Ескі архив · 05.06.2012 20:49

В тобы

Топтық кезеңде бейтарап жанкүйерлердің назарын жаулайтын В тобы болатынына күмән жоқ. Мамандардың пікірінше дат футболшылары үшін бұл турнир топтық кезеңмен аяқталады. Негізгі талас қалған үш құраманың арасында өтеді. Голландия Голандия футболшыларының есімдері кез-келген қарсыластың көңіліне үрей ұялатады. Ван Перси, Снейдер, Ван дер Ваарт, Роббен, Хунтелаар. Шабуылдаушы топ кез-келген қамалды бұзып өте алады. Ал, Ван Боммель, Найджел Де Йонг секілді орталық жартылай қорғаушылар қарсыластан допты аяғымен қоса жұлып алуға дайын. Оларға Люк Де Йонг, Кевин Стротман, Джетро Виллемс секілді жастарды қосқанда, кез-келген жаттықтырушы армандайтын команда дайын. Бірақ, жоғарыда аталған шебер ойыншылардың көпшілігі кез-келген уақытта жарақат алып, қатардан шығып қалуы мүмкін. Голландияның ең әлсіз тұсы да осы. Команданы істен шығып қалу қауіпі жоғары Ван Перси, Снейдер, Ван дер Ваарт, Роббендерсіз елестетсеңіз, тек жағаңызды ұстау қалады. Дания Дания құрамасы осы турнирдегі әділ бағасын алмаған командалардың бірі. Сарапшылар олардың өз тобынан шығатынына сенбейді, алайда, дат футболшылары іріктеу сынында Португалия құрамасын шаң қаптырып кеткен болатын. Ендеше, ауызбіршілігі мықты, тәжірибе мен жастық жалын үндескен Дания құрамасынан сенсация күтуге болады. Әсіресе Аякстың жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксеннің ойынын зейін салып қарау керек. Құраманың ардагерлері Ларс Якобсен, Кристиан Поульсен және Деннис Роммедаль үшін бұл Европа чемпионаты соңғы халықаралық турнир болуы мүмкін. Сондықтан олар да, қартайғанда айтып жүретін әңгіме болуы үшін аянып қалмайды деген ойдамын. Германия Германия құрама командасы өз тобының ғана емес, жалпы турнирдің бас фавориті. Іріктеу сынында неміс машинасының қарқына ешбір қарсыласы төтеп бере алмады. Қазақстан құрамасы оларға екі матчта 7-0 есебімен жеңілді. Бундестим турнирдің ең жас командасы, орташа жасы 24. Бүкіл ел үмітін артып отырған Томас Мюллер, Марио Гетце, Андре Шюрлле сынды ойыншылар бар жоғы жиырма екіде. Бірақ, осы жастық та кері әсер етуі ықтимал. Әсіресе қорғаныста Филипп Ламнан басқа көпті көрген, психологиялық тұрақты, бастысы әбден тексерілген спортшы жоқ. Дегенмен, жақында ғана Чемпиондар Лигасының кубогін қолынан шығарып алған, құрама сапындағы бавариялықтар, іштегі шерін Еврода шығаратын шығар. Португалия Селесау жанкүйерлер үшін ыңғайлы команда. Португалдықтар гол соғуды да, өз қақпасына гол жіберіп алуды да қатырады. Іріктеу сынында олар 27 рет гол соғып, он үш рет өздері қапыда қалды. Қақпашы мен жартылай қорғаныс футболшылары өте мықты. Европаның бас жұлдызы Криштиану Роналду ойын тағдырып бір ғана соққымен шеше алады. Алайда, қорғаушылар мен шабуылшылар мұндай шеберлік таныта алмауы мүмкін. Бір сөзбен, құрамада әлі де баланс жоқ. (Роналдудан әдемі емес пе?! ) Әрине қағаз бетінде Голандия мен Германия айқын фаворит. Бірақ, есеп-қисап, болжам-сенім, бәрі-бәрі алаңда әдірәм қалатыны хақ. Немістерді ширек финалда көретінімізге күмәнім жоқ. Ал екінші орынмен, романтика үшін Данияның шыққанын қалар едім. Ойындар кестесі: 09.06.2012 22:00 Голландия — Дания Стадион: Металлист, Харьков (UKR) 10.06.2012 00:45 Германия — Португалия Стадион: Арена Львов, Львов (UKR) 13.06.2012 22:00 Дания — Португалия Стадион: Арена Львов, Львов (UKR) 14.06.2012 00:45 Голландия — Германия Стадион: Металлист, Харьков (UKR) 18.06.2012 00:45 Дания — Германия Стадион: Арена Львов, Львов (UKR) 18.06.2012 00:45 Португалия — Голландия Стадион: Металлист, Харьков (UKR)
Авторы:
Marco

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту