Керекинфо - ертегілер елі
Керекинфо — ешкім оңайлықпен жете қоймайтын, жетсе де, ішке ене қоймайтын ертегілер әлемі деп қарасақ, ондағы қалданушыларды ертегі кейіпкерлеріне бөліп көрейікші:
Админ — ертекші
1. Бұлбұл
Кез келген нәрсені бүге-шүгесіне дейін қалдырмай, көңілді баяндап отырады. Ортаның «гүлі». Оқиғаны жандандырып, қиялына ерік беріп, позитивті молынан қосып, адамдардың бақытты болып қосылғанын қалайды, соған жазбасын бағыттайды. Көмейінен, ой, қаламынан төгілген жазбаларды оқыған сайын оқығың келе береді.
2. Түлкі
Өзі туралы ауыз ашпауға тырысып, сұрақтан сұрақ тудырады. Қулыққа басып, сенен қате тапқысы келеді, сол арқылы өз пайдасын көздейді. Постыңның әр нүктесіне тоқталып, ұзақ зерттеуге тырысады. Мағынаның астарын іздейді.
3. Аю
Өзі туралы әңгімені жаны сүйеді, мақтаншақ. Қорқақтығы бар, ішкі жан-дүниесі өте әлсіз, сыртқа «дәу» боп көріне алады. Кейде тіпті қиналып жүргенін айту арқылы да өзіне елдің назарын аудартып алуы мүмкін. Бастысы, ел аузынан түспеу.
4.Қасқыр
Ақиқат үшін жанын салып, ұрысуға, тіпті қырылысуға бар. Пікірін тік жеткізе алады. Сол арқылы өзінің үстемдігін көрсетіп, тісін батырып қалуға тырысады.
5. Мыстан кемпір немесе тролль
Өте сауатты және астарлы түрде жазба иесін еденнің деңгейіне дейін төмен таптап, алыстан сақ-сақ күліп отыра алады. Жәй ғана салғыласудан бастап, жүрегіңіз ауыратындай әңгіме айтылатын жанжалға ұластырмай тұрғанда, үнсіз қалу керек. Назарына бір іліксеңіз, іздеп жүріп, тиіседі.
Сатыбалды бырат есіме түсіп кетті шы
6. Арыстан
Ақылды, сабырлы, өзіне деген құрмет пен беделін орынды қолдана алады. Ұйымдастырушылық қабілеті бар. Төреші болуға жаны құмар. Көп сөзден гөрі, тақырыпқа дөп түсетін сөйлемді жазғанды ұнатады.
7. Қоян
Көп сөзі жоқ, үнемі көзге түсіп қалмауға тырысады. Кейде мүлде ештеңе айтпастан (жазбастан) сырттай бақылап отырады.
8. Есек
Аутсайдер. Жазғаны жақсы болғанмен, пікірге келгенде екі адамды арандатып, біріне бірін айдап салушы. Өзіне деген құрметін әркімге соқтығып жоғалтып алған. Тролға ұқсағанмен, ешкімді тірідей жерге тықпайтындығымен ерекшеленеді. Түсініксіз қолданушы, болғанға да, болмағанға да көсеуін сермеп қалады.
9. Қой
Жаңадан тіркелген момақан қолданушылар қойға ұқсайды. Байқұсты түрлі аңдар барынша талайды, тірі қалса, мал боп кетеді. Тірі қалмаса, жан дауысы шығып жатып, мерт болады.
Кімнің кім екенін жіктеп көрейік. Әзілді түсініп, ешкім ренжи қоймас деп ойлаймын.
