D тобы
Украина Еуропа чемпионатына бірінші рет қатысайын деп отыр. Англияның соңғы үлкен жеңісін көргендер қазір елудің үстіне шықты. Шведтерден чемпиондық күту ұят сияқты. Ал, француздар болса 1998-2000 жылдардағы ғажайып күйінен адасып қалды.
Украина
Алаң қожайыны Украина құрамасы сарапшылар пікірінше өз тобының аутсайдері. Бірақ, өз жері мен жанкүйерлері қуат берген командалардың ерлік жасай алатыны аян. Командада Шевченко, Тимощук секілді тәжірибелі ойыншылармен қатар осы чемпионатты шулатуы мүмкін жастар да жеткілікті. Ең қиыны «бірінші нөмір». Негізгі екі қақпашы жарақатына байланысты Евро-2012ден тыс қалды.
Олег Блохин
Англия
Басынан дау арылмаған Англия құрамасы бұл чемпионатқа да тыныш жете алмады. Рой Ходжсон, әрине жақсы бапкер. Бірақ, етек-жеңін жинауға уақыты тым аз болды. Оның үстіне, сенім артқан жігіттері Лэмпард пен Гари Кэйхилл жарақат алып қалды. Руни болса алғашқы екі матчқа қатыспайды. Джонс, Уелбек және Окслэйд-Чемберлен секілді жастардың қыр-сыры әлі толық танылған жоқ. Бұлар аяқ астынан тосын қимыл танытып, қарсыластарды қапыда қалдыру әбден мүмкін.
Франция
Франция футболының безгегі таусылған сыңайлы. Раймон Доменек өзінен кейін команда емес қойыртпақ бірдеңе қалдырған болатын. Лоран Блан салыстырмалы түрде қысқа уақытта құраманы тік тұрғыза алды. Француздарда тұрақтылық, шеберлік, тәжірибе, жастық жалын бәрі бар. Жастар қатарынан жартылай қорғаушы Ян Мвилланың шоқтығы биік. Ал, тәжірибені Эвра мен Рибери қамтамасыз етеді.
Швеция
Швеция құрамасының басты жұлдызы Златан Ибрагимович биыл клубтық деңгейде чемпиондық атақсыз қалды. Евро-2012 бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін тамаша мүмкіндік. Алайда, шведтерді чемпиондықтан үміткер деп ешкім ойламайды. Тіпті, командада Златаннан өзге ауыз толтырып айтатын футболшы да жоқ. Дегенмен, ұзын бойлы, әлеуетті шведтерге гол соғу үшін бір-екі стандартты жағдайдың өзі жеткілікті. Іріктеу сынында олар, орта есеппен әр ойын сайын үш гол соғып отырған.
2006-жылғы әлем чемпионатындағыдай өнер көрсетсе, украиналықтар көпке барары сөзсіз. Шведтердің тағдыры Ибрагимовичке тікелей байланысты. Ибрасыз Швецияның көсіліп шабатынына өз басым сенбеймін. Ағылшын және француздар футболшылары қарсыластарынан әлдеқайда мықты. Бірақ, оларға артылатын жүк те ауыр, көтере алмай қалуы ықтимал. Букмекерлер осы екеуіне сенім артып отыр. Менің де ойым осындай.
Ойындар кестесі:
11.06.2012 22:00 Франция — Англия
Стадион: Донбасс Арена, Донецк (UKR)
12.06.2012 00:45 Украина — Швеция
Стадион: Олимпийский, Киев (UKR)
15.06.2012 22:00 Украина — Франция
Стадион: Донбасс Арена, Донецк (UKR)
16.06.2012 00:45 Швеция — Англия
Стадион: Олимпийский, Киев (UKR)
20.06.2012 00:45 Швеция — Франция
Стадион: Олимпийский, Киев (UKR)
20.06.2012 00:45 Англия — Украина
Стадион: Донбасс Арена, Донецк (UKR)
