Эстафета: Керек маған, мен керекке не бердім
Данияр бауырымыз бастаған эстафета жалғасусыз қалмасын.
Ойланған адамға әлдебір виртуал сайт саған о бастан борышкер емес, сенің оған да берешегің мөрленіп, заңдастырылмаған. Бірақ алынып та, беріліп те жатыр.
2004-2005 жж. бастадым-ау деймін бұл саяхатты. Керек маған өмірлік достарды берді. Сертіне берік, досына адал, позициясына мығым. Мен, өкініштісі, дәл сондай ғып қайтарып бергеніме күмәнім көп. Ол матрица сияқты, қисапсыз элементтерді шыр айналдырып жіберетін. Ұрыстырып табыстыратын, табыстырып қайта қырқыстыратын.
Керек керегінен артық бере алады. Негізі.
Он жыл деген қазақ сайты үшін аз емес. Кәдімгідей меже. Көбірек жасалғаны игі емес пе, жоқ па, оны кейінірек білерміз. Несібесі аз болмағаны шындық, бірақ.
Керекинфоның қазақы форманы әсерілемей, тым қарауытып қоюлатпай, колоритіне шаң жуықтырмағанын қалаймын. Көбіне оқыған, тоқыған жастар көптеп келеді. Берімі аздау жеңіл-желпі әңгіме емес, салмағы мен үйретері көп жазбалар азаймауы керек. Оңласын бауырымыз осы үрдісті жап-жақсы бастап еді бір.
Керек — мектеп. Мектепте тәртіпті боласың ба, жоқ, әлде, қиқар боласың ба — толық өз ықтиярыңда. Еркіңді әзәзілге жыққызып-жыққызбау да. Өз қолыңда.
Лайым, керекинфоның ортасы толып, бақытымыз баянды болсын.
Эстафета таяқшасын VKM қарындасыма берсем деймін.
