Ескі архив · 04.07.2012 21:41

Есі дұрыс еркек бір әйелмен елу жыл тұра ма?

Арқада қара сөздің майын ішкен Рамазан Сәттібаев деген азамат бар. Жиын-тойда айтқан әр сөзі мәтелге айналып, жүрген жерінде елді қыран-топан қылып жүреді. Тоғыз қыздан кейін аңсатып дүниеге келген Рамазан әкесімен құрдастарша қалжыңдасады дейді. Әкесін: “Сенің әйеліңнен менің әйелім жас, көрікті”,-деп шамдандырады екен. Сол Рамазанның әкесі мен шешесінің қосылғанына 50 жыл толыпты. Рамазан бір тойдың көркін қыздырып жатса, оның әйеліне қайынапалары қоңырау шалып, “Қайда жүрсіңдер, әке-шешеміздің қосылғанына 50 жыл толды, атап өтпейміз бе, ақылдаспаймыз ба”,-деп бас салып ұрса жөнеліпті. Әйелінің қабағы түсіп, Рамазанға: “Тойға өзің бара бермедің бе, мен сөз естіп жатырмын. Атам мен енемнің қосылғанына 50 жыл бопты. Маған айтсаң болатын еді ғой”,-деп реніш білдіреді. Сонда Рамазан телефонды ала сап, әкесіне қоңырау шалады. “Әке мынауың ұят болды ғой, елге не бетімді айтам, мені жерге қараттың ғой”,-деп зарлап қоя береді Рамазан. “Ойбай ау, не болды, сонша?”,-демей ме әкесі. “Есі дұрыс еркек бір әйелмен 50 жыл тұра ма?”-деген екен Рамазан. “Құрығыр!”-деп әкесі телефонды тастай салыпты.
Авторы:
Jansarai

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту