Ескі архив · 04.02.2013 17:11

Интернетпен қашан таныстыңыз?

Мектепке алғаш барған кезімізді, алғашқы ұстазымызды еске алғандай интернетке қалай келгенімізді де еске ала отырайық. Қандай сайттар алғашқы сайттарыңыз еді? Қандай бағдарламаларды көп қолданатын едіңіз? Менің интернетпен таныстығым 1997 жылы басталды. Анкара қаласында оқитын нағашыма қонаққа барған едім. Университеттеріндегі интернетке алып барды. Алғашқы көрсеткен сайты Караван газетінің сайты www.caravan.kz еді. Алғашқы қазақстандық сайттардың бірі сол сайт болған сияқты. Кейін өзіме барғасын асықпай қараймын деп http:// деп басталатын жерінен бастап бір қағазға жазып алған едім. Осылайша интернеттің не екенін түсіне бастадым. 1998 жылдың басында алғаш рет өз бетіммен ақпарат іздеп тауып көрдім. Yahoo-дың спорт бөліміне кіріп, Қысқы Олимпиада нәтижелерін қарадым. Қазақстан шаңғыдан 17-ші ма сондай бір орын алған екен. Кейін сол Yahoo-дан өзім arshat@yahoo.com поштасын ашып алдым. Мен үшін үлкен жетістік еді. Ешкімнен сұрамай өз бетіммен тіркеліп алғаным. Ол кезде жұрт көбінесе Yahoo қолданатын. Бір күні олар Yahoo мессенджер шығарды! Керемет жаңалық еді. Бұрын mirc чат қолданып жүрген біз үшін бұл шынымен мықты жаңалық болды. Mirc туралы да айта кетейін. Чаттың атасы осы mirc еді. #almaty деген каналда бәріміз Әсел деген қызды іздейтінбіз. Кириллица бізде болмағасын латынмен жазасыңдар деп бізді жақтырмайтын еді қазақстандық қолданушылар. Небір кездесулеріміз өтті осы чатта. Алдын ала уақыт белгілеп, интернет-кафелерге жүгіретін едік чат үшін. Ол кезде ұялы телефон жоқ, интернетке біраз ақшамыз кетті. Қазіргідей әлеуметтік желілер жоқ, пошта арқылы өтетін барлық әңгімелеріміз. Небір приколдар, видеолар поштаға келетін. Қыздардың суреттерін де пошта арқылы алатынбыз. Бір суреттің өзі ұзақ жүктеледі, соны ашып қойып күтіп отыратын едік. Сурет енгізу де оңай емес, сканер іздеп жүретінбіз. Туған күндерде немесе былайғы күндерде қыздарға открытка жіберетін едік. Басында қарапайым қызмет еді, кейін неше түрлі функция қосты олар. Оқып, оқымағаны туралы хабарлама келетін еді. Музыка қоса алатын едік. Yahoo-мен қатар MSN мессенджер және ICQ қолданушы еді жұрт. Кейін Google келді, Mail.ru келді. Бәрін құртты… Нағыз романтика еді сол кездер. Қазір ше? Қазір интернетте қандай романтика?
Авторы:
arshatoraz

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту