Сөзінен айну хит-парады
Қазақ — бесжүзді халық: өздері үш жүзден құралған және әрқайсысы — екіжүзді. © Мастұр батыр
Қаззақтардың лақтырғанынан талай зардап шегіп келдік, шегіп те жүрміз. Жалпы бұ халық сөзінен тез айнудың шебері екенін айқын дәлелдерімен көрсетіп келеді. Менің өмірімде соңғы кездері кездескен сөзінен айну мысалдарын сараптай келе, үздік үштікті анықтағым келді.
3 орында: Бастық.
Шартты түрде Бастық деп аталсын. Кейде өзі жұмысқа шықпай қалса, мені өзінің орнына шығаратын. Менің жұмыс күнім келісімшарт бойынша бейсенбі, жұма, сенбі еді. Ол мысалы дүйсенбі күні түнде 11-12-лерде (түннің бір уағында хабарласқаны бөлек әңгіме) звондайды:
— Ертең менің орныма шыға қойшы.
Жұмыстың таңғы 7-де басталатанын ескерсек, тез арада келісім беріп шешім қабылдау мен үшін қиын нәрсе, өйткені мен демалыс күндерімде басқа шаруаларымды тындырамын, өз жоспарларым бар дегендей. Бастық болған соң амал жоқ келісіп, таңертең 6-да тұрып жұмысқа барасың. Барсаң… Оп-па! Бастық өз орнында:
— Кеше басым ауырып, шыға алмай қалам ба деп ойлағам (Осы жерде аянышты түрмен мұрнын тартып қояды). Сен келдің ба? Аааа… Бекер келдің, өзім шығып істей беретін едім ғой.
Не айтарыңды білмей кері қайтасың. Кешке бастық кешегідей өтінішпен тағы хабарласады…
2 орында: Тапсырысшы.
Маған аударма жасауға тапсырыс берген адам. Шартты түрдегі аты — Тапсырысшы.
Тапсырысшы аудармаларын тастап кетеді:
— Ертең бітіру керек! Ал, саған сендім. Ертең таңертең 9-да біздің корпустың алдында кездесеміз. Мен 8-30-дарда келіп тұрамын ужі! — дейді ол.
— Жарайды, — деп тапсырысын уақытында орындау үшін бар жағдайды жасайсың, түнімен ұйықтамай, жұмысты бітіріп, таңертең 8-де үйден шығып кетесің. Белгіленген уақытта корпустың алдына келіп, телефон шаласың: ешкім көтермейді. 1-2 минуттан кейін тағы звондайсың, ешкім көтермейді. Осылай бірнеше әрекеттен кейін:
— Әлөөө, — деген өлімсіреген немесе ұйқысыраған дауыс шығады.
— Алло, мен ғой, күтіп тұрмын корпустың алдында, қайдасың?
— А! Не ғо, түсқайта кездесейікші, қазір басқа жұмыстарым шығып тұр. Өзім звондаймын, жарай ма?
1 орында. Автобустағы қыз.
Бұның өз сөзінен, ойынан тез айну талантына ауыз ашып қалдым енді. 3-4 сөйлеммен-ақ құбылудың супер жылдам процесін мүлтіксіз орындап шықты. Монолог шамамен былай өрбіді:
Автобуста қасымда тұрған қыз телефонмен біреуге звондады:
— Әлө. Қалайсың?! Иә, бардым собеседованияға! Ертеңнен бастап келе берсең болады деді. Иә, жұмысы нормально сияқты. Аздап ауырлау негізі ше? Көремін ғой енді… Ертең баратын шығармын. Ауыр енді. Барсам ба деп отырмын, білмейм енді… Бармайтын шығармын, жұмысы ауыр, құрсыншы. Басқа жер қараймын. Жақсы, пока, хабарласамыз ғо.
Есіме түскендері осы енді. Өздеріңнің хит-парадтарыңды жасаңдар
