Джордан Корольдігі туралы қызықтар немесе сапардан естелік
Алған әсерлер шексіз десем артық айтпаған болармын. Мүлдем басқа мәдениет, мүлдем басқа менталитет… Амман деген астаналарына келдім, 4-5 қаласында болдым.
Танысу
Үйге кірсем, бәрі қаздай тізіліп, орындарынан тұрып қарсы алды. Баттасып боянған және ірі денелі болғандықтан ба, қара хиджабта кексе тартқан 3-4 әйел-ау деп ойлағаным жас қыздар болып шықты. Мамасын солардың ең үлкен әпкесі деп ойлаппын. Сонымен, аттарын айтып, біздегі Шымкенттің қыз-әйелдерінің амандасуы сияқты қолдарын беріп амандасып, танысып болдық. «Жасмин» дегеннің «Ясмин» деп өзгертілгені болғандықтан содан басқа бірде-бір ат есімде қалсашы. ))) Сол және тағы басқа қосылған аттарды бірнеше күн бойы «анандай киген қыз, мынандай істеген ұл» деп, шартты бірдеңелермен ұқсастырып айтып жүріп, жаттап, үйрендім-ау, әйтеуір. Қыз-келіншектердің аттары: Абрар, Тамадор (біразға дейін «Тамагор» деп жүрдім)))), Мәляк (оны «Мелек» деп), Ду'әa, Баә'на, Эфнәа'қ, Зеена, Ясмин, Әридж, Сузанна, Ханейн… Ер адамдардың аттары: Омар, Махер, Әнас, Шәди, Тарик…
Иорданияда монғолоидтық түрлер сирек кездеседі, яғни, келушілер аз. Содан көшеде бәәәәрі саған тесіліп қарайды және «Хай!», «Халло!», «Уэлкам ту Джордан!», «Ар ю Кореан?», «Ар ю Малейжан?» деген сияқтыларды айтып ер адамдары айқайлайды. Бұл өзі бір қызық сезім болды: біздің елде жүрген африка, афро-американдықтардың күйін бір жақсылап түсінгендей болдым...))
Той жасау ерекшеліктері
Қыз ұзатыларда қыз-келіншек, бала-шағаларды шақырып, арнайы пати жасайды екен. «Девишник» сияқты. Ол патида ер адамдар БОЛМАЙДЫ. Ислам дініндегі жас қыз-келіншектер сыртынан киіп келген хиджаб, плащтарын шешіп, мини юбка, ашық декольте, қысқа жеңді біздің патилардағы сияқты киімдермен қалады. (Мен де қызық көріп хиджаб киіп бардым. ))) Ол хиджабымды қайтарда қалыңдық киіп қайтты.))) Шаш үлгісі деген енді бастарында айқайлап тұрады, макияж дегені — көздің жанына қап-қара бояумен сурет салынады. Қалыңдық сол патида патилық киімін 3 рет ауыстырып киді. 90-дарға келіп қалған бәйбіше-әжесі де келіп (бұлар бәйбіше-әжеден тарайды, ал тоқал-әжесі келе алмады), сол жерде алдыңғы қатарда отырды.))) Жас айырмашылық жоқ, жасы-кәрісі — келе алғанының барлығы келді…
Ұлттық аспаптары — барабанда өздері ойнап, айқайлап өлең айтып, айналып жүріп билейді. Оларын африкандықтардың дәстүріне ұқсаттым. ))) Барабан тартқаннан қолдары ауырып қалған қыздар басқаларына беріп, ауысып-ауысып тартып отырды.
Тойға келген қонақтар соған қоса, араб, Египет музыкасын, әндерін қосып, Шығыс биін, арасында белли-данс билейді (кәсіби емес). 1-2 рет ГАНГНАМ СТАЙЛДЫ қосып биледі.)))
Ұзатылатын қыз төрде тақ сияқты қойылған орындыққа отырып, анда-санда демалып алады. )) Ал қонақтар қатар, ретпен қойылған орындықтарда концерт көруге келгендей қаз-қатар тізіліп отырады (Алматыдағы Жастар театрының орындықтарын елестетті))). Еееееең бір қызығы, ол жерде тамақ берілмейді, стол қойылмайды. ))) Мені қатты таң қалдырған нәрселердің бірі болды бұл. Бар болғаны күйеу-бала жақтан келген әйел-туыстар табаққа салып алып келген тәттілерді, түтігі бар кішкентай тетрапактағы тәтті сусындарды таратады. Болды.))
Бір кезде қайдан екені белгісіз, темекі түтінінің иісі шыға бастады. Кейбір әйел адамдар даладан тартып кірген екен ғой деп ойлап, жан-жағыма қарасам, бір орта жастағы хиджаб киген әйелдер баласын алдына алып отырып, темекіні тартып отыр. Бұл мені таң қалдырған келесі көрініс болды…
Айтпақшы, түріктердің ұлттық биіне ұқсайтын, айналып секіріп жүріп билейтін Иордан биі де бар екен. Оны да биледіК. ))) Қызық бірақ тактілері. )))
Бала-шаға біздегі сияқты жүгіріп ойнап, асыр салды…
Енді тойдың өзіне келейік. Алдымен қыздың барлық туыстары қыздың үйіне жиналады. Содан, әлгі айтқан барабандарын соғып, айналып билеп,өлеңдерін барабанның аккомпонементімен айтып, тойларын үйде бастайды. Үйдің қонақ залы адамға толып кетсе де, күйеужігіттің туыстары қосылып, барабандатып билеп, ән айтады. Бұл тек әйелдер ғана. Дәл осы кезде ерлер есіктің алдындағы аулаға жиналып, құттықтап жатады. Содан кейін барлығы көлік-көліктерге отырып, қаланы дабылдатып, той залына бет алды. Қонақтардың жалпы жиыны 400-дей болды…
Той залы 5-інші қабатта екен. Есіктің алдына жиналған жұртты кернейлетіп-сырнайлатып, суретке-видикке түсіріп, жалданған персонал қарсы алды. Сол жерде еркектер билеп, күйеу-жігітті бастарына көтеріп алды. Бұл 20-25 минутқа созылды. Содан соң бәрі ішке лап қойды: бірі лифтпен, бірі баспалдақпен кезекке тұрып, көтеріліп жатты…
Залдағы той бәрі тура патиды айтып кеткен секілді, бірақ бұл жерде біздегі кейбір кафелердегі сияқты 3-4 персоналық дөңгелек столдар, төрде қыз бен жігітке арналған жұмсақ диван тұрады. Тағы бір қызығы, ерлер бөлек, әйелдер бөлек той жүргізеді екен.)) Бұл залдағы қонаққа қызмет көрсетушілер филиппин қыздар болды. Ерлер залында кім қызмет көрсеткенін, олар қалай тойлағанын білмеймін — маған ол жаққа өтуге рұқсат болған жоқ… ))
Той жас жұбайлардың биі, торт кесу, дөңгелетіп алып келген столдың үстіндегі табақ толы алтынды (алқа, білезік, сақина, сырға — күйеу-жігіттің қалыңдыққа сыйлығы) күйеу-жігіттің қалыңдыққа тағуымен ерекшеленді. Тура патидағыдай, 1-2 рет «Гангнам стайлды» қосып, қалғаны шығыс билерін ерінбеген жұрт биледі. Бұл жерде ешкім хиджабын шешкен жоқ. Бірақ қалыңдық ақ той көйлегінде болды. Күйеу-жігіт қажетіне қарай біресе еркектердің залында, біресе әйелдердің залында жүрді. )) Ең соңында, қалыңдықтың еркек туыстары кіріп, кезекке тұрып, жас жұбайларды құттықтап, маған түсіндіргендей, оларға «ақыл-кеңестерін айтып», фотоға түсіп, кетіп жатты. Сол ер адамдар кірердің алдында қалыңдыққа ақ хиджаб кигізіп, басын жапты. Той біткен соң, қалыңдықты күйеу-жігіттің үйіне апарып, ерлер жеке бөлмеде келіссөздер жүргізді. Біз қыздар жағы басқа бөлмеде оларды күтіп отырдық. Жалпы, 2-нші қабатты соларға беріпті: жатын бөлме, қонақ бөлме, жуынатын кабинасымен жуынатын бөлме, тамақ әзірлеп, тамақ ішетін бөлмелерін аралап шықтық. Бәрі қазіргі заманға сай жабдықталған, жиһаздары замануи екен...)))
Айтпақшы, тойларында ешкім тост айтпайды. ))) Біздегі тойларда тамақ жейтін едім деп айта алмаймын, бірақ столда алдыңда ас тұрмаған қызық болады екен. Тойды неге тамақсыз жасайды дегенге алған жауабым, егер тамақпен жасаса, ол жақтағы қымбатшылыққа байланысты, барлық шығындарының көлемі 50 мың АҚШ долларынан асып кететін көрінеді…
Пати да, той да кешкі 8-ден түнгі 11-ге дейін жалғасты.
Басқа қызықтар
Фотоға және видикқа кей жерлерде түсіртпеді...((
Амандасқандары мен қоштасқандары қызық: 1 рет оң жақ беттен, 3 рет қатарынан, 2 реттен кейін паузамен, сол жақ беттен сүйеді. ))) Иорданияда ғимараттарды Сауд Аравиясындағы сияқты ақ тастан ғана салуға рұқсат береді. Сары, бәрі бірдей салынған үйлер, ғимараттар. Басқа құрылыс материалдары тым аз. Түркменстан сияқты, бұнда да Опера және балет театры жоқ.))) Үйлері 2 қабатты, баспалдақтары мәрмәрдан салынады. Орталық жылыту жүйесі тым қымбат болғандықтан, орта және кедей тап өкілдерінің үйлерінде ол жоқ, сәйкесінше үйлері сондай суық. Қатееееп қалдым. ))) Темпераменттері жоғары халық: музыкасы да өздерінің темпераменттеріне ұқсайды, айқыш-ұйқыш болып көшелері де.))) Барлық жерде темекі тартады: үйде, офиста, супермаркетте, үлкен моллдарда (сауда орталықтарында). Мысалы, саяхат агенттігіне кірдік. Клиент темекі шегіп отырып, сөйлесіп отыр. Темекісінің тұқылын өсіп тұрған үй өсімдігінің астына тастай салды. Ол жерде басқа да темекі тұқылдары жатыр. Офистің ішіне сіңіп қалған темекінің иісіне шыдай алмай, сатылар жаққа қарай шығып кеттім… Соған қарамастан дәретханалары тап-таза, барлығында дәрет алатын шлангтері бар. Жасы бар, кәрісі бар, кальян тартуға құмар екен. (Осы темекі мен кальянды түсінбедім: исламда «кумарить» ететіннің бәрі харам саналса, бұлар неге джайыз саналады?...). Кальян тартатын «кафе-шоптар» әр аттаған сайын кездеседі. Көбі Қазақстан туралы ештеңе білмейді…
100 АҚШ доллары 70 Иордания динарына тең. Бензин 1,5 АҚШ доллары тұрады. Екітілді ел: араб және ағылшын. Ағылшынша жақсы біледі деп айта алмаймын, бірақ бір жанұяда 1 адам сөйлей алуы мүмкін. ТВ арналары аралас, біразы араб, біразы ағылшын тілінде. Өзара арабша сөйлеп кеткен кезде, біздегі шетелдіктердің жайын түсінгендей болдым: түсінбей ауыздарына қарап отырасың… ))) Елде қауіпсіз болғанмен, ешкім мені көшеге жалғыз жібермеді. Сол үшін еркіндікті сезіне алмадым. Маған түсіндіргендері бойынша, бұл шетелдік қыз бала ретінде маған қауіпті екен.
Қыздары мен әйелдері еркін. Келіндерін қыздарындай еркін ұстайды: үйде не істесе де өзі біледі және келін барлық қайындарының көзінше күйеуіне қарсы шығып, ұрсысып отыра беруі қалыпты жағдай. Қыздар жағы ұлдар жоқта қатты еркінсиді: онысын «девишниктен» бастап көрдім — қатты шулап, қалжыңдасып, арасында жаман сөздер де қосып дегендей, айқайлап күліп… солайша басқа біраз сөздермен қатар, арабша бір ұятсыз фраза үйрендім )))
Бәйбіше мен тоқалдан тарағандықтан, туыстары сондай көп. Кейбірі Джераш деген көрші қалада тұрады екен. Сол туыстарын аралаймыз деп кедей туыстарының кедейлер тұратын кварталына да бардық. Сол кезде тоқал-әженікіне де соқтық. Тоқал-әже бір аспаз ұлының жанұясымен жұпыны тұрады екен. Жас кезінде әдемі болғаны білініп тұр: әппақ, тіп-тік денелі ақ жаулықты әже екен. Көзін тіктеп маған да бір таң қалып қарап қойып отырды. Үйі қисық-мисық, қалай болса солай салынған, іші ескі заттармен, жиһазбен көмкерілген бір үй екен. Үйден ескі иіс шығып тұрды. Радиодан арабша сөйлеп жатты. Мен бір құдды соғыс кезіндегі бір үйде отырғандай сезіндім өзімді. )) Жұпыны киінген келіні минт қосылған шәй алып келіп таратты (айтпақшы, шай араб тілінде де шай екен). Әй бір он шақты үйге кіріп шыққан шығармыз. Кейін сол қаладағы бәйбіше-әженікіне қайтып оралдық. Ол кісі де біздегі апалар сияқты мені ширақ кезімде ал, бейнетімді ұл-қыздарыма көрсетпе деген тілеумен отыр екен. ))) Қазіргі жастар тоқал алмайды екен, алғысы да келмейді екен: басты себеп, тоқал алу қымбат тұрады...
