Ескі архив · 03.07.2012 14:12

Қыздар ғана кіретін кабинет

Бірінші курста ағамның үйінде жатып оқыдым. Екінші курста «Әй дейтін әже, қой дейтін Қожа жоқ» еркін өмірге қызығып жатақханаға шықтым. Жатақханаға шығу үшін медициналық тексерістен өтеді екен. Салып ұрып емханаға келдім. Тіркеу бөлімі тексерістен өтетін кабинеттерді бір парақ қағазға жазып берді. Бір уақытта құрбым Қарақаттың бауырын көзім шалып қалды. Ол бірінші курсқа енді кеп жатқан. Не істеп жүрсің деймін үлкенсіп. Мен де жатақханаға орналасайын деп едім дейді бала. «Кәне көріп жіберейін, қағазыңды бер. Саған бір кабинетті жазуды ұмытып кетіпті. Менде төртеу. Сенде үшеу. Ештеңе етпейді, бірге өтеміз. Менен кейінгі кезекпен кіресің»,-дедім ширақтық танытып. Кезек күтіп тұрмыз. Кілең әйел. Мына бала менен кейін деп қоям. Жұрт адырая қарайды. Сұрастырсам, кабинетке кіру үшін жаялық керек екен. Ақша бердім де, өзіңе, сосын маған алып кел деп әлгі баланы жұмсап жібердім. Кабинетке кіргенде бірақ білдім ғой! Баланы есік алдына тастап зыттым. Содан оқу бітіргенше Қарақаттың бауырынан қашып жүрдім. Ауылда іш ауырса да, тіс ауырса да баратының бір дәрігер. Қайдан білейін, қыздар ғана кіретін кабинет болатынын. Сөйтіп есейгенім бар.
Авторы:
Jansarai

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту