Атеист имам Серік Эдуардұлы: "Жұмысымнан кетпеймін!"
Өткен жұма құтпасында өзінің атеист екенін айтқан Жангелді мешітінің имамы Серік Эдуардұлы облыстағы жаңа дін жанжалының басталуына негіз болған еді. Өз бетімен жұмыстан кетпей отырған имам кеше баспасөз мәслихатын өткізіп, мәселенің мән-жайын түсіндірді.
Серік Эдуардұлы:
— Мен профессионал адаммын. Өз жұмысымды адал атқарудамын. Мен атеистпін бе, емеспін бе ешкімнің басы ауырмауы керек. Бұл да мемлекеттік қызметтің бірі. Мен бірнеше жыл бұл істің білімін алған адаммын. Шетелден білім алып келдім, түрлі курстардан өттім. Бұл мешітке сайланар алдында да сынақтардан өттім. Менің жеке өміріме және көзқарастарыма ешкімнің шаруасы болмау керек деген пікірдемін. Кітаптарда қалай жазылса мен дәл солай жамағатқа намаздарын оқытып келемін, уағыздарым да тек рұқсат етілген әдебиеттерден алынған. Мұны бір жұмыс ретінде қабылдаймын, жұмысымды да профессионалша істеп келемін.
Қарап тұрсаңыз қоғамда көптеген салада келеңсіздіктер бой алуда. Неге солармен айналыспайды, маған тиіскенше? Аттестациялардан пара беріп өтіп жатқандар қаншама? Әскерге бармай-ақ әскери қызметте жүргендер қаншама? Қазақ тілін жақсы меңгермесе де тіл комитетінде отырғандар қаншама? Ойбай-ау, кейбіреулер Ұлттық Құрамада футбол ойнап жүр ғой! Ң әріпін айта алмайтын қаншама жүргізуші бар ТВ, радиоларда? Тіпті журналист атанып жүрген қаншама сауатсыз адам бар елімізде? Міне осылармен айналыссын.
Жұмысымнан өз еркіммен кетпеймін!
Осы сөздермен мәслихатын аяқтаған Серік имам екінді уақытының келіп қалғанын айтып, асығыс мешітке кетіп қалды. Атеист имам туралы Жангелді аулының жергілікті тұрғындарының пікірлерін білген едік:
Жұмағали (41 жас, кәсіпкер):
— Серік баурымызға еш өкпеміз жоқ. Бүгінге дейін еш оғаш қылығын байқамадық. Діни сауатты жігіт. Жамағат риза. Нағыз жұмысына берілген жігіт.
Нұрберген (15 жас, оқушы):
— Серік ағай тек имам ғана емес, ол жақсы ұстаз. Араб тілін және жалпы дінді ол кісідей түсіндіретін ешкім жоқ. Бұрынғы имам дін туралы айтқан кезде қорқытып айтатын, тыңдағымыз келмей қашатынбыз. Ал, қазір Серік ағайдың арқасында мешітке келетін балалар көбейді.
