Абзал жандар ма, арам жандар ма?
«Милиция мен медицинаға күнің түспесін»
Осы сөздің түрлі нұсқасын естіп жүрсем де, онша көп мән бермейтінмін. Тіпті «Ана жақта дәрігерлер бүйтіпті, мына жақта сүйтіпті» деген қауесетті де елемейтінмін. Алайда, басыңа түссе ойлана бастайды екенсің.
Менің немере екі әпкемнің де қыздары сау болып туғанмен, бір жасқа жетпей аяқтарынан тұра алмайтын болды. Аяқтарын баса алмайды екен. Бірақ туған кезінде ештеңе айтылмапты. Демек кейін келген деген сөз емес пе? Әйтеуір, Алматыға, Астраханьға шауып жүріп емдетті. Сонымен не керек, бұрынырақта болды ғой деп жүрген кезде, өзімнің туған апамның ұлы сондай аурумен ауырады екен. Диагноз тура алдындағы жиендерімдегідей. Оны да емдетіп жүрміз. Осы кезде ғана бір сыпсың сөз шыға бастады. «Дәрігерлер туған бойда тізесінен жілік майын сорып алады» дей ме,әйтеуір сондай. Шыны керек, бұған қазақшылығымызға салынып, әйтеуір емделсе болды деп үйдегілер елер емес. Бірақ біздер үндемегенмен қаншама ауыр қылмыс жасалынып жатыр, егер шын болса. Айтайын дегенім, осындай жағдайлар сіздердің, болмаса сіздердің жақындарыңыздың басынан өтті ме? Осы сөздің рас-өтірігін біле алатындар бар ма? Шынымды айтсам, біреуге осыншама күнәні үйіп төгіп тастағым келмей отыр. Бірақ беймаза ой да тыным таптырар емес.
Пы.сы.«Гиппократ анты қайда?» деп жар салғым келіп отырғам жоқ. Бірақ білгендеріңізді ортаға салған жөн болар.
