Сізді жұмыстан суытатын қызметкерлер түрлері және сипаттамалары
Бұл жазба студенттік өмірдің кайфынан әлі арыла алмай, шын өмірдің ауыртпалығына әлі кірісе алмай жүрген экс-студенттерге немесе жаңадан жұмыс іздеушілерге арналады. Жаз бойы алдымен таныс іздейсің, резюме тастайсың. Сосын бір күні хабар келеді пәленше деген жермен сөйлесіп қойдым, ертеңнен бастап кіріс деген. Сонымен басталады жаңа өмір, жаңа жұмыс, жаңа орта. Әдбетте басында қиналасың, жұмыс ұнамайды бастапқыда. Жұмыстағы адамдар да бір түрлі көрінеді. Сөйлесіп кетуге қиналып жүресің. Жұмыста да жақсы адамдар мен жаман адамдар болады. Әңгіме осы жаман адамдар туралы болмақ. Бұл адамдардан алыс болғаның жөн. Көп араласпа.
1. Беліне шәлі байлаған әйел
Мұндай адам нағыз кеңсе монстры! Шәлі оның дене мүшесі деуге болады. Онымен бірге өмір сүреді. Қыста аяғын орайды, одан кейін белге қарай көтеріледі, сосын арқасын жабады. 7 күн, 24 сағат тоңады бұл кісі. Кеңсенің басты энергия сорушысы. Бұл кісіден таралатын жаман энергия айналадағыларға тарап, бөлмеде жаман бір аура қалыптасады. Ешқашан күлмейді бұл әйел. Жұмыс үстеліңді алыс қойғаның дұрыс немесе мүмкін болса басқа бөлмеге көш. Ешқашан мәселесі бітпейді және жастарды көп жұмсайды.
2. Телефонмен көп сөйлесетін әйел
Мұның да ешқашан мәселесі бітпейді. Алдына қашан барсаң да телефонмен сөйлесіп жатады. Айтатыныңды айта алмай қасында ұзақ тұрасың. Балалардың балабақшасы, мектебінен бастап жер алу мәселесі, кредит төлеу, тойға бару сияқты миллион мәселесі бар. Шаруаңды тез-тез айт та қашып кет, онсыз да аз уақытың болады шаруаңды айтуға. Өйткені бір қолында телефон тұтқасы, саған қарап тұрады «тез бол» деп. Мүмкіндігінше бұл кісіге шаруаң түспесін. Мұның да жаман энергиясы бойыңа сіңіп қалады.
3. Ештеңе ұнамайтын кісі
Бұл кісі көп сөйлейді, оған ештеңе ұнамайды. Барлық нәрсені сынайды, жек көреді, арыз жазады, оппозиция сайттарын оқиды, оқығандарын айтады. Тіпті шылым шегуге де шықпа бұл кісімен, есіңді тандырады. Елбасы да, саясаты да, сіздің бастық та, жұмыс та, ештеңе де ұнамайды бұған. Сыйақы да аз, жалақы да аз бұл кісі үшін. Мұндай жануардың азабынан құтылудың бір жолы — ол бір мәселе айтса сен 3 мәселе айт. Бір есе айтса, сен 5 есе қылып айт. Мәселені одан сайын үлкейт, өзі қашып кетеді.
4. Сықиып киінген жігіт немесе қыз
Жұма күніне дейін шыдай алмай ауылдан келген сыныптастарыңмен сейсенбі күні ішесің мысал үшін. Сәрсенбі күні таңертең жұмысқа әзер келесің, бас ауырып тұр, киім қыртыс-қыртыс, тіс жуылмаған, аяқкиім лас. Сол кезде таң ертемен алдыңа шайтан сияқты біреу жетіп келеді. Сықиып киінген, аяқкиім жып-жылтыр, көйлек-шалбар үтіктелген, шаш таралған, сақал қырылған немесе тап-таза ақ блузка киген, қара юбкалы, шаштары артқа тартылған, көздері от болып тұрған қыз. Сенен кешегі есептерді сұрайды, бастыққа баратын қағаздың дайындығын сұрайды. Ондай кезде әрине дайын болмай қалады. Компьютер де жәй істеп қалады, мына жақтан агенттен келген хабарламалар жалт-жұлт етіп жатады. Мұндайлармен кикілжіңге кірме, сыпайы бол, жәй сөйлес, солай құтыл.
5. Ақша жинайтын қыз
Жұмыстағы жек көрінішті типтердің бірі ақша жинаушылар. Өзің онсыз да ақша жеткізе алмай жүрген кезде бір апайдың туған күні болып қалады, бастықтың қызы мектеп бітіреді, бір ағайдың немересінің шілдеханасы болады, бухгалтериядағы бір қыз 2-ші рет күйеуге шығып жатады, 8-март, Наурыз, анау-мынау… Қысқасы өмірі бітпейтін ақша жинаулар болады. Жаңағы қыз сол кезде алдыңнан шыға келеді Әзірейіл құсап! Ақша бермесең жаманатты боласың. Жоқ болса жаңағы қыз бір апайдан сұрап береді немесе бухгалтер айлықтан ұстап қалады. Бұдан енді құтыла алмайсың, қаша алмайсың. Көнесің.
***
Фото-бонустар
Осындай жиналыстар болып тұрады, шыдайсың соңына дейін
Жұмыста шәй ішу, біреудің туған күні
Ақша жинау сәтінен бір көрініс
Фотолар www.google.kz сайтынан алынды.
