Ескі архив · 28.06.2012 10:57

КерекИнфода жоғары рейтингті пост жазу амалдары

КерекИнфода бүгінге дейін 9000-ға жуық пост жарияланыпты. Оның барлығы жақсы баға алды, пікір жазылды дей алмаймыз. Сайт ішінде қолданушы рейтингі де бар. Көбінесе сол рейтингі жоғары блогшылардың жазбалары оқылады, көп пікір жазылады. Бүгінгі жазбам КерекИнфода беделді блогшы, рейтингі жоғары қолданушы болу туралы болмақ. Сонымен жазған постыңыз жақсы бағалануы үшін не істеу керек? 1. Дұрыс уақыт КерекИнфода уақыт маңызды факторлардың бірі. Байқасаңыз бұл жер жұмыс күндері қатты қызады. Жұмыстан қолы босағанның бәрі осында келеді. Демалыс күндері белсенділік төмендеу. Сондықтан мақаланы адам көп кіретін кезде жазған дұрыс. Жұма күні жұмыстан кейін немесе сенбі күні жарияласаң оқылу шансы аз болады. Одан кейін жазылғандардың артына түсіп, көпшілікке көрінбей де қалады. Ең идеал уақыт сейсенбі күні таңертең шығару немесе жұмыстан босай бастаған жұма күнгі таңертең. Дүйсенбі күні жұмыс аптасының басы болғандықтан онша байқалмай қалуы мүмкін. Егер тақырыбың актуальды болмаса ыңғайлы уақытты күт. 2. Мақала тақырыбы Әдетте көпшілік сайттың оң жағындағы Тікелей эфирден қарап отырады белсенді тақырыптарды. Сондықтан КерекИнфоның талғампаз оқырманын тақырыбыңмен де қызықтыра алуың керек. Тақырып аты мақаланың не туралы екенін түсіндіре алуы керек. Қатты ұзын да емес, қысқа да емес, нақты жеткізе алуың керек. Тақырыптың соңына «туралы», «жайлы» сияқты сөздерді қолданба. Сөйлемнің бәрін үлкен әріппен жазба. Және ең бастысы тақырып соңына смайлик қойма. Яғни, алдын ала тақырыбыңа олай комент жасама. Күлкілі ме, мұңды ма оны оқырман өзі бағаласын. Қысқасы тақырыбың нашар қойылса мақалаң өлді дей бер. 3. Жеткізу формасы Мәтінді орналастыру өте маңызды. Ұзын мәтін, көп әріптен қорықпа. Кез келген ақпаратты әдемі жеткізуге болады. Бар мәселе осында, дұрыс жеткізуде. Байқасаң мәтін орналастыратын жерде бірнеше батырма бар, мәтінді әрлеу үшін соның барлығы. Жарияламастан бұрын алдын ала қарап алуыңа да болады. Шұқып көр, эксперимент жаса. Алдын ала қарап ал бірнеше рет, сосын барып жарияла. Мәтіннің маңызды жерлерін қою қыл, цитаталарды бөлек ал. Кей жерлерін қисайт, астын сыз. Адамды тарту үшін тақырыпқа сай сурет қой. Тек суреттерден тұратын пост болса әр суретке қысқаша түсініктеме жаз, оқырманның бәрінде телепаттық қасиет болмауы мүмкін екенін ескер. 4. Қайталама Бір жерде бұрын жарияланған нәрсені көшіріп әкелуге құмартпа. Сайт ішінен ізде. Сол тақырып бұрын да болған болуы мүмкін. Пікір ретінде жазып, өзің көрген жерге сілтеме тастасаң ақпаратың да құндырақ болады. Сол уақыттағы маңызды жаңалықтардың бірімен бөліскің келсе алдымен соңғы жазбаларды қара, сенен бұрын да ол жаңалықты жазғандар бар болуы мүмкін. 5. Пікірталас Мақалаңның соңын жасырын түрде «сіз қалай ойлайсыз бұл жөнінде?» деген сипатта аяқта. Пікірталас тудыра алатындай, пікірталасқа шақыратындай қылып жаз. Өз тақырыбыңа жазылған пікірлерге дұрыс жауап бер. Сынды көтере біл, агрессиядан қаш. Жұрттың бәрі сенімен бір пікірде болуы мүмкін емес екенін түсін. Осылардың бәрін дұрыс орындасаң, 24 сағат ішінде өз постыңды алғашқы бетте көресің. Есіңде болсын алғашқы бетке 20+ алған посттар шығады.
Авторы:
arshatoraz

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту