Ескі архив · 31.07.2012 13:31

Іштен шыққан сұр жылан

Бұрындары «Дәрігер науқастың асқазанынан жылан тауыпты» дегенді бір-екі рет газет беттерінен оқығам. Кеше осындай жәйтті бастан өткерген бір келіншек туралы естіп, жағамды ұстадым. Әлгі келіншек жақын бір апама қайынсіңлі боп келеді, 1966 жылы туған. Осыдан 6 ай бұрын асқазанға түскен рак деп, Алматыдан операция жасатты. Өзінің айтуынша, қарынның жартысынан көбі жарамсыз болғандықтан дәрігерлер алып тастаған. Құдай аясын, күні бүгін күн санап өмір сүріп жатқан жайы бар. Өмір деген қызық… Тірлікте дені сау адам аса мән бере қоймайтын нәрселер «Жықпа, жаным, шықпа!» деп отырғандар үшін арман кейде… «Жалғыз қызым бір айдан соң 16-ға толады, куәлік алғанын көрсем болды», — деп тілеумен отыр, қайтсін енді. Осы келіншектің асқазанның азабын тартып жүргеніне 5-6 жылдай болған. Онкомаркер анықталып, жаман аурудың аты аталғанға дейін өз бетімен неше түрлі дәрілер қабылдаған. Қазір биоактивті қоспалар бар ғой неше түрлі, айтуынша соның барлық түрін қолданып көріпті. Бір күні… Бір күні күндегі әдетінше асқазаны маза бермей, іші бүріп, ақыры тіпті дәретханада түнеуге дейін барады. Дәретке бармаса шыдатар емес, барса ештеңе жоқ… Осылай біраз қайталанып, әбден есі шыға жаздайды. Ауру маза бермей, тағы бір рет дәретке отырса, ішінен лып етіп сусып бірдеңе түскендей болыпты. Дереу қараса, унитаздың ішінде 15-20 см шамасында ирелеңдеген жылан жатыр. Шошып кетіп, унитаздың қақпағын жауып, қалай әлгі жыланды ағызып жібергенін өзі де байқамай қалыпты. Дәрігерлер көзбен көріп, зерттемеген соң бірдеңе деу қиын депті. Ал өзі мұны дертіне дауа болады деп ішкен сан түрлі дәрі-дәрмектің «пайдасы» деп ойлайды. Содан көп кешікпей пышаққа ілікті, әлі күнге шейін жыланға зерттеу жасатпағандығына өкініші бар. Қорқып кеткен ғой қатты. Шетелде ұйықтап жатқан адамның аузынан жылан кіріп кетіп, кейін асқазаннан алған жағдайлар кездесіпті. Ондай жағдайда науқастың жағдайы бірден қиындайды екен. Қандай да бір қорытынды жасағым келіп отырған жоқ, өз еншілеріңе қалдырдым.
Авторы:
alisha

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту