Ескі архив · 19.08.2012 02:26

Алғашқы дәнекерлік тәжірибем

Әуесқой дәнекерші жабдығын («сварка») сатып алғалы бері алғашқы еңбегім. Қағаз бен «клаваны» балға мен орақ қылып жүрген маған шынымды айтсам дәнекерлеу кәсібін үйрену қиынға соқпады. Әрине, әлі біраз үйрену керек. Міне держакты қолыма алдым, ішіне электрод салдым. Қысқашын бір кесек темірге бекіттім. Тоққа қостым. Қараңғылатқыш пен қолғапты кидім. Жұмыстағы сварщик шал үйреткендей, әлгі кесекке бір екі рет ұрып көрдім. Сатыр-сұтыр жарқышақтар. Артым дір ете қалды. Белгісіздік үрей ұялатады, бірақ тәуекел мен жас баланың қызығушылығы басым. Тағы да бір-екі рет жүргізіп өттім. ӘРі тызылдатып, бері тызылдатып, арасында атыңнан айналайын ютубтан видеосабақтарды қарап, жарты қорап электродты боқтан өзгеге жаратып, ақыры меңгеріп алғандай болдым. Содан, не істейін?! Интернеттен тренажерлар қарап жүріп, мынадай қарапайым, атлетикалық тар жайдақты жасағым кеп кетті. Бағасын қарасам, 12 мың орыс рублі дейді. Теңгеге шаққанда 60 мыңнан бірақ шығады. Тырыссаң жиырма бес мыңға қытайлығын табуға болады екен, бірақ өз салмағыма зілтемірдің салмағы қосылғанда сапасыздың бір жері майысып кетіп, зілмен қоса омақаса құлағым келмеді. Сонымен мен тап осының қолынан іс келетін жарлы-жақыбайларға арналған бюджеттік нұсқасын өзім жасап көрмек болдым. sport-baza.ru — сайтынан чертеждарды басып шығарып, өлшемдерін бойыма ыңғайлап, іске кірістім. Үйден бұрыңғы навестен қалған 5 см-лік мықты бұрыштықтан 2 метр болгаркамен кесіп алдым. Екі жерінен 44 сантиметрден өлшеп алып, алдымен белгілеген жерден үшбұрыш қиық жасап, сосын темірді 90 градус иіп, дәнекерлеп тастадым. Сосын тақтай тұрақты болсын деп, белтемірге көлденеңнен қысқа, әрі жалпақ қалыңдығы 3 мм, ені 5 см таспа темірден 15 сантиметрлік 3 қиындыны дәнекерледім де, үстіне ені 27см, қалыңдығы 1,5 см (жіңішке жағы 25см) іске аспай қалған ескі жиһаздың тақтайын жонып, 8 болтпен қатырдым. Шаруаның жартысы бітті, енді тек қара спрей-бояумен сырлап тастау ғана қалды. Сырлау процесінен кейін, тақтайдың бетіне 3см жұмсартқыш полиуретанды өлшеп, кәдімгі декор желімдейтін желіммен (ремонттан қалған) жапсырып тастадым. Бұл процессте Айана деген кішкентай ассистентімнің көмегі зор болды Сосын жасанды былғарымен жауып, жиһаз қаптайтын степлермен ДСП- тақтайдың астынан тырсылдатып бекіте қойдым. Аса қатты теппеңдер. Бұл менің алғашқы әрекетім. Бас аяғы материалдарға 4000 теңгем, және екі кеш уақытым (шамамен 6-7 сағаттай) кетті, бірақ біраз материалдар артылып қалды, енді бицепс жаттықтыратын парта жасаймын.
Авторы:
Gastarbaiter

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту