Автоматтандыруға ыңғайлы латын әліппесі
Түбі латын әліппесіне көшуіміз анық болса қазірден дайындалуымыз қажет. Түрлі нұсқалар ұсынылуда. Мен Kerek News сайтында тұрған өз нұсқамды таныстырсам деймін.
Барлығы 34 әріп. Алдымен ешқандай талас тудырмайтын әріптерді қарайық.
Кирилл мен латындағы бірдей әріптер:
А, Е, І, О, К, М, Т.
Баламасы анық, ешқандай талас тудырмайтын әріптер:
B, D, F, G, H, J, L, N, P, R, S, U, V, Y, Z.
Қазақша дыбыстарға негізделген латынның қосымша әріптері:
Ää — Әә, Ğğ — Ғғ, Iı — Ыы, Ňň — Ңң, Öö — Өө, Qq — Ққ, Üü — Үү, Ww — Ұұ.
Бұл жерде дауысты дыбыстар түрік және басқа еуропа елдерінде қолданылып жүргендей әріптің үсті екі нүктемен белгіленген. Ал, Ғ және Ң әріптерінің үстіне ирек таңба салынған. Мұндай әріптер латын әліппесінің қосымша әріптер қатарында бар. Дыбыстық ұқсастығы бойынша Қ және Ұ дыбыстарына баламасы жақын әріптер берілген.
Құйрықты әріптер:
Çç — Чч, Şş — Шш.
Бір дыбысты 2 әріппен белгілеуге қарсымын. Барынша ықшам және бірге бір болғаны дұрыс әліппеміз. Сондықтан бұл дыбыстар үшін латын әліппесінің қосымшасында бар құйрықты әріптер таңдалды.
Нейтрал әріптер:
С, Х.
Шетелдік сөздерді жазу үшін қолданылады.
Жойылатын әріптер:
Ц, Щ, Ъ, Ь, һ, Э, Ю, Я.
Ъ, Ь белгілері бізде тек орысша немесе шетелдік сөздердің орысша жазылуынан бізге келген сөздерде ғана қолданылады. Ал, негізінде қазақ тілінде де сөздердің жіңішкертіліп айтылатын кездері бар. Бірақ, біздің орфографияда ол белгілер қойылмайды. Мысалы ЕЛ, БЕС сөздерін алдымен орысша, сосын қазақша оқып көріңіз. Айырмашылықты көресіз. Ц әрпін керек кезде ТС арқылы немесе С әрпі арқылы белгілеуге болады. Щ қазақ тілінде тек 3 сөзде ғана қолданылады: ащы, тұщы, кеще. Бұл сөздерді қос Ш-мен де жазуға болады. Э дыбысын Е арқылы жазуға болады. Ал, Я, Ю дыбыстарын YA, YU деп Й арқылы жазуға болады.
Талас тудыратын әріп:
И — İ.
Ахмет Байтұрсыновтың әліппесінде И жоқ. Ый, Ій бар. Яғни И-дің алдында І немесе Ы келеді. Бұл жағын тіл мамандары шешеді, орфографияны солар белгілейді. Менің ұсынарым И әрпін де І сияқты İ белгісімен белгілеу.
Латын әліппесі бізге не береді?
Компьютерлік тұрғыдан ойлайтын болсақ, бұрыннан келе жатқан шрифт мәселесі шешіледі. Қазір интернетте қолданылатын қазақша шрифт аз: Times New Roman, Tahoma, Arial. Дизайнерлік бағдарламаларда да қазақша әдемі шрифттер аз. Латынға көшсек бұл мәселе бірден шешіледі. Тек кириллицадан Ә сияқты әріптерді ертіп келмей, латынның өзіндегі және қосымша әріптерді қолдану керек.
Латынға қарсылардың көп айтатын нәрселерінің бірі: бұрынғы кітаптарды келешек ұрпақ оқи алмай қалады.
Бұрынғы кітаптарды қазіргі ұрпақ та оқып жатқан жоқ. Өйткені бұрынғы кітаптарды баспаханалар жаңадан шығарып жатыр және электронды нұсқалары шығуда. Ал, латынға көшетін болсақ бұл процесс әлдеқайда оңай болмақ. Кириллицадағы мәтінді бір кликпен латынға аударуға болады. Электронды кітаптарды тез көбейтуге болады. Яғни, кітап мәселесі ешқашан мәселе болмайды.
Латынға көшудің басты қасиеті — Орыстықтан, орысша ойлаудан құтылу.
Бірнеше жыл шетелде тұрған адам ретінде айтайын, күнделікті тұрмыстағы жазу адам ойына да әсер етеді. Латын арқылы біздің сыртқы әлеммен қатынасымыз ешқандай арамыздағы көпір орысшасыз бірден басталады. Бізде қазір барлық нәрсе орыс тілі арқылы. Шетелдік географиялық атау, адам аттары, терминдер, барлығы орысша ой арқылы келеді. Мысалы Партугалия емес Португалия, Галливуд емес Холливуд, Гитлер емес Хитлер.
Тіл мәселесін шешетін бірден бір құрал осы латын әліппесі болмақ. Ең болмаса тіліміз тәуелсіз болады, өз орфографиясымен…
Аршат Оразов
