Ескі архив · 11.12.2012 18:38

Сұхбат кезегі...

Сауалнаманы Керекинфоның көрікті де, сұлу, ақылды қызы бастаған соң одан әрі сондай көркіне ақылы сай қыздармен жалғастыруды жөн көрдім.Қыздың жолы жіңішке дегендей, жігіттер жағы ренжи қоймас. Бұл сұхбат менікіне қарағанда өте қызықты шықты деп ойлаймын. Сонымен кезек ademi_alem атымен жүретін Зарина Долатайға берілді. Қала: Өскемен Сала: Облыстық «Менің өлкем» газетінің тілшісі — КерекИнфоға қалай келдің? — Aya есімді қолданушы жіберген сілтемеден өтіп, пікір қалдыруым үшін сайтқа тіркелу қажет болды. Тіркелгеннен кейін көзіме түскен жазбалар мен пікірлерді шолып шықтым. Содан «Өлеңдерімнің бірін орналастырып көрсем» деген ой келіп, алғаш Сәби болғым келеді, Қайдасың, Махаббат? деген тақырыптағы екі жазба орналастырдым. satibaldi ағаның «Жақсы, жақсы, жақсы-ей!» деген пікірін оқып «Шыны ма, өтірігі ме? Бұл адам да жақсы пікір қалдыра ала ма?!» деген ойда қалдым. Кейін «Мен жаспын. Мен арақ ішкім келеді.Мен холестерині көп кәуаптың майын ағызып-ағызып жегім келеді. Оның шөлін бауырдың жауы сырамен мейірлене басқым келеді. Туа сала ғаламның бар қайғысын арқалайтындарды түсінбеймін. Бетперде пәлсапашылардан көтім қараятын болды.Түсінесің бе, мен қателескім келеді; мен қатындардың шын мәнінде не меңзеп тұрғанын түсінбей, сүйіктімнен айырылып қалғым келеді; мен біреудің ақшасын жоғалтып алғым келеді, өмір сүргім келеді! Ал Спиноза баяғыда барлғымыз үшін ойлап қойған нәрселерді оқуға зауқым жоқ» деген пікірлерге де көзім үйрене бастады. Сын біреуді қинай түссе, біреуді шыңдай түседі деп ойлаймын. Бұл жерде жазылатын сын-пікірлер мені шыңдай түсті деп ойлаймын. -КерекИнфода не ұнайды, не ұнамайды? -Біріншіден, бұл жерде ұлтты сөзбен емес, іспен жақсы көретін азаматтар жиналған. Оған КерекИнфоның ұйымдастыруымен өткізген әр түрлі шаралар айғақ бола алады. Сол шаралардың бірі Домбыра пати өткенде рухым көтеріліп, көңілім марқайып қалды. «Сөйту керек, бүйту керек» деп құр сөзбен қуырдақ қуырып, іс жүзінде әрекетсіз жүрген жандар көп қой.Бұл теңізге құйылған тамшыдай болса да игі бастама. Екіншіден, бұл жерде сынға шыдайтындары шыдап, шыдамайтындары ысырылып қалып жатады. Яғни, КерекИнфо бәсекеге қабілетті, сынды көтере білетіндер жиналған алаң десем болады. Үшіншіден, бұл жердегі достық, ағалық, бауырлық қарым-қатынастар шынайы өмірде де жалғасын тауып жатады. КерекИнфодан мақсат-тілегі ортақ, ойда жүрген оңды идеяны бірге іске асыруға болатын достар табуға болады. Өмірде көрмесем де, жаныма жақын болып үлгерген, ой бөлісіп, пікір алмасатын адамдар бар осы осында. Ал «КерекИнфодағы мына нәрсе ұнамайды» деп айтатындай көңіліме жақпаған еш нәрсе болмады. Дегенмен, дін төңірегіндегі тақырыптарды талқылау ұнамайды. Дін өте нәзік, өте терең тақырып. «Дін қателеспейді, қателесетін – адам». Сол себепті 4-5 діни кітап оқып, бірнеше хадистен ғана хабары бар адамдардың «негізінде былай», «шын мәнінде олай емес» деп тұжырым жасап жазылған пікірлерді түсінбеймін. Мұсылман адам көп жағдайда мұсылман екенін айтқан сөз емес, еткен әрекетімен дәлелдеу керек шығар… Өзімнің сөзім мен ісім сәйкес емес, діннен хабарым болса да, жасаған амалым аз болғандықтан, дін төңірегінде тақырып жазуға да, пікір қалдыруға да қорқам. Тағы бір ұнамайтыны… )))))) Менің жазбаларыма «Қыртизм!» деген пікір көп қалдырылады. Сол ұнамайды. Мүмкін ойымды жеткізу жолдары, жеткізу формасы, тіпті жалпы жазбалардағы айтқым келген ойымның өзі ұнамайтын шығар кейбіреулерге. Бірақ ол менің сезімім, менің ойым, менің жай-күйім. Менің өмірімде сол шимай-шатпағым болмаса, тынысым тарылатын сияқты. Сондықтан қандай жағымсыз сөздер айтылса да жазылатын жазба жазыла береді… -2012 жыл сен үшін қалай өтті, өз өміріңдегі басты оқиғасы не? -Көктемде Өскеменге қайтып келдім. Жазда оқушылық өмірім мен студенттік кезеңдердің біршама бөлігі өткен Алматыға барып, жүргім келген жолдармен жүріп, сағынып қалған мектебімде болып қайттым. Ал басты оқиғасы… 2011 жылды «өз-өзімді жоғалтып алған жыл деп санасам (Не үшін екенін егжей-тегжейлі түсіндіргім келмейді), 2012 жылды «Өз-өзімді тапқан, өз-өзіме келген жыл» деп санаймын. Өз-өзіме келуіме «КерекИнфоның» да үлесі бар. Бұл жерден мен өз қателіктеріңе кешіріммен қарай білуді, әр оқиғаның сәулелі тұстарын көре білуді және кей кездері өз-өзіңе де күле білу керектігін үйрендім. КерекИнфодағы e_zhalgas атты қолданушының бір жазбасында «Естеліктер туралы сағынуға, ойлауға, қызыға әңгімелеуге болады, бірақ естеліктерге өкінуге болмайды. Естелік – біздің барымыз, оның қандай болғаны маңызды емес» деген ойын кейде іштей қайталап жүрем. Шынымен де, өмірімізде қандай жағдайлар орын алса да біз үшін қайырлысы болсын! Өткенге өкпем жоқ, келер күннен жақсылық күтем. 2012 жылы КерекИнфода қатты ұнаған тақырып? КерекИнфоға 2012 жылдың басында тіркеліппін. Әр қолданушының жазбаларын жеке-жеке, толық оқып шықтым. Оқымаған жазбалардан, оқылған жалбалар көп. Көңілімнен шыққан тақырыптар профильдегі Таңдаулылар бөлімінде тұр.">
Авторы:
madikon

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту