-ы, Пәкістан мен Йеменде 60%-ы, Түркияда 20%-ы сауатсыз. Шумерлердің осыдан 5300 жыл бұрын сауатты қоғам орнатқанын ескергенде, ХХІ ғасырдағы мұсылмандардың мына аянышты халіне не дерсің?! Кітабының аты «Құран», яғни «оқулық» деп аталған, алғашқы аяты «оқы!» деп басталатын бұл діннің үмметіне лайық па осы?
Ғылыми потенциал: Ғылым және техника салаларында жарияланған мақалалардың жалпы мөлшері – елдердің даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштерден. 1996-2005 жылдары аралығында (10 жылда!) Сомалиде 16, ең дамыған мұсылман елі саналатын Түркияда 87 629 ғылыми-техникалық мақала жарияланған екен. Ал аталмыш кезеңде АҚШ-тағы екі-ақ жоғары оқу орнында – MIT (Massachussets Institute of Technology) және Станфорд университеттері 99 643 мақала жарияланған екен! Сол кезеңде Қазақстан 2 242, Ауғанстан 59, Грекия 65 107, Финляндия 86 608 мақала шығарған. Барлық әлем пайдаланатын Нокиа телефондарын өндіретін Финляндияның бар-жоғы 5-ақ миллион халқы бар.
Ғылыми белсенділік: 1996-2005 жылдары жарияланған ғылыми және техникалық журнал мақалалары бойынша: Ауғанстанда 1 миллион адамға шаққанда 2,5 мақаладан келсе, Пәкістанда 53, Қазақстанда 150, Түркияда 1 240 мақаладан келеді екен. Ал Финляндияда бұл көрсеткіш 16 556 және Ирландияда 14 930 мақаладан! Ирландияның 4-ақ миллион халқы бар екенін ескеріңіз. Арадағы алшақтық жер мен көктей!
Ғылыми мақалалар: 2005 жылы Ислам Конференциясы ұйымына мүше 57 елде (1,5 миллиард адам!) барлығы 45 425 ғылыми мақала жарияланса, АҚШ-тың бір Нью-Йорк штатының (19 миллион адам!) өзінде 52 560 мақала жарияланған екен. Бір ғана Гарвард университетінде (6 650 студенті бар) 2005 жылы 15 455 ғылыми мақала жарияланғаны көп нәрсені байқатады. Осы уақытта Қытайда – 80 282, Ресейде – 28 073, Үндістанда 29 047 мақала жарияланған.
Зерттеу және дамыту (R&D): 1996-2003 жылғы деректер бойынша мұсылман елдері ішкі жалпы өнімдерінің (ІЖӨ) тек 0,38 пайызын зерттеу және дамытуға жұмсаса, АҚШ 2,67%, Қытай 1,31%, Оңтүстік Корея 2,64% және Израиль 4,72 пайызын зерттеу және дамыту саласына жұмсайды.
Жоғары технология (Hi-Tech): 2004 жылы барлық мұсылман елдерінің әлемдегі жоғары технологиялық өнімдер (ЖТӨ) экспортындағы үлесі небары 4,1% болған. Осы көрсеткіштің, яғни 4,1 пайыздың 97 пайызын үш мұсылман елі құрайды: Малайзия, Индонезия және Түркия. Қалған 54 мемлекет 3-ақ пайызға ие. Осы санаттан әлемдегі ЖТӨ экспортының АҚШ 15%-ын және Қытай 11%-ын өндіріп отыр. Жоғары технологиялық өнімдер былай тұрсын, мұсылмандар қарапайым өнімдердің өзін басқа діндегілерден алады. Басқаны айтпағанда, мәселен, Меккедегі Қағбаның айналасындағы дүкендерде сатылатын жайнамаз, тақия, азан шақыратын сағат, тәсбіх, құбыла компасы т.т. сияқты тауарлар түгелдей Қытайдан әкелінеді! Мұсылмандардың бір Нокиа, Самсунг, Тойота т.т. сияқты әлем таныған брэнді де жоқ.
Қалғаны қайда? Әрине, «Нұр Астана» газетінің сайтында
